Аймақтар • 06 Мамыр, 2017

Қаракөл қойының терісі Италияға экспортталады

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында қаракөл қой тұқымын көбейту жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуда, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қаракөл қойының терісі Италияға экспортталады

Жергілікті шаруалар қаракөл қойынан келер табыстың мол болатынын айтуда. Негізінен қаракөл шаруашылығын шөл және шөлейітті аймақтарда көбейтіп, дамыту қолайлы болып келеді. Сол себепті Арыс ауданының Байырқұм ауылдық округіндегі «Байырқұм-Агро» шаруашылығы қаракөл өсіруді қолға алып, оның санын көбейтуді жоспарлап отыр. 
Жайылымдық жері 4900 га құрайтын шаруашылықта бүгінде 2000 бас қаракөл тұқымы өсірілсе, жыл соңына дейін 20 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде құнды болып есептелетін қаракөлдің терісін Италия еліне экспорттау үшін келісім шарт жасалған. Бұл қойдың терісі нарықта 100 АҚШ долларына бағаланып отыр. 
Сондай-ақ қарапайым қойлар 3-4 шақырым жерге жайылса, қаракөл тәулігіне 10-15 шақырымға дейінгі қашықтықта жайыла алады. Судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуын жақсы көтереді. 
«Байырқұм-Агро» шаруашылығында 5 бірлік МТЗ-80 тракторы мен 3 автокөлік бар. Қаракөл қойын дамыту үшін шаруашылық мемлекеттен 35 млн теңге субсидия алған. 
Сонымен қатар, Созақ ауданындағы «Құмкент» және «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативi де осы қаракөл қойын өсiрумен айналысып келеді. Олар өткен жылы қаракөл тоқтысын Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортқа шығарып, тиiмдi бағада сатты. Шетелдiктердiң қой алудағы талаптарынан шыққан кооператив тағы да бiрқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлауда. 

Соңғы жаңалықтар