11 Маусым, 2011

Жетісудың Бәтимасы

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы облысының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Бә­тима Са­қауова кезінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы мен мә­де­ниетін көтеруге өзіндік үлесін қосып, перзенттік парызын өтеген. Сонау 1968 жылы Талдықорған облыстық ат­қару комитеті төрағасының ор­ынбасары лауазымында жүр­генде бүгінгі қаладағы әлеуметтік ма­ңызы зор ғимараттардың бой көтеруіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Бар саналы ғұмыры мен қызметі туған халқының көз алдында өткендіктен болар, бүгінде оны үлкен мен кіші ақылшы ана, қамқор жан ретінде бағалайды. Өмірдің сан соқпақты қиындығы мен қызығы қатар жүре­тіні белгілі. Сондай кезде де Бәтима апай қазақ әйел­деріне тән сабырлылықты жанына серік етті. Бүгінде қызы Роза жоғары білімді дәрігер, кішіпейіл, инабаттылығымен де ортасына сыйлы. Өмірден өткен жолдасы, соғыс ардагері Еркінбай қарияның құт­ты шаңырағын ұстап, балалары мен немерелерін тәуелсіз еліміздің да­муына өзіндік үлесін қосуға тәрбиелеген әже осылай ғұмыр кешуде. Жетісудың жауқазындай жайнаған қайраткер қыздарының бірі Бә­ти­ма Есболатқызы жасы сексеннің сеңгірінен асқа­ны­мен әлі де тың, жи­ын­дар­да Елбасының саясатын қолдап, жас ұрпаққа айтар ақылын жеткізіп жүр. Қазақтың қызы деген ғажап атқа лайық Бәтима апайдың өткен өмірі кімге болсын өнеге, үлгі. Алматы облысы.