11 Маусым, 2011

Ұстаздар партаға отырды

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің білім беруді дамы­ту­дың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2011-2012 оқу жылында Эл­ектронды оқыту жүйесін (e- lear­nig) енгізу эксперименті Астана, Алматы қалаларының және Қарағанды облысының 44 білім беру мекемелерінде биылғы жыл­дың қыркүйегінен басталмақ. Бұл ретте арнайы мамандар қазіргі таңда жүйелі жұмыстар жүргі­зу­де. Соның бірі 23 мамыр мен 22 шілде аралығында Астана қала­сы­ның 10 білім беру ұйымының 859 ұстазы «Электронды оқыту жүйесін енгізу жағдайында білім контенттерін жасау техноло­гия­сы» тақырыбында білім беру жү­йе­сінің басшы және ғылыми-пе­дагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық инс­ти­туттың ұйымдастырып жатқан курстарынан білімдерін жетілдірулері дер едік. Елорданың бірқатар мектептері базасында өткізіліп жатқан бұл курстарды өзінде өткізуде белсенділік танытып жатқан білім ош­а­ғының бірі №53 мектеп-лицейі десек, мұнда жалпы саны 124 мұ­ғалім біліктіліктерін арттыруда. Қазақ және орыс тілдерінде бар­лы­ғы төрт топ болып білімін жетілдіріп жатқан ұстаздар легі атал­ған бастаманың берері мол екенін айтады. № 37 Сырбай Мәу­ленов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі Нағима Жұмабай бұл курс­та өзіне көп нәрседен мағлұ­мат­тар алғанын және электронды журнал жайында да біршама хабардар болып, оқудың өте қы­зық­ты өтіп жатқанын айтса, №53 мек­теп-лицейдің бастауыш сы­нып мұ­ғалімі Шолпан Смайылова бала­лардың білімге, шығармашы­лық­қа деген қызығушылығын оятуда көп дүниелер алуға болатын­ды­ғын жеткізді. Сондай-ақ осы ретте мектеп директорлары мен ол­ар­­дың орынбасарлары жоғарыда атал­ған республикалық институтта өз біліктіліктерін арттыра­тын­дарын айта кеткен абзал. Курсты ұстаздарға қызықты да жүйелі түрде жүргізуде барын сала кірісіп жүрген дәріскелер қа­та­рында Білім беру жүйесінің бас­шы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың ақ­па­раттық технологиялар кафед­ра­сының аға оқытушысы Жанар Жартынова мен осы институттың аға әдіскері Ғалым Іркітбай сын­ды мамандар бар. Оқытудың жаңа парадигмасына көшу тетіктері са­палы білім мен оқытудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ете­тін педагогикалық және ақпа­ра­т­тық-коммуникациялық техно­ло­гия­лардың кіріктірілуі негізінде эл­ек­тронды оқыту болып табылады. Аға оқытушы Жанар Әлібек­қызы қанатқақты жобаға орай өт­кізіліп жатқан курстардың мақса­ты білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының сапалы білімге бағытталған үздік білім ре­сур­с­тары мен технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін айтады. Сондай-ақ ол алға қойған мақсатқа қол жеткізу сыртқы ортаның ақпараттық кірігуін білімді басқару тиімділігін, сондай-ақ білім сапасын көтеру болып табылатынын да назардан тыс қалдырмады. Оның айту­ын­ша, электронды оқыту жүйесін қол­дану қала баласы мен ауыл ба­ласының арасындағы теңсіздікті жоюға кеңірек жол ашады. Осы орайда бұл бастаманың берер пай­дасы мол болмақ. Сонымен қатар, электронды жур­налдар арқылы, бұйыртса, ал­дағы уақыттарда ата-ана баласы­ның қандай деңгейде білім алып жатқанынан хабардар болып отыр­­мақ. Бұл өз кезегінде іскер ата-аналар үшін таптырмайтын мүм­­кіндік екені айтпаса да түсінікті. Электронды жүйені кеңінен қол­данудың нәтижесінде бала үлге­рімін бақылап отыру да жеңілдей түседі екен. Бастаманың қанатқақты жоба­сы­ның аяқ алысы курста дәріс тыңдап, біліктіліктерін жетілдіріп жатқан ұстаздар қауымы тара­пы­нан әзірге қолдау тауып жат­қанының шет жағасын көз көрді. Ал оның түбегейлі нәтиже береді деп жоспарланған уақыты әлі алда. Әйтсе де жақсы басталған іс­тің жартылай біткен іс екенін де қаперде ұстаған жөн шығар. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.