11 Маусым, 2011

Байланыс мамандарының басқосуы

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада телекоммуникация саласын жетілдіру мәсе­ле­сіне арналған ТЕLECOM 2011 атты форум өтті. Бай­ла­ныс және ақпарат саласы мамандарының арасында жыл­да­ғы дәс­түр бойынша өтетін кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен басқа, Ресей, Германия, Словения, Жапония мен Өзбекстаннан 150-ден астам провайдерлер, байланыс опе­ра­торлары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Форумда еліміздің телекоммуникация саласын, интерактивті жә­не сандық телевизияны, кең жо­лақты 4 G мобильді бай­ланыс­ты дамыту, электронды үкіметті қалыптастыру, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері қаралды. Осы күндері «Қазақтелеком» АҚ-ның жұмысының нәтижесінде елімізде ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық технологияны дамытуда үл­кен жұмыстар істелінуде. Со­лар­дың бірі еліміздің барлық өң­ірлерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және жылда­м­дығын екі есеге арттыру жұмысы форумда ең көп қаралған мәсе­лелердің бірі болды. Жалпы, кездесуде телекоммуникация саласына арналған 30-дан астам мәселе қаралды. «Қа­зақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев айт­қандай, осылардың бәрі бір-бірімен байланысты. Дегенмен, интернеттің сапасы мен жыл­дам­дығын арттыру бүгінде кезек күт­тірмейтін мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты ол биыл ин­тернеттің жылдамдығын екі есеге арттыру жоспарланып отыр­ғанын айтты. Оның айтуынша, «Мегалайн хит» тарифтік жоспары бой­ынша 512 Кбит/с-тен 1 Мбит/с-ке арттыру көзделуде. Ал 2012 жыл­ға қарай «Қазақтелеком» интернетке қосылған секөнтіне 40 мегабит жылдамдығы бар опти­ка­лық-талшықтық жүйені жүргізуді жоспарлауда. Сонымен бірге, ол интернеттің жылдамдығы көбей­се де оның бағасының өспейтінін, сол қазіргі қалпында қалатынын мәлімдеді. Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе, екі жаңа дата-орта­лық­та­рын тұрғызуға арналды. Қазір елі­мізде мұндай 11 орталық жұ­мыс істеуде. Ал жаңа екі орталық «Қазақтелеком» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі бойынша Астана және Алматы қалаларында салынады. Бұл орталық Қазнетті дамытумен бірге, тарифтердің ба­ғасын өсірмеуге қызмет етеді делінуде. Одан кейін Қазақстанда сандық телевизияны орнату мен 4 G жүйесін құру мәселесі қаралды. Серпінді жоба ретінде  4 G жүйесін әуелі Астана мен Алма­тыда жүргізу керек деген бір шешім қабылданды. Осы күні форумда ІТ телекоммуникациялар компанияларының көрмесі көрсетіліп, ең жаңа өн­імдердің тұсауы кесілді. Сол жерде көрмеге келушілер екі жақты іс­керлік және достық байланыс­тар орнатуға мүмкіндік алды. Дастан КЕНЖАЛИН.