Қостанайға Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келді. Вице-министр алдымен «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында болып, «Ssang Yong» жүрдек жеңіл машинасын құрастыру цехын аралап көрді. Өткен жылдан бастап кәсіпорын «Allur Auto» автомобильдер компаниясы тобымен бірігіп, «Ssang Yong» жүрдек машинасын құрастыру жобасын жүзеге асыру үшін индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қосылған болатын. Зауытта қазір кореялық жүрдек машинаның ең қолайлы және жетілдірілген «Ssang Yong new Actyon» моделі құрастырылып, тұтынушыға жол тартты.
– Оңтүстік Корея мен Қазақстан президенттері арасындағы келісім бойынша басталған жоба бір жыл ішінде жүзеге асты. Кореялық машиналарды құрастыру барысында оның өзімізде жасалатын құрамын 60 пайызға дейін жеткізіп, 350 адамға жұмыс беруді басты мақсат тұтып отырмыз. Алдағы уақытта бұл машинаны Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруды көздейміз, – деді Әсет Исекешев.
«АгромашХолдингте» құрастырылған «Ssang Yong» жүрдек машинасы еліміздегі денсаулық сақтау саласы, жол полициясы мен өрт сөндірушілерге арналып бейімделіп шығарылды. Оның алғашқыларын зауыт сұраныс берушілерге арнап құрастырды. Конвейерден шыққан көлік кореялық мамандардың алты тексеру бекетінен өтеді.
– Қостанайдан шыққан жүрдек көлікке тек Қазақстаннан емес, Кеден одағы елдерінен де сұраныстың болатынын байқаймыз. Сапасы жоғары бола тұра, олар Кореяда құрастырылған машиналардан он мың АҚШ долларына арзан, – дейді «Allur Auto» автомобильдер компаниясының бас директоры Андрей Лаврентьев. Кореялық «Ssang Yong» корпорациясының вице-президенті Лим мырза да машинаның қостанайлық үлгісінің сапасына көңілі толатынын мәлімдеді. Ол алдағы уақытта жүрдек машинаның Қазақстанға лайықталып жасалған жаңа моделін шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Ол қазақстандық әріптестермен бірлесіп жұмыс істегенде оның тезірек тұтынушыға жетеріне сенімі мол екенін жеткізді.
«АгромашХолдингтің» «Ssang Yong» жүрдек машинасы құрастырылып жатқан цехы жанында ресейлік «Соллерс» автомобиль тобымен бірлесіп жүзеге асыратын жаңа жоба қанат жаятын болады. Оның үстіне алдағы күзге таман мұнда «УАЗ» жол таңдамайтын жүрдек машинасы да құрастырылмақ. Ал ондай көлік Қазақстанда әскер, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар салаларында сұранысқа ие екен.
«АгромашХолдингте» өткен жылдың жартысынан бастап кореялық машинаның 400-ге жуығы құрастырылды. Оның басым көпшілігі қазақстандық тұтынушының қолына тиді. Биыл жыл басынан бастап мұнда айына 144 машина дайын болады. Жыл аяғына дейін 1200-1300 машинаны сапқа қою басты меже болып отыр.
Ә.Исекешов осы сапарында Қостанайдағы «Иволга Холдинг» ЖШС-нің жылына 70 мың тонна ұн шығаратын диірмен кешеніне және «Костанайский мелькомбинат» акционерлік қоғамының макарон фабрикасына барды. Онда өткен жылы іске қосылған инвестициялық жобалардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанынан хабардар болды. Облыс әкімі Сергей Кулагин үстіміздегі жылы облыста жүгезе асатын инвестициялық жобалардың қырыққа жеткенін айтты. Олар өндіріс пен ауылшаруашылығын үдемелі дамытатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.