10 Маусым, 2011

Бизнеске берілетін кеңес

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елімізде кәсіпкерлердің жағдайын күйттейтін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырыла бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде жаңа бизнес бастамалар, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспорттық өндірісті қолдау тәрізді үш бағыт бойынша субсидиялауға жалпы құны 150 450,049 млн. теңге болатын 360 жоба мақұлданды. Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы өміршеңдігі мен өзектілігіне өткен жылғы талдау бойынша 33 мың жұмыс орнының сақталғаны мен 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылғаны дәлел бола алады. Жақында бағдарламаға тегін кеңестік көмек көрсететін  «Кәсiпкерлiк әлеуетін күшейту» атты жаңа төртiншi бағыт қосылды.  Жаңа бағыттың ерекшелігі мен іске асыру барысы туралы Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат ҚҰСАЙЫНОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Марат Әпсеметұлы, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы шеңберінде  «Кәсiп­кер­лiк әлеуетін күшейту» атты жаңа төртiншi бағыт іске қо­сылды. Демек, бұл бағыт қа­жет­тіліктен туындап отыр ғой? – Иә, дұрыс айтасыз. Төртін­ші бағыт бағдарламаға кейінірек енгізілді. Себебі, бағдарламаға үміткерлер құжаттарын тапсыр­ған кезде тек бизнес-жоспардың дұрыс жасалмауынан өтпей қал­ған жағдайлар көп орын алды.  Сондықтан «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасының алғашқы бағыттарын іске асыру барысында өз ісін ашам деушілерге және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға консультациялық көмек көрсету қажеттілігі анық­тал­ды. Былайша айтқанда, бизнес жөнінде кеңеске зәру адам­дарға кеңес  береміз. Осылайша, Бірыңғай үйлес­тіру кеңесінің соңғы мәжiлiсінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыным­дарын ескере отырып, қолданыс­тағы бағыттарға қосымша бағыт енгізу туралы шешім қабылда­дық. Бұл бағыт жаңа бастап жүр­ген кәсiпкерлердi қолдау (жаңа жобалар), қолданыстағы бизнесті сервистік қолдау, ШОБ топ-ме­неджментін оқыту және шетелдiк әрiптестермен iскерлiк байланыс­тар орнату жолымен өндiрiстердi жаңғырту және кеңейту жолда­рын қарастырады. Жаңа бастап жүрген кәсiпкер­лерді қолдау бойынша тарқатып айтатын болсақ, оған жаңа жобалар үшiн қысқа мерзімді оқу бағ­дарламасы, несие алуға құрылтай құжаттарының, үлгi бизнес-жоспар стандартты пакетiн тегін беру, кәсiпорындардың бiртұтас база­сына рұқсатты ұйымдастыру, маркетинг қызметтерiн көрсету тәрізді сервистік қызметтер  кіреді. Жаңа бағыт бойынша жұмыс басталып та кетті. Бір апта бұрын Астана қаласында «Бизнес-кеңес­ші» жобасы өзінің алғашқы оқушыларын қабылдады. Бұл жо­баға кәсіпкерлікті бастауға ынта танытушы топ және қазір осы салада жұмыс жасап жүрген барлы­ғы 15 мыңдай адамды тартуды көздеп отырмыз. Кәсіпкерлікті сауатты жүргі­зу­дің қыр-сырын үйрететін жедел дәрістер елдің әр облысы мен аудандарында биылғы жылдың аяғына дейін өткізіледі. Дәрістер кестесін «Даму» қорының www.damu.kz сайтынан қарауға болады. Ал кәсіпкерлерге сервистік қол­дау барысында бухгалтерлiк жә­не салықтық есеп жүргiзу бойын­ша консультациялар, заңнама кон­­сультациялары, статистикалық жә­не тағы басқа есеп берудi құру, IТ және басқа да қызметтер ұсыны­лады. Оны арнайы маманданды­рылған консалтингтік компания­лары көрсететін болады. Сондай-ақ, топ-менеджмент оқытуды «На­­зарбаев университеті» бизнес-мектебi» базасында өткiзу ұсы­нылып отыр. Онда бизнесті жүр­гізу кезінде пайда болған түйт­кіл­дерді өздігімен шешу дағды­сын қалыптастыру үшін табысты кәсiпкерлiктi құрудың жаңа үлгi­лері, кәсiпорынды тиiмдi басқару туралы дәрістер оқылады. Бағдарламаны АҚШ-пен бірлесіп әлемдегі жетекші универ­ситеттердің бірі «Дьюк универ­си­тетiнiң» бизнес-мектебiмен» бір­лесіп жүргізу жоспарланып отыр. «Іскерлік байланыс» жобасы шетелдік және халықаралық ұйым­дардың қолдауымен шетелдік әріп­тестермен байланыс орнату ар­қылы өндірісті жаңғыртуды көз­дейді. Жоба екі кезеңмен іске аспақ. Алғашқы кезеңі ел ішінде өтсе, екіншісі шет елде жалғасады. Ал­дымен елде бизнесті жүргізудің заманауи әдістеріне, маркетинг, бизнес-серіктестермен іскерлік бай­ланыс орнатуға бағытталған бизнес-тренингтер жүргізіледі. Жо­баға қатысушылар өз кәсіп­орындарының бизнес-жоспарын әзірлейді. Бизнес-тренингтер аяқ­тал­ғаннан кейін жобаға қатысу­шылар екінші кезеңнің конкурс­тық іріктеуіне қатыса алады. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, екінші кезеңде бизнес өкілдері шетелдік серіктестермен іскерлік байла­ныс­тар орнату үшін шетелде биз­нес-тәжірибеден өту мүм­кінді­гіне ие болады. Нақтылап айтсақ, кәсіпорын қызметкерлері өздері­не ұқсас бағдардағы шетелдік кәсіпорында тағылымдамадан өте­ді де, технологиялар трансферті және құрылғыны сатып алу, фран­шизалар алу, халықаралық және шетелдік ұйымдардың грант­тарын алу, бірлескен кәсіп­орын­дар құру мәселелері бойын­­ша жаңа іскер байланыстар құра алады. Жаңа бағытты Еуропада – Еу­ропа одағының ұйымдары­мен, АҚШ-та – ЮСАИД, Германияда Германия қоғамының халық­ара­лық ынтымақтасты­ғы­ның қол­дауы­мен іске асыру жос­пар­ланып отыр. Кәсіпкер­лерді іріктеуді әкімдіктер сала­лық одақ­тармен, «Даму» қоры­мен, ха­лық­аралық ұйымдармен бiр­лесiп өткізеді. Ал оқытуды шетелдік және отандық консультанттар жүргізеді. – Жобаға кімдер қатыса алады? Оқу ақылы ма? – Жобаға еліміздегі эконо­ми­каның басым салаларында қызмет ететін шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бас­шы­лары мен орта буын өкіл­дері қатыса алады. Алайда бағдарлама қатысушылары оқу орнына барып-қайту, сондай-ақ тұрар жерінің ақысын өздері төлейді. Ал кеңесшілер қызме­тін, бизнес-серіктес іздеу, олар­дың елге келуін сүйемелдеуге ақы төлеу халықаралық ұйым­дар­дың, сондай-ақ байланыс гранттары есебінен төленеді. 2011 жылы жаңа бағытты ескере отырып, бағдарламаны іске асыруға республикалық бюд­жетте 42,1 млрд. теңге көз­делген. Жаңа төртінші бағыт елдегі бизнестің әлеуетін кү­шей­туге және шағын және орта бизнесті қолдауды жаңа дең­гейге шығаруға мүмкіндік береді. – Жалпы алғанда бағдар­лама бойынша жұмыс бары­сы қалай жүріп жатыр? Нә­ти­желер туралы не айтасыз? – 2010 жылы іске асырыла бастағаннан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама­сының үш бағыты бойынша, өңір­лік үйлестіру кеңестері отан­дық бизнесмендердің 400-ден астам өтініштерін мақұл­дады. Сонымен қатар, бағдар­ла­маға бірінші бағыт аясында 275 жоба, екінші бағыт бойын­ша – 102, үшінші бағыт бойын­ша 40 жоба қатысуға жіберілді. Соның ішінде, 250-ге жуық компания банк несиелері бойын­ша сыйақы мөлшерлеме­сінің бір бөлігін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие бо­лады. «БЖК-2020» бағ­дарлама­сы­ның 2010 жылдан биылғы жылға ауыстырылған субсидия­лау­ға арналған қара­жат­ты қоса есептегендегі 2011 жылға ар­налған жалпы бюджеті 30 млрд. теңгені құрайды, оның 23,8 млрд. теңгесі жаңа бизнес бас­тамаларды қолдауға, экспорт­таушылардың валюта тәуекел­дерін төмендетуге және қарыз бойынша кепілдік беруге, ал 5,9 млрд.теңгесі кәсіп­керлік сектор­ды сауықтыруға жұмсалады. Жасалған талдауға назар аударсақ, құрылыс саласында, өңдеуші салада, мәшине жасауда, сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік қызмет саласында белсенділік байқалып отыр. Әңгімелескен: Венера ТҮГЕЛБАЙ.