Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын тікұшақпен аралап, қарап шықты.
Осыдан он жыл бұрын Сарыарқаның төсінде орналасқан Астана маңы ағашы мен бұтасы, талы мен терегі сирек кездесетін жалаңаш дала болатын. Бүгінде сол дала мүлде өзгеше кейіпке енген. Себебі, жыл санап қаланың айналасы ажарына ажар қосатын жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Мәселен, бүгінгі таңда елорданың көркін кіргізген жасыл аймақтың жалпы ауданы 16 584 гектарды құрайды. Оның ішінде 11 502,2 гектар аумақты ауқымды орманды алқап алып жатыр. Онда 9,6 миллион түп ағаш пен 1,9 миллион бұта өсірілген. Жасыл желектер арасынан қарағай, сүйелді қайың, ұсақ жапырақты және жалпақ жапырақты шегіршін, көде, боз жиде, сары қарақат, терек, ақ көріктал, бөріжидек секілді ағаштарды, өсімдіктер мен жидектерді жиі кездестіруге болады.
Бас қаланың жасыл аймағын қалыптастыру Елбасының тапсырмасы бойынша 2009 жылдан басталған-тұғын. Сол уақыттан бері елорданың жасыл белдеуін, ондағы жасыл желектерді күтімге алу, орманды алқапты өрттен қорғау, зиянкестермен күрес жұмыстарымен «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысып келеді.
Ағымдағы жылы бұл кәсіпорын бұған дейін егіліп, отырғызылған жасыл желектерді, оңтүстік-батыс бөлікте және Талдыкөл тоғанында 4500 гектар ауданға жайылатын орман алқаптарын қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға және жасыл желектерді түгендеуге кірісіп кетті.
Алайда, орман алқабына қатысты жұмыстар тек бұлармен түгесілмейді. Алда бұдан да басқа жоба-жоспарлар, іс-шаралар өз кезегін күтіп тұр. Мәселен, 2013 – 2022 жылдар аралығында 6042 гектарға жуық жарамды орман аумағында төрт жобалау-тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Оның 4317 гектарына 6 243 405 екпе көшет отырғызылса, ал 1725 гектар жерге шөп егілмек. Аталған жобаны жүзеге асырудың мәні – жасыл белдеуді орман алқаптарына айналдыру, ұзақ жыл жасайтын, қылқанды, жемісті тұқымдардан тұратын, санитарлық-гигиеналық және эстетикалық қасиеттерімен ерекшеленетін тұрақты орман алқабын қалыптастыру, сондай-ақ, орман аумақтарын тиімді пайдалану.
Бұл жұмыстардың басы-қасында жүрген «Астана орманы» МКК 2010 жылдан бері көшет тұқымдарын іріктеу, энтомофагтерді, яғни жасыл желекке зиян келтірмейтін жәндіктерді көбейту мақсатында көпжылдық екпе шөптер егу, хайуанаттар әлемін дамыту үшін құстар мен жануарларды өсіру бойынша ғылыми-тәжірибелік шаралар жүргізіп келеді. Бұл мақсатта құс ұстайтын арнайы торлар орнатылып, 105 қырғауыл сатып алыныпты. Мамандардың сөзіне қарағанда, бүгінде қырғауылдар белсенді көбею үстінде.
Биылғы жылдың көктемінде кейбір қылқан жапырақты өсімдіктердің бұрын осы аймақта өсірілмеген түрлері Астана қаласының жасыл белдеуіне көшірілген. Мәселен, 60 гектар аумақты алып жатқан аймаққа қарағайдың, балқарағайдың, самырсынның, шыршаның жас көшеттері отырғызылған. Олар Қазан қаласындағы орман тәлімбағынан арнайы жеткізіліпті.
Орман алқабын аралап шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Астананың төңірегіндегі жасыл желекті жаңа орманды көру арқылы бүгінгі күнге дейін басы қайырылған жұмыстардың нәтижесіне қаныққанын жеткізді. 1997 жылдан бастап Астана төңірегіндегі 55 мың гектар жерге орман егілді. Олардың 16,5 мыңға жуық гектарына 12 миллионға тарта ағаш, тал-шілік пен бұта отырғызылған. Бұлардың барлығы қаланың аумағын табиғи экологиялық жүйеге айналдыруға сеп болуда. Кезінде егілген жас көшеттердің басым көпшілігі бүгінде жайқалып өсіп тұр. Біз осы арқылы өзіміздің елімізді жасыл желекпен көмкеріп, жасыл аймаққа айналдырып келеміз. Қаланың төңірегінде мұндай орман бұрын-соңды болмаған. 2000 жылдан бастап егілген ағаштар 10 жылдың ішінде әжептәуір өсіпті. Арасында жидекті ағаштар, саңырауқұлақтар да бар. Демек, біз орманның флорасын қалыптастырдық, енді осы орманның ішіне фаунаны, яғни экожүйені орнықтыруымыз керек. Ол үшін орман алқабына қырғауыл құсы мен елік, қоян, түлкі секілді аңдар жіберіліп жатыр. Себебі, бұл жер тек саялы ағаштарға ғана емес, аң-құстардың түрлеріне де бай болуы керек. Бұл жерге Астана халқының келіп, демалуына жағдай жасалған. Бүгінде біздің қаламыздың өзі ғана әдемі емес, оның төңірегінде де ешқашан болмаған орманды алқап өсіп келеді. Бұл – болашаққа, Қазақстанның болашағына деген, жастарымызға деген қазіргі ұрпақтың сыйлығы. Ауамыз таза, төңірегіміз жасыл желекке айналсын деген мақсатпен халыққа жасап жатқан үлкен жұмысымыз. Бұл ретте орманшылардың, Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің жұмыстары ерен, деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев елді көгалдандыру бағытындағы «Жасыл аймақ» бағдарламасы шеңберінде жалпы Қазақстанның жер-жерінде жасыл желектің көбейіп келе жатқанын атап өтті. Әлемдегі қай ел мұндай жұмыстарды қолға алып отыр. Бұл мемлекетіміз бен халқымыздың экологиялық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы әлемдік жүйеге қосқан үлесі, деді бұл турасында Мемлекет басшысы.
Бір айта кетерлігі, жасыл аймақтағы ландшафттық көріністің тартымдылығын арттыру үшін Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көк желекті орман аумағының халықтың демалысы мен тынығуына қолайлы болуын қамтамасыз етуге бар күш-жігерлерін салуда екен. Осы орайда, бүгінгі күнге дейін 50 автокөлікке арналған тұрақ орнатылып, ұзақтығы 2 шақырым болатын велосипед жолы салыныпты.
Әрине, Арқа өңірінің табиғи ерекшелігін, ауа райының құбылмалылығын ескерсек, сортаң жазықты нулы орманға айналдыру оңай шаруа емес. Бұған, ең алдымен, Елбасы сенім артқан сала мамандарының біліктілігі мен тәжірибесі ауадай қажет. Ал Астана маңын жасыл желекпен көмкерген орман алқабы көп тарапынан бағаланбай қоймасы анық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.