БІРДЕ...
Сәбит Мұқановтың әңгімешілдігі, тапқырлығы жазушылар мен мәдениет қызметкерлері арасында біраз айтылған. Біз бүгін сол жақсы ниеттен туған әңгімелердің біразын газет оқырмандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Бір күні кешке Мұхамеджан Қаратаев екеуі қонақтан шығып келе жатса, ұзын сирақ бір жас жігіт Қаратаевтың бөркін ала қашыпты. Соны Сәбең әріптестеріне былай әңгімелеп беріпті: «Мұхамеджан екеуміз түнге қарай қонақтан шығып, әңгімелесіп келе жатыр едік. Мұхамеджанның басында сусар дей ме, әлде бұлғын ба, әйтеуір керемет құлақшыны болатын. Байқаусызда бір ұзын сирақ қу әлгі бөрікті ала қашты. Содан мынау басы балта таяғымның ілмегімен аяғынан шалып жығайын деп тұра қудым. Әй, өзім де жүйрік екенмін». Тыңдап отырған Тахауи Ахтанов: «Иә, Сәбе, содан не болды?» – деп сұрайды. «Сөйтсем, Мұхамеджан менен де жүйрік екен, озып кетті», – дейді. «Иә, содан не болды?» – дейді тағы да. «Сөйтсе, ана қу одан да жүйрік екен, жеткізбей кетті», – деп бітіріпті әңгімесін Сәбең.
* * *
Бір күні Сәбең Мәскеуден келе жатып, Асқар Тоқмағамбетовтің үйіне түседі.
– Асқар, мен саған әдейі соқтым. Адам қартайыңқыраған соң сағыныш бола ма, оның үстіне «Сырдария» романын бітірдім. Соны саған оқиын деп келдім.
– Әбден жақсы, – дейді Асекең. Сәбең қызыл қою шайдан ұрттай отырып, романды оқи бастайды. Бір кезде: «Каналдың жағасынан Қырық мың есек ақырды», – дегенде, Асекеңнің көзі шарасынан шығып кетіпті.
– Айналайын, Сәбе-ау, «қырық мың есек» демей, төрт мың есек десеңіз, қайтеді? – депті.
– Айтқасын қырық мыңы не, төрт мыңы не? Бара берсін, дұрыс! – деп көнбепті. «Ойпыр-ау, Сәбе-ау, мынау есегіңіз көбірек екен» дейді Асекең тағы да. Сөйтеді де Сәбең ұйықтағанда көп нольдің біреуін өшіріп, қырық мыңның орнына төрт мыңды қалдырыпты.
Кітап қырық мың емес, төрт мың болып басылып кетеді. Арада бір-екі жыл өткенде Сәбең Жазушылар одағында Асекеңмен кездесіп қалады:
– Ей, Асқар, мен сені ұрлықтан таза ғой деп ойласам, сен де «ұры» екенсің ғой. Менің отыз алты мың есегім қайда? – деген екен.
* * *
Бір күні көшеде Сафуан Шаймерденов екеуі келе жатса, бір аласа бойлы сары жігіт Сәбеңнің қолын ұстай алыпты.
– Ассалаумағалейкум, Сәбе.
– Е, уағалейкүмассалам. Иә, қашан келіп қалдың?
– Мен біраз жылдан бері осындамын ғой.
Дөп басып жыға тани алмай тұрған Сәбең:
– Е, оны білем ғой, – деп жалтарады. – Келін аман ба?
– Сәбе, анада өзіңіз қолынан дәм татқан келініңіз келмес сапарға аттанған...
Сәбең тағы да:
– Е, білем ғой. Мына келінді айтам.
– Сәбе, бұл келініңіз әлі бола койған жоқ.
Осыдан кейін Сәбең:
– Е, кездесеміз ғой, – деп аласа сарымен қоштасады. Былай шыға бере Сафуан Шаймерденов Сәбеңнен:
– Бұл қай жігіт? – деп сұрайды. Сәбең:
– Осының кім екенін өзім де білмей келе жатырмын, – деген екен.
Асан САРҚҰЛОВ.
Алматы.
________
ОДЫРАҢДАҒАН ОҚУЛЫҚ
Кезінде Түркімениядағы АХАЖ толтырған паспорттағы аты-жөнім Ялабаев Чокубай болып жазылуынан талай таяқ жеп едім. Енді мектепте оқитын төрт балам да менің кебімді кие бастады. Тегі тізімнің соңында болған соң, оқулық кітаптарды таратқан кезінде менің балаларыма бірнеше пәннің оқулығы жетпей қалыпты. Уақыт кімге тәуелді болған, мезгілінде өтетін сабақ сенің оқулығың жоқ екен деп өтпей қалмайды. Сонан балаларымның бәрі оқулық-кітапсыз парталастарына ортақтасуға мәжбүр болуда. Содан балаларыма оқулық кітаптарды өзім іздей бастадым. Мектеп кітапханаларының бәрін адақтап шықтым. Ешбірінен қажетті оқулық таба алмаған соң, кітап дүкеніне бас сұқтым. Міне қызық, әлгі мектеп кітапханасында жоқ оқулық кітаптар осындағы сөреде сықап тұр. Қуанып кетіп, балаларыма сатып алып берейінші деп, қажет деген әлгі оқулық кітаптардың атын атап, сөреден алдырып, айналдыра қарап бағасын сұрасам, дүкенші:
– Мынау «Математика», бағасы – 1500 теңге, мынау «Физика» бағасы – 1600 теңге, мынау «Химия», бағасы – 1700 теңге ... – деп үдемелі бағамен өрлеп барады...
– Ау, бұлар оқушыға арналған оқулықтар емес пе еді? – деп едім, дүкенші маған таңданған кейіпте:
– Бұл тауарлар, біз көтеріп сатып аламыз. Сонан соң, осыны жеткізуге өзімізден шыққан шығынның орнын жабу деген бар, ілкі бағасына үстеме қосқанда, осындай болып шығады, – деп маған экономика сабағын оқыта бастады.
– Ала алмаймын.
– Ол өз еркіңізде!
Енді қайттім. Әлгіндей бағамен төрт сыныпта оқитын төрт баламның оқулық кітаптарының бағасына менің таза екі айлық жалақым кетеді екен. Апырым-ай! Балалар тауары не болып кетті өзі? Қарапайым қара есеппен өзімше пайымдап келем: оқулық кітаптар ғой бюджеттен қаралған қаражатқа, арнайы тапсырыспен шығарылады емес пе? Сол шығарылған оқулықтар, сол мектеп пе әлде білім ортасы ма, соның бюджетінен тағы да арнайы қаралған қаражатқа мектепке әкелініп таратылмаушы ма еді?
Сөйтіп, оқулықты әу баста бекітілген керуен жолынан ауытқытып, коммерциялық бағытқа ауыстыра жылыстатқандардың қармаулы қарымына қайран қалып келемін, балаларыма оқулық алып бере алмай налып келемін.
Аталық ӘБДЕШҰЛЫ.
Маңғыстау облысы.
__________________
МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР...
Адамның басы – мафияның добы.
* * *
Саудагерде қырық кісінің ақысы бар.
* * *
Әр басшының тұсында бір арызқой.
* * *
Жолсерік бірде малды, бірде малсыз.
* * *
Екі орынбасар ерегессе,
Бас инженер бастық болады.
* * *
Бұзылған қыз ер таңдамайды,
Маскүнем жер таңдамайды.
* * *
Көріпкелдің айтқаны келмейді,
Сығанның сандырағы келеді.
* * *
Біреудің байы біреуге,
Тауар артқан
КамАЗ-дай көрінеді.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ.
Алматы.
_______
СҮЙІНШІ
Атқа мінген жас бала –
Тасырлатып шауып келді.
– Сүйінші!
Әйпін Дырдуға
Қошқардай ұл тауып берді!
Шілдеханаға келіңіздер,
Сүйіншісін беріңіздер!
Дегесін,
Кім не десін
Баланы бара көрдік,
Көргеніміз үшін тана бердік.
Көп ұзамай,
Тағы біреу шауып келді.
– Сүйінші!
Дырдудың тентегі,
Әкесінің жалғыз еркегі –
Тәй-тәй басыпты.
Тәй-тәй баса сап,
Көршінің баласымен айқайласыпты.
Қарап жүрмей тілі шығыпты,
Онда да ешкімге дес бермейтін,
Ойпырмай, ірі шығыпты.
Келіңіздер, көріңіздер, беріңіздер!
Басқалардан қаламыз ба –
Қара құнажынды жетектедік.
Баланың ойында ештеңе жоқ –
Ойнап жүрді,
Біз тойлап жүрдік.
Мектепке барды – құлын бердік.
Мектепті бітірді –
Бір тайдың пұлын бердік.
Оқуға түсті, үйленді.
Беретінін тағы бердік.
Қазір қорада ешкіден екі,
Қойдан үш төл қалды.
Дырау «сүйіншілеп» жүріп-ақ
Баласына «Мерседес»,
Өзіне «Вольво» алды.
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ.
Алматы.
_______
АҚЫР-ТАҚЫР АРМАН
Өзенге қармақ салып, қалғып отырған пендеге алтын балық іліне қалмасы барма.
Әдеттегідей:
– Жіберсең болды, не айтсаң да орындаймын, – дейді балық.
– Бәрекелді! – деп қуанып қалған әлгі пенде. – Ақшаға көмілтші, қалталы мықты болғым келеді, – деді.
– Айтқаныңыз болады, – дегені сол, әлгі жігіт демде «жаңа қазақ» боп дөңкиіп шыға келеді.
Байлыққа масайрап мәңгіріп отырып ол балыққа: – Қалталы болған жақсы-ау, ал депутат болсам деген арманым бар, – депті.
Балық бас изегені сол, бұл депутат боп дүрілдей қапты.
Байлықты төгіп-шашып, депутаттықтың қызықшылығына кергіп жүріп әлгі пенде балығына:
– Еліме еңбегім сіңіп, халқым маған көз тірімде ескерткіш орнатса, шіркін! – деді.
Балығы да кідірген жоқ, «Ләппай, мырза!» деп кете барды.
Орталықтағы алаңға барып еді, міне, ғажап, бұрын күн көсем тұрған тұғырда өзінің нән ескерткіші тұр...
Бұл ғажаптықтан әлгі пенденің есі кетіп есеңгіреп отырып:
– Е, ендігі арманым – батырлық! Естен кетпес ерлік жасап батыр атансам ғой! – деп балығына қиыла қарағаны сол:
– Әзір-қазір! – деп балық бұның соңғы өтінішін орындауға кірісті.
Жігіт қалғып кетіп қайта оянған екен, жападан жалғыз ұшақ ішінде штурвалда отыр екен. Төңірегі атыс-шабыс, тарсыл-гүрсіл, мұның ұшағына оқ тиіп өртеніп төменге құлдилап келеді екен.
– Атаңа нәлет балық! Бұның не-ей? – деуге шамасы келіп еді, құлағына алтын балықтың:
– Соңғы өтінішіңді орындадым... Соңғы өтініш... – деген сөзі талықсып жеткен.
Валерий ФИРСОВ.
Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
________________________________
БАҚШАДАҒЫ АҚША
Бір күні,
Қарыз сұрап бір досыма келдім.
Бұл досым әзілкеш еді,
Түкірігі шашырап, жосыла берді:
– Қарыз бере қояр түрім жоқ,
Неге десең ойбай, түгім жоқ.
«Кәпек» қалдырмай егіп тастадым.
– «Егіп» дейді?
– Иә, кәдімгідей жерге көміп
тастадым,
Үстіне көңді аямай төгіп тастадым.
– Денің сау ма?!
Ақшаны да еге ме екен?
– Еккенде қандай,
Жапырлап тұрып өнеді екен!
Япыр-ай, былтыр өнгені сондай,
Үйіме бір контейнер бұйым әкелдім,
Қатын, бала-шағаға
Бастан аяқ киім әпердім.
Көңілдерін өстіп аулап алдым да,
Артылған ақшаны төгіп-шашпай
Жоңышқа баулағандай баулап алдым.
– Ендеше, бір-екі бауы қалған
шығар,
Ақшаның бәрі қайда кетті?
– Сенбесең, ойбай, санап берейін,
Мынадай-мынадай жайға кетті.
Былтыр ұлымыз он бір бітірді ғой?
– Он бір бітірді.
Медальдатып жөнді бітірді ғой?
– Жөнді бітірді.
– Ендеше, ақшаның бір бауы
Медаль әперген досқа кетті.
Бірақ баламыз емтиханнан құлап,
Қайран бір бау босқа кетті.
Інім де жамандатты,
Мәшинесімен адам қақты.
Содан екі бауын параға бердік.
Ініміз бәрібір сотты болып,
Қайран екі бауды тағы далаға
бердік!
Бұған күйінген әйелім,
Кесел қысып, әбігер етті.
Сонымен, үш бау ақша
Дәрігер мен дәріге кетті.
Бір бауы жиенімізді өсіруге кетті,
Бір бауы байдан шыққан
Балдызымызды көшіруге кетті.
Мұнда кетті, онда кетті,
Қырға кетті, ойға кетті,
Қырық-елу бауы тойға кетті,
Отыз баудайы асқа кетті.
Киітке кетті...
Кеткеніне кеткендей көніп
жатырмын.
«Кетсе кетсін, көрермін», деп
Биыл тағы егіп жатырмын,
Бар өнерді төгіп жатырмын.
Менің талабым талап-ақ!
Мың баудай
Алсам ба деймін шамалап...
... Әй кейде...
Ақшамызды осылай
Босқа шашатынымыз жаман-ақ.
Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
________________________
КӨРШІ-ҚОЛАҢ КҮҢКІЛІ
– Көрші, мына қабырғаға «Ковальчук – ақымақ» деп жазған кім екен?
– Білмедім. Оны неге сұрадың?
– Кім жазса да жазуы өте жақсы екен! Кім екенін білсем, бір хат жазғызып алайын деп едім...
* * *
– Сенің итің бір семіз тауығымды жеп қойыпты!
– Айтқаның дұрыс болды, ол малғұнға енді бір жеті тамақ бермей қатырайын...
* * *
– Көрші, мұртыңның ұзыны-ай! Ол саған тамақ жегеніңде кедергі етпей ме?
– Қонаққа шақыр – көресің!..
_________________________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.