ПЕРУ: ОППОЗИЦИОНЕР ПРЕЗИДЕНТТІККЕ САЙЛАНДЫ
Өткен жексенбіде Перуде болған президенттік сайлаудың басты ерекшелігі – онда оппозиция өкілі, бұрынғы әскери адам Ольянта Умаланың жеңіске жетуі және оның қарсыласы елдің бұрынғы президенті, қазір түрмеде жатқан Альберто Фухиморидің қызы Кейко Фухиморидің жеңіліс табуы.
Сайлау өте тартысты өткенін аңғарасың. Оның қорытындысы туралы түрлі мәліметтер айтылды. Бірде Умала 50,5 пайыз, бірде 51,5 пайыз дауыс алды деген мәліметтер таратылды. Ал Фухимори жеңілісін біраз уақыт мойындамай жүрді. Ақыры Умаланың жеңгені жарияланды. Сөйтсе де, бұл елде түрмеде жатқан бұрынғы президент Фухимориді, оның қызы Кейконы қолдайтындар көп екені, олар елдің жартысы дерлік екені айқын болып отыр.
Перу жалпы әлемдік саясатта өзіндік орны бар ел, жер көлемі жөнінен алдыңғы 20 елдің, халқының саны жөнінен 40 елдің қатарына қосылады. Табиғи байлығы да айтарлықтай. Сондықтан да, ондағы саяси және экономикалық жағдайға, ұстанған саясатына көрші елдер ғана емес, әлемнің жетекші елдері де назар аударады. Бұл елде диктатура да, әскери хунта да билік жүргізді. Халық сайлау сияқты саяси шараларға белсенді қатысады.
Сол халықтың Ольянта Умаланы қалауында да қисын бар. Халық диктатураның не екенін біледі. Президент Альберто Фухимори тұсында ел экономикасы біршама дамыса да, қалың бұқара халықтың бүйірі шыға қойған жоқ. Оның үстіне диктатуралық тәртіп те халықтың еңсесін мықтап-ақ басқан. Сол ауыртпалықтан бүгінге дейін билік тізгінін ұстаған Алан Гарсия құтқара қойған жоқ. Енді әсіресолшыл ұлтшыл Умаланың бағдарламасына, уәделеріне үміт артуға тура келеді.
Жаңа президент халыққа көптен таныс. Әскери қызметті подполковник шеніне дейін атқарған соң, белсенді саяси өмірге араласты. Тіпті 2000 жылы президент Фухимориге қарсы көтерілісті де басқарды. Умала 2006 жылғы сайлауға да қатысып, екінші турға бірінші орынмен шықса да, ақтық күресте Гарсия жеңіске жеткен.
Сайлаушылардың біршамасы сонда Гарсияға дауыс бергенін қателік санап, енді Умалаға дауыс беруді борыш санағандай болып отыр. Тағы бір сарапшылар жаңа президенттің тұрғын халықтың негізін құрайтын индтердің бір бұтағы кечуаның мүддесін үнемі алға тосатын ұлтшылдық көзқарасының да әсерін атап айтады.
Жалпы, оның көзқарасы туралы айтқанда, Умала ел байлығы, табиғи ресурстар халық игілігіне жұмсалуға тиіс деген ұранмен халықтың, әсіресе, кедей қауымның көңілінен шығып жүр. Оның қалай жүзеге асырылатынын кім білген. Бұрын ол Венесуэла президенті Уго Чавестің жолын қуушы саналса, соңғы кезде одан біршама алшақтай бастағаны аңғарылады. Чавес АҚШ-қа қарсы саясат ұстанып, ел байлығының сүбелі үлесін қару-жараққа жұмсап жатса, Умала АҚШ және Бразилиямен жақындасу бағытын ұстанатынын, ұлттық экономиканы дамытуды көздейтінін мәлімдеді.Қалай болғанда да, перуліктер Ольянта Умала мен Кейко Фухиморидің бірін таңдау қажеттігі туғанда, алғашқысына тоқтады.
«ҰЛЫ ЧЕРКЕСИЯНЫ» ҚҰРУДЫ КІМ АРМАНДАЙДЫ?
Абхазия Республикасының президенті Сергей Багапштың қайтыс болуы – қайғылы оқиға. Бұл елдің халқына, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтқан ләзім. Өлімді саясатқа, саяси саудаға айналдырудың жөні жоқ-ақ. Ондай жағдай болған соң, оны айтпасқа және болмайды. Осы кезде «Ұлы Черкесия» төңірегінде көбірек әңгіме айтылды.
Бұл әңгіме Солтүстік Кавказдағы, яғни Ресейдің оңтүстік-батысындағы жағдайға айтарлықтай әсер етеді. Әңгімені өрбітушілердің де мақсаты – сол. Онсыз да чешен мәселесі, Дағыстандағы түрлі қақтығыстар, жалпы, кавказ мәселесі Ресейдің мазасын алып жүргені белгілі.
«Ұлы Черкесияның» мәні – біртұтас адыге халқының (біраз жұрт оны черкес деп айтады) негізінде қазіргі кабардин, адыге, черкес және шапсуг халықтары өмір сүріп жатқан аймақта мемлекет құру. Бұл аймаққа Кабардин-Балқария, Қарашай-Черкесия және Адыгея республикалары кіреді. Байсалды ойлайтын адам оның жүзеге асуы мүмкін еместігін аңғарады. Басқасын былай қойғанда, сол құрылымдардың атауында аттары жүрген қарашай, балқарлар оған көне қоя ма екен?
Соған қарамай, бұл әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Ал Абхазия президентінің қайтыс болуына байланысты көбірек айтыла бастады. Оның себебі, біріншіден, бұл республика сол армандағы «Ұлы Черкесияға» көрші және Кавказ мәселесіне тікелей қатысты; екіншіден, абхаздар мен адыгенің төркіндері жақын, тілдері туыс. Демек, тағдырлас елдер, оның да жаңа империяға қосыла кетуі мүмкін екен.
Сол «Ұлы Черкесия» картасын ойнауға көп ел мүдделі көрінеді. Сарапшылар мен саясатшылар тізім басына АҚШ-ты қойып жүр. Жаңа «империя» Ресейді Қара теңізден айырып тастайды. Оның есесіне «Ұлы Черкесиямен» тіл табысса (оған күмән жоқтай), АҚШ-тың әскери-теңіз флоты бұл теңізден орын алады.
Мұны жәй сөз деп қабылдауға болмайды, оның ар жағында іс-қимыл жатыр. Оның ауқымы айтарлықтай. АҚШ-та, Лос-Анджелес қаласында Бүкіл дүниежүзілік адыгелер туысқандығының штаб-пәтері орналасқан. Оның президенті Замир Шухов деген. «Ұлы Черкесия» идеясы Израильде де жан-жақты насихатталады. Онда черкестердің қауымдастығы да бар екен. «Хасэ Израиль» деп аталады. Голландиядағы Танылмаған ұлттар ұйымының бір бағыты «Ұлы Черкесияны» қолдауға арналған.
Ал Ресейдің өз ішіндегі жұмыс бұдан да пәрменді. Осыдан үш жыл бұрын Черкесск қаласында черкес халқының төтенше құрылтайы өтіп, онда Кабардин-Балқария, Қарашай-Черкесия және Адыгея республикаларын біріктіру ашық айтылды. Былтырғы жылдың аяғында сол Черкесскіде черкестердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері бас қосып, Бүкілресейлік Адыге Хасэнің үйлестіруші кеңесі құрылды. Онда черкестердің жалпыұлттық парламентін құру идеясы сөз болды. Ал қазір бүкіл черкестік құрылтай өткізуге дайындық жасалып жатыр.
Өз мемлекетімді құрсам, өз туымды тіксем дейтін халықтардың арманына, тілектеріне қосыласың-ау. Бірақ оның көбіне жетекші елдердің карта ойынына айналып кететіні жаман. Күшті елдер өз мүдделерін ойлайды. Ал тәуелсіздігін, егемендігін ойлаған шағын халықтардың тағдыры сол мықты елдердің мүддесіне құрбандыққа шалынып жатады.
Ресей үшін, әрине, «Ұлы Черкесия» мәселесі үлкен бас ауруына айналады. Басқа бір елдерге осының өзі қуаныштай көрінеді. Ал адыге халқына осы бір саяси ойын қуаныш әкеле қояр ма екен... Көп қиындық, қасірет әкелмесе екен деп тілейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП.