Кеше ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палатаның Қаржы және бюджет комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша тәуекелдерді азайту бөлігінде толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Ғарыш қызметі туралы» және соған сәйкес ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бірнеше заң жобасын күн тәртібіне шығаруды ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімді ратификациялау туралы», Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөнінде, Қазақстан мен Корея арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы, «Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және басқа да халықаралық маңызы бар заң жобалары палата талқысына ұсынылады.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті бірқатар заңнамалық актілерге ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер енгізуді қарастырған заң жобасын екінші оқылымда қарау үшін күн тәртібіне енгізуге дайын екенін мәлімдеді.