Қазақстандық теннисші Юрий Щукин Чехияның Простежов қаласында өткен «Челленджер» сериясының Uni Credit Czech Open турнирінің жеңімпазы атанды.
Финалда италиялық Флавио Киполланы жеңген Щукин бас жүлдеге берілетін 106,5 мың еуроны қалтасына басты. Осы кездесу алдында ол жартылай финалда турнирдің алтыншы ракеткасы чех Радекті 3:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, ширек финалда ресейлік Михаил Южныйдың алдын орады. Бұл ойында ол бірінші сетте 4:6 есебімен жеңілсе, екіншісінде 4:1 есебімен жеңіп, одан кейінгі сәтте қарсыласы ойнаудан бас тартқан соң жеңіс қазақстандық теннисшіге берілді. Ал турнирдің ең бірінші кездесуінде Ю.Щукин тағы бір ресейлік Константин Кравчукті, одан кейін италиялық Филиппо Воландриден 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.
«Челленджер» мен жақында аяқталған «Ролан Гаррос» турнирінен кейін біздің отандасымыз әлемдік рейтингте 137-ші орынға көтерілді. Одан кейін рейтингте теннисшілеріміз арасында Зарина Диас 156-шы және Сесиль Каратанчева 159-шы орында тұр. Ал әлемдік рейтингте олардан жоғары сапта тұрған Ярослава Шведова – 115, Андрей Голубев – 44, Михаил Кукушкин 61-ші орынға жайғасты. Жақында Парижде өткен «Ролан Гаррос» турнирінің алдында Я.Шведова 54-ші орында тұрған еді. Бірақ, Франция астанасында сәтсіз ойнаған соң ол жағдайын бірден нашарлатып, алдымен 61-ші, одан кейін 115-ші орынға түсіп кетті. А.Голубевтің де жағдайы осыған ұқсас. Алайда оның «жарасы» сәл жеңілдеу деуге болады. Ал М.Кукушкин «Ролан Гаррос» турнирінен кейін жағдайын жақсартып алды. Ол Чехияда өткен турнирдің жеңімпазы атанған әріптесі сияқты былтыр Санкт-Петербургте болған АТР турнирінде Михаил Южныйды ұтқан болатын. Ал биыл Парижде Кукушкин тұңғыш рет екінші айналымға жетті.
Дастан КЕНЖАЛИН.