Елбасының биылғы Жолдауында жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы белгіленіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын әрбір қазақстандықтардың отбасына жеткізу көзделсе, осы тапсырма бүгінде кеңінен жүзеге асырыла бастады. Іле ауданында өткен жиында мәселенің мәні жан-жақты айқындалып, бағдарламаның тұсауы кесілді. Бағдарламаның барлық мақсат-міндеттерін белгілеген басқосу жұмыспен қамтудың жаңа жүйесін талдаумен, түсіндірумен жалғасып, көпшіліктен қолдау тапты.
Биыл Жетісу өңіріне «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд. 176 млн. теңге бөлінген. Аталған қаржы үш негізгі бағыт бойынша игерілсе, бірінші бағытта 446 адамды кәсіптік және қайта даярлау, біліктілігін арттыру жоспарланған. Сондай-ақ, 228 адамның еңбекақысын субсидиялау көзделген. Ал, екінші бағытта жеке кәсібін ашатын азаматтарға микронесиелер берілмекші. Оған 126,3 млн. теңге қарастырылса, несие беруді «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыратын болды.
Бүгінгі таңда «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несиелік микроқаржы беруді ұйымдастырушы ұйым ретінде тіркелген. Халықты жұмыспен қамту мен қолдауға бағытталған бағдарлама аясында қаржы беру аталған мекеме арқылы толық жүзеге асырылмақшы. Несие беру ұйымы Талдықорған өңірінде жүйеленсе, өзге аймақтарда филиал ашу қолға алынуда.
Ал, үшінші бағыт бойынша халықты әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында бір ауданнан екінші ауданға немесе бір ауылдан екінші ауылға көшіру мәселесі қолданылатын болды. Әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылғандарға арнайы баспана салу да жоспарда бар. Өңірде осындай 6 экономикалық даму орталықтары белгіленіп, алғашқы үйлердің құрылысын биыл бастау күн тәртібіне қойылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова облыста 150 отбасы осындай талаппен көшіріледі деп болжайды. Сондай-ақ 16 аудан мен 3 қалада жұмыспен қамту орталықтарын ашуға республикалық бюджеттен 230 млн. теңге және 221 штаттық бірлік бөлінетінін жеткізді.
Бағдарлама шілденің 1-нен басталды. Биыл осындай жүйемен өңірде 6 мың адам еңбекпен қамтылады деп күтілуде.
Алматы облысы.