Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің (ҚМК) кезекті отырысы болып өтті. Оған еліміздің Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков бастаған Қазақстан қорғаныс ведомствосының делегациясы қатысты.
Қорғаныс министрлері кеңесінің жұмысына Армения Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Беларусь Республикасы мен Өзбекстан Республикасы қорғаныс министрліктерінің делегациялары жиналды.
Күн тәртібіне қойылған сегіз мәселенің қатарында бітімгерлікті үйлестіруді күшейту, әскерлердің жедел дайындығы мен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері болды.
Сонымен бірге, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің 2010 жылы желтоқсандағы кезекті отырысында қабылдаған ҰҚШҰ қызметінің басты бағыттарын жүзеге асыру туралы шешімін орындау мәселелері қаралды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері бас штабтары бастықтарының өзара іс-қимылдары мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бірлескен штабының қызметін жетілдіруді ұйымдастыру мәселесін талқылады.
ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі басқару органдарының жедел және жауынгерлік дайындығы шараларын 2011 жылы бірлесіп жетілдіру мәселесі де тақыға салынды.
– Отырыс барысында қабылданған шешімдер көпжақты әскери ынтымақтастықты жетілдіруге және әскери саладағы өзара әріптестікті дамытуға бағытталған, – деп атап өтті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – ҰҚШҰ қызметінің басты бағыттарының бірі – қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл, халықаралық тұрақтылықты сақтау мен қолдау, жаңа қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы әрекет жасау.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы іскерлік пен сындарлы өзара сыйластық және ашық пікір алмасу жағдайында өтті.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.