Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының тоғызыншы отырысы болып өтті. Халықаралық беделді ұйымның құрылғанына он жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиынның жұмысына алты елдің (Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қадағалау органдарының басшылары қатысты.
Форумның күн тәртібіне терроризм мен экстремизмді қаржыландыру көздерінің бірі – есірткі заттары мен қару-жарақтың контрабандасына, адам саудасына қарсы әрекет ету сияқты өзекті мәселелер қойылып, кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған кірістерді өз мемлекетіне қайтару бойынша бірлескен әрекеттер туралы да сөз болды.
Халықаралық деңгейдегі басқосуды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас прокурорлары арасында өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастық байланыстар уақыт өткен сайын жетіле түскендігін атап айтты. Шын мәнісінде де оған нақты фактілер, деректер жеткілікті. Мәселен, Бас прокурордың пікірінше, өткен жылы және биылғы жылдың төрт айында Қазақстан ШЫҰ елдеріне 135 қылмыскерді ұстап берген. Ал олардың арасында 21 адам терроризм, есірткі бизнесі және адам саудасымен айналысқаны үшін айыпталған.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деп халық даналығында айтылғанындай, қай салада болмасын бірлесіп атқарылған істің нәтижелі болатындығы айдай ақиқат. Мұндай маңызды мәселе, әсіресе, қылмыстық іс-әрекеттерге қатысты болса, ондағы талап та, жауапкершілік те арта түспек. Жасыратыны жоқ, Орталық Азия елдері қазіргі кезеңдегі қауіп-қатерлермен күрестің алдыңғы шебінде, сондықтан да жиынға қатысушы қадағалау органдары басшыларының осы күрделілік төңірегінде тәжірибе алмасуының қажеттілігі мол. Қырғызстанның қылмыстық кодексіне есірткіні сақтау мен таратудың алдын алу және бұл бағыттағы жауапкершілікті күшейту туралы қосымша баптың енгізілуінің маңызы зор болды. Соның нәтижесінде өткен жылы сегіз тоннадан астам есірткі тәркіленіп, есірткі тасымалына қатысты 1400-ге жуық іс сотқа жолданған.
Тәжікстан құқық қорғау органдары бұл бағыттағы ауқымды операцияларды ресейлік және ауғандық арнаулы қызмет органдарымен бірлесіп атқаруда. Сала басшыларының пікірінше, «есірткі тасымалына және өзге де қылмыстық әрекеттер жөнінде тұрғындар арасында түсініктемелік әңгімелер жүргізудің берері мол». Бүкіләлемдік деңгейдегі алапат қауіп-қатерге айналып отырған – терроризм, сепаратизм және экстремизмнің әрбір мемлекеттің саясатына, экономикасы мен тұрақтылығына да айтарлықтай зиян шектіретінін Қытай Халық Республикасы Жоғарғы халықтық прокуратурасы бас прокурорының орынбасары Кэ Ханьмин баяндады. Мұның барлығы халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен, есірткі контрабандасымен, сондай-ақ қару-жарақпен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Қытайда, сонымен қатар, адам саудасымен, трансұлттық қылмыспен күрес көбейе түскен. Оны мұнда соңғы жылдардағы әйелдер мен балалар саудасына қатысты екі мыңнан астам адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны көрсетеді.
Қылмыстық жолмен алынған кірісті өз еліне қайтару бағытындағы бірлескен міндеттердің шешімін іздеу – халықаралық форумның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Оның өзіндік себептері де мол. Өйткені, заңсыз кірістерге қарсы әрекет тиімділігін арттыру тетіктерін енгізу, сонымен қатар, заңсыз активтерді қайтару бағытындағы ықпалды шара қылмысқа тосқауыл қоя алады.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев қылмыстық кірістерге байланысты шетелдік әріптестердің сауалдарына нақты мысалдармен жауап берді.
Сонымен трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, экстремизмге, есірткі бизнесіне және адам саудасына байланысты қылмыстық істер бойынша ұстап беру және құқықтық көмек көрсету мәселелері өздерінің одан әрі дамуына бағыт алды және бас прокурорлар бұл мәселелерді басымдық сипатқа ие талқылауларда қарауға шарт жасасты. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді өз еліне қайтару мәселелерін шешуде кеңеске қатысушылар мүдделілік танытты. Кірістерді жылыстатуға қарсы әрекет ету, сондай-ақ заңсыз активтерді қайтарудың келісілген рәсімдерінің тиімді құралдарын енгізу заңсыз қаржылық тасқындарды тоқтатуда пәрменді құрал бола алатындығы да атап өтілді.
Халықаралық форум қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте өзара ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі хаттамаға қол қойды.
Бақыт БАЛҒАРИНА.