Жақында Парламент Сенатында Экономика және өңірлік саясат комитетінің депутаттары комитет төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаеваның жетекшілік етуімен бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктері-мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесті. Онда 2010 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебі талқыланды.
Бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік активтерді басқару тетіктері, бюджет тәртібін орындау, қаржы мониторингін жүргізу, даму институттары қызметін одан әрі жетілдіру, индустриялық бағдарламалар жобасын жүзеге асыру мәселелеріне байланысты депутаттардың сауалдарына Экономикалық даму және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар, Мұнай және газ, Көлік және коммуникация, Байланыс және ақпарат министрліктерінің басшылары жауап берді.
Талқыланған тақырып бойынша Бәсекелестікті қорғау, Табиғи монополияларды реттеу, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және Ұлттық ғарыш агенттіктері басшыларының да есебі тыңдалып, олар депутаттардың сауалдарына жауап берді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.