09 Маусым, 2011

Балаларымызды жалғызсыратпайық…

539 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Үштөбелік 15 жасар Назгүл ат­ты оқушы қыз улы дәрінің 80 данасын ішіп, өз жанын өзі қиды дегенді естігенде жағамызды ұс­тадық. Ата-анасына бір жапырақ қана хат қалдырыпты: «Мен жоқ болсам, сендерге жақсы болады». Не айтпақ болғанын ұғынып кө­ріңіз. Кәсіпкер әке-шешесі бар мұқтажын қамтамасыз етіп от­ыр­ған. Әжесі де аялап баққан. Оқу үлгерімі де жақсы екен. Өзі­не қол жұмсайтындай қара ба­сында қай­ғы жоқ. Он екіде бір гүлі аш­ыл­маған уыздай жас қыз­дың өлімі сөйтіп жұмбақ күйінде қалды. Өзіне-өзі қол жұмсау тек біздің елімізде ғана емес, қазір бұл құбылыс әлемнің қай түк­пі­рінде болса да кездеседі. Баспа­сөз­дің мәліметі бойынша, дүние­жүзінде жыл сайын тоғыз жүз мыңға жуық адам өз еркімен өм­ір­мен қош айтысатын көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы елу жылда әлемде өз-өзіне қол салғандар саны бір жарым есе артқанын хабарлады. Статистикалық мәлімет Алматы облысында жыл басынан бергі тоғыз айдың ішінде 331 адам өзіне қол жұмсау арқылы өмір­ден кеткенін көрсетті. Мен мұндай сұмдық әрекет өз елімізде жаппай өрістеді деп айта алмаймын. Бірақ сирек те болса әр жерде де кездесіп жүргені рас. Ең өкініштісі, өзіне қол жұмсайтындар көбінесе жасөспі­рімдер, тепсе темір үзетін жас жігіттер мен бойжеткен қыздар. Біздің елді мекенде бірде-бір зейнеткер өзіне қол салған емес. Ауыр сырқаттанғандар да ажалмен арпалысып, күресіп, емделіп, тіршіліктен үмітін үзбейді. Ал бесіктен белі шықпаған оқу­шыларға не жоқ? Олардың бар қызығы алда емес пе? Оларға қа­лайша өлім тәтті көрінді. Өмір­дің құны қалайша түкке тұрғы­сыз болып қалды? Сұрақ көп. Ал жауап жоқ. Оны дүниежүзінің ғалымдары да таба алмай жатыр. Сондай томаға-тұйық сәтте­рін­де жаннан безінгендердің қа­сынан ешкімнің табылмауы, ажал идеясының бетін қайта­ра­тын қуатты күштің болмауы өкі­нішті-ақ. Қазіргі Алматы облысы Талғар ауданы, Тұздыбастау елді мекенінде болған оқиға кездей­соқ емес. Суицид әлемдік мәсе­леге айналмаса, Дүниежүзінің денсаулық ұйымы әлем елдерін өз-өзіне қол салудың алдын-алу бағдарламасын жасауға шақыр­мас еді. Қаншалықты ауыр болса да, ақиқатты мойындамасқа амал жоқ. Суицидке барған жасөс­пі­рімдер өмірмен оңай қошта­су­дың сан түрлі тәсілін ойлап тауып жатыр. Естігенде тө­бе шашыңыз тік тұрады. Біздің ауданда уыздай жап-жас оқушы қыз бір құты улы дәрі ішсе, одан кейінгі екі қыздың оқиғасы мүлде сұмдық. Екеуі бірер күн жоғалып кетеді. Анасы Тал­дықорғаннан іздеп тауып, «Газельмен» үйлеріне қай­тып келе жатпай ма? Жолай қыздарына ұрысқан да си­яқты. «Үйге барған соң көресіні көрсетемін» деді ме екен? Кенет тас жолда зулап келе жатқан «Газельдің» есігін ашып, қыздың бірі, сонан соң екіншісі, оларды құтқармаққа талпынып анасы жол жағасына қарғиды. Осының бәрі бірер минутта болғандықтан, жүргізуші көлікті тез тоқтата алмайды. Ал­ғашқы қарғыған қыз өліп, қал­ғандары түрлі жарақаттар алып емханаға түсіпті. Суицидқа барғандардың жан қиюдың тәсілін таңдауы да қы­зық. Ағаш бұтағына, жылу тру­басына асылып, моншаға, мал қорасына барып, автобустан қар­ғып оп-оңай-ақ кете береді. Тіпті не ойларыңды білмейсің. Оларда алға сүйрейтін арман болмағаны ма дейсің. Әлде бүгінгі ұрпақ болмашы қиындыққа төзуге де қабілетсіз болып жаралған ба? Бұл сұмдықты тыя алатын құ­діретті күш бар ма? Бар. Соған алдыңғы толқын апалар өмі­рі­нен, өзім естіген бір жайттан мөлтек мысал келтірейік.  – Тоқсаныншы жылдарда үй-ішіміз жұмыссыз қалды. Бір өн­дірістің бастығы болған жұбай­ым екі қолға ермек таппай, үй­күшікке айналды. Ашықпас үшін мен вокзалға тамақ жасап, сатуға шықтым. Бау-бақтан жинап, алма саттым. Оған намыстанған жол­дасым ішкілікке салынды. Шаршап-шалдыққан мені ұрып-соғып, таң атқанша ұрыс-жанжал шығарып, өшін менен алатын. Ба­лалар жас, ара түсе алмады. Мен де ет пен сүйектен жаралған пенде емеспін бе? Бір күні өмірден түңіле бастадым. Тапқан-таян­ға­нымды жантайып ішіп жатқан отағасыға ренжіп, өмірден озбақ­қа бекіндім. Сізге өтірік, маған шын, сол ой қуаныш сыйлады маған. Азаптан құ­ты­латыныма шаттандым. Бір күні түн ауған шақта балаларымның беттерінен сүйіп, ашық сарай­да­ғы әткеншекке барып, ай-жұл­дыз­бен, жарық дүниемен қошта­сып, мойныма арқан салып, ая­ғымның астындағы орындықты тебе бермек болғанда екінші ұл­ымның шыңғырған дауысы құ­лағыма шалынды. – Тәте, бізді жетім қалдырмақ болсаңыз, неге тудыңыз? – деп айқай салған дауысты естіген бо­луы керек, іле үлкен ұлым, көзі қанталаған күйеуім шықты. Шы­рылдаған үш перзентімді көр­ген­де мойнымдағы арқанды жұлып тастадым. Ана ретіндегі жауапкершілігімді ұмытыппын ғой, – дейді орта жастағы кәсіпкер ана Нұржамал. Оның ала дорбасын арқалап жүріп байығанын білетін едім. «Сөз – бас жарады, бас жармаса – тас жарады» деген осы. Сөз құдіреті ажалдан да құт­қа­ра­ды екен. Осы тәсілді тұрмыс ая­сында ұстанған жөн. Отбасында «дик­та­торға» айналмай, баламен жасы­нан-ақ сыйлас қана емес, дос, мұңдас болған тиімді болар. «Қы­лышынан қан тамған» қатал ата-анасынан қорқатын бала олар­ға сыр ашудан сескенеді де, рухани жалғыздыққа душар бо­лады. Ты­ғырыққа тіреліп, тұйық шеңбер­ден жол таба алмаған соң жан азабынан құтылудың бірден-бір жолы деп өзіне өзі қол салуы әбден мүмкін. Қасқыр пиғылды нарықтың адамдарды бір-бірінен жатырқатып, рухани байланысын үзіп, өз қайғысымен өзі қалатын жалғыздыққа ұшыратып жатқа­ны жасырын емес қой. Ендеше, компьютер де, ұялы телефон да, бейнекамера да, фотоаппарат та, му­зы­калық орталық та адаммен тікелей достық қарым-қатынасты ал­мастыра алмайды. Адамдар бір-бірімен жүздескенде, сырлас­қанда қуат алмасатынын да ұм­ыт­пайық. Бұл да жан азығын табиғи жолмен байытудың бір амалы. Мен айтып отырған жағ­дайдың (жалғыздықтың) азабын жеңіл­де­т­у үшін шетелде арнайы психолог-мамандар жұмыс істейді. Біз­дің мектептерімізде де мұндай мамандар сабақ та береді. Биыл Сара Назарбаеваның бастама­сы­мен өзін-өзі тану пәні оқытыла бастады. Өкінішке ор­ай, емханаларда осындай мәселе­н­ің алдын алатын психолог-дә­рігерлер жоқ. Ешкімге сыр шаш­пайтын өзгенің жан азабын же­ңілдететін мұндай мамандар қа­жеттілігі туындап отыр. Бұл армандар да өз кезегімен орын­да­лар. Ал әзірше барша ата-анаға айтарым: сіздерден ата-аналық парыз бен жауапкершілікті ешкім де тартып ала алмайды. Ондай міндеттен азатпын деп те ойламаңыздар. Балаларыңызбен, тіпті ересек ұл-қыздарыңызбен де сырлас болыңыздар. Бұл дос­тық өмір бойы жалғасын тапса, нұр үстіне нұр жауады. Ең бас­ты­сы, санаға қатігездікті наси­хат­тайтын шабуыл жасалып жат­қанда, ба­лаларға өмірдің құнды­лығы жай­лы саумалдап сыр шертілсін. Ол мынау адамды жара­татын Алла, жан беретін де Алла, сол жанды алатын да Алла. Құдайдың құ­зырына қол сұғуға болмайды. Қи­ындық та Алланың сынағы. Өзіне қол салғандарға қазақ жа­наза шығармаған, жалпы қо­рым­ға жерлеуге рұқсат етілмеген. Бұл салт-дәстүр әлі сақта­лып келеді. Ондай жандарға о дүниенің қақпасы да ашылмайды деп баспасөз, теледидар арқылы үгіт-насихат жүргізудің мәні зор. Осыны жастардың санасына құйып, орнықтырсақ, суицидке ешкім бармас еді. Өлім тәтті көрінгенде ата-анасы баласының қасынан табылса, сөз қуатымен ажалды да аластауға болатынын өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Суицидтен сақ болыңыздар! Мәкен ӨСЕРБАЕВА. Алматы облысы, Үштөбе қаласы.