Жалпы тіршілікте, оның ішінде адам баласының өмірінде ең қажеттісі су, ауа және топырақ екені ежелден белгілі. Сондықтан жер мен суға аса көңіл бөліп, бұлақ көрсе көзін ашып, жерді өз анасындай қамқорлықпен қорғаса нұр үстіне нұр болар еді.
Кең байтақ жерімізде топырақтың көптеген түрлері бар, олар биіктегі шалғынды құнарлы қара топырақтан ойпаттағы құнарлылығы өте төмен сұр топыраққа дейінгі аралықты қамтиды. Оларды өз ыңғайында тиімді пайдаланудың маңызы зор. Осы арқылы өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруға болады. Ол үшін ең алдымен отандық егіншілік ғылымының қол жеткізген жетістіктерін өндіріске белсенді түрде еңгізу қажет.
Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған кезден бастап, отандық ғылым алдына бірқатар жаңа міндеттер қойылды. Елбасының халық қамынан туындаған сарабдал саясатының нәтижесінде елдің ұлттық қауіпсіздігін, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды мәселелер қатарына шығарылды.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жер ресурстарына бай, халқы көп алып елдердің ортасында тұрған Қазақстан азық-түлікке деген әлемдік сұранысты қанағаттандыруға қабілетті елдердің бірі ретінде қарастырылған. Алайда жер телімдерін осы уақытқа дейінгі экстенсивті және тиімсіз түрде пайдалану мен ескі шаруашылық жүргізу тәсілдері жеріміздің топырақ құнарлылығының төмендеуіне ықпал еткендігі де шындық.
Жалпы айтқанда, топырақтану ісіне көптеген ғылым салалары келіп үйлеседі және олар бір-біріне тәуелді болып келеді. Олардың ортақ тұжырымы бойынша өсімдіктердің өсуі, олардың өнуі мен сапасы көп ретте топырақтың тынысы мен жағдайына байланысты болып келеді. Осыған орай алдымен топырақтағы болып жатқан құбылыстардың өзгеру заңдылықтарын анықтай отырып жерді тиімді пайдалануға болады. Бұл өз кезегінде өнімнің өнімділігі мен сапасын арттырады.
Топырақты тиімді пайдаланудың ғылыми негізін ғалымдар мен мамандар жасаса, ал оларды өндіріске енгізу шаруашылық субьектілері арқылы жүзеге асырылатындығы белгілі. Осы салада еліміз егемендік алғаннан бері топырақтанушы ғалымдар аянбай еңбек етіп келеді. Олар жерді тиімді пайдалану үшін, біріншіден топырақ ғылымының даму бағыттарын, екіншіден топырақ жамылғысының жағдайы мен топырақта болып жатқан өзгерістердің заңдылықтарына антропогендік фактордың әсерін анықтап, оны шешу жолдарына арналған ұсыныстар дайындап өндіріске енгізіп келеді. Оның бірі қатты тұзданған сілтілі топырақтарды игерудің жаңа технологиясы. Осы жаңа технологияны Ақдала және Шиелі алқабында өндіріске енгізу арқылы суармалы жердегі күріш өнімін отыз пайызға дейін көбейтуге, оның пісу мерзімін 7-12 күнге дейін қысқартуға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын сақтай отыра енгізетін тыңайтқыштардың мөлшерін екі есе азайтуға болатыны дәлелденді.
Жаңа технологияны өндіріске ендіру, ғалымдар үшін, оңайға түскен жоқ. Себебі, оны өнім өндірушілер мен жеке шаруа қожалықтары егіс жағдайындағы өсіп тұрған дақылдың өнімін өз көздерімен көрмей жаңа технологияны қабылдай қоймады. Енді оған олардың көздерінің жетуіне байланысты осы технология суармалы жердегі егістікте кеңінен ендіріліп келеді.
Жаңа технологияның бір ерекшелігі тұздардың топырақтағы деңгейіне және топырақтың механикалық құрамына, оның құнарлылығына байланысты түрлі модификациясын пайдалануға болады. Ал екінші ерекшелігі – оның егістікте тонналап емес, грамдап берілетіндігінде, яғни аз шығын жұмсалатындығында.
Сонымен бірге, топырақтанушы ғалымдар тозғындауға, бүлінуге ұшыраған жерлерде наноагромелиоративтік әдістерді пайдалана отырып топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсартуға және топырақтың құнарлылығын арттыруға, осы арқылы ауыл шаруашылық дақылдардан қосымша 65 пайызға дейін өнім алуға болатынын дәлелдеп, іс жүзіне асырып келеді. Нәтижесінде астық дақылдарындағы дәннің белоктық заты (ұлпасы) бес пайызға дейін көбейіп, көкөніс дақылдарындағы нитраттар бірнеше есе азаятындығы, сонымен бірге дақылдар өніміне судың аз көлемде қолданылатыны анықтады.
Осыған орай көп жылдық ғылыми ізденістердің негізінде «Ғылыми жаңалықтар авторлары мен өнертапқыштар» халықаралық академиясының шешімімен өсімдіктің биологиясы саласында қазақстандық ғылыми жаңалық тіркеліп, жаңалық куәлігі Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына берілді.
Қазіргі таңда институтымызда дақылдардан экологиялық таза, жоғары және сапалы өнім алудың негізін құрайтын және топырақтың құнарлылығын өсіретін адаптоген препараттардың (ПА) отыз тоғыз түрі бар. Осы препараттар деградацияға ұшыраған суармалы жерлерде пайдаланылу үстінде. Олардың көп өтпей ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінде кеңінен пайдаланылатындығына толық сенеміз.
Табиғи минералдарды пайдалана және оларды түрлі минералды элементтермен байыта отырып жаңа органоминералды тыңайтқыштардың, сонымен бірге жаңа бағыттағы органикалық қалдықтарды өңдеп және оларға микроэлементтер мен микроорганизмдерді енгізу арқылы жаңа микробиотыңайтқыштардың жаңа түрлерін ойлап таптық. Олар ауыспалы егістегі тәжірибе танабында топырақтың құнарлылығын арттыруда, осы арқылы көкөніс пен картоп дақылдарының сапасы мен өнімділігін арттыруда үлкен нәтиже көрсетіп отыр. Бұл жаңалықтың да келешекте өдірістен ерекше орын алатынына сеніміміз мол.
Осы жоғарыдағы айтылған жаңа технологиялар, препараттар мен тыңайтқыштардың нәтижесін қолдайтын инновациялық патенттері бар. Осыған орай ауыл шаруашылығында «Ана-жер» ЖШС-нің президенті Султан Усмановтың шығарған МЭРС атты микробиотыңайтқышы топырақтанушы ғалымдармен бірге өндіріске кең көлемде ендіріліп келеді. Оның берер пайдасы – өсімдіктерді көптеген макро, микроэлементтер және микроорганиздермен қамтамасыз ете отырып, топырақта қоректік заттарды тиімді, ал минералды тыңайтқыштарды үнемді етеді және химиялық улы заттардың кері әсерін азайта отырып дақылдардың экологиялық таза өнімін арттырып, сапасын жақсартады. Бақылау нысандарымен салыстырғанда МЭРС микробиотыңайтқышы өнімді бір жарым есеге дейін көбейтеді. Осы тыңайтқышқа 2010 жылы 21 желтоқсанда Астанада өткен «Инновация және инвестиция» көрмесінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев оң баға берді.
Сырдария атырабының, Арал табанының және астық өндіретін негізгі солтүстік аймақтардағы топырақтың құнарлылығына көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг негізінде Сыр өңірінің, әсіресе, Арал табанындағы сортаң және тұзданған топырақтардың көлемі көбейіп, топырақтың құнарлылығы азайғаны байқалды. Сол себепті Арал өңірінің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бағытында, ондағы өсімдіктердің биологиялық өнімділігін арттыру үшін Сыр өңірінің топырақ картасы мен оларды тиімді пайдалануға арналған топырақтың өндірістік топтамасының карта-схемасы жасалды және егістіктен шығып қалған жерлерді егіс айналымына қайтадан ендіру жөнінде ұсынысы енгізілді.
Сондай-ақ Жетісудың, Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жаңа технологиямен жасалған топырақ картасының электрондық нұсқасы, топырақтың құнарлылығын және оның балл бонитетін анықтайтын картасы, тағы да сол сияқты көптеген шаралар мен нұсқаулар жасалынды.
Солтүстік Қазақстанның астықты өлкелеріндегі топырақтарда ылғалды сақтау, топырақтың құнарлылығын және өнімінің өнімділігін арттыру технологиясының ғылыми негіздерін Солтүстік Шығыс Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп жасап, өндіріске енгізіп келеміз.
Қазіргі күні өндіріске енгізіп жатқан жаңа технологияларымыз – институт ұжымының істеп жатқан ерен еңбектерінің бір бөлігі. Олардың барлығы Елбасының жер тиімділігі мен құнарлылығын арттыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларымен, Үкіметтің осыған орай атқарып жатқан жұмыс бағыттарымен толық сәйкес келеді. Бұл – институт топырақтанушы ғалымдарының ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойына қосар қомақты үлесі. Себебі, біздің басты байлықтарымыздың бірі ұлан-байтақ жер ресурстарымыз болса, бұл шаралар сол байлықты дұрыс та тиімді пайдалану жолындағы тәуелсіз еліміздің алғашқы ғылыми нәтижелері.
Қазіргі кезде заман талабына сай, іргелі және қолданбалы ізденістердің нәтижесінде анықталған топырақтану және агрохимия проблемаларын алға тарта отырып, алдағы үш жылға жаңа жобалар әзірлеу үстіндеміз. Оған Үкімет тарапынан қолдау болады деген сенімдеміз.
Абдолла САПАРОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.
Алматы.