Аптаның соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды.
Премьер-Министрдің орынбасары сапарын жұма күні Семейден бастады. Онымен бірге Семейге атқарушы билік, банк және ұлттық компаниялар өкілдері, сондай-ақ парламенттік топ мүшелері келді.
Олар ең алдымен «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік кәсіпорнына қарасты бірінші жылу орталығында болып, ондағы жұмыспен танысты. Бұл орталық биылғы жылы іске қосылған болатын. Үкімет тарапынан бөлінген 7 миллиардтан астам теңге су жылыту қазандығының құрылысына жұмсалған-ды. Ал қазір жылу орталығының жетінші қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Химиялық су тазарту кешенінің, жанар-жағар май жеткізу желісінің және жаңа су қондырғыларының құрылысы да биылғы жылы аяқталмақ. Қала басшылығы мәлімдеп отырғанындай, Үкімет тарапынан Семей қаласының коммуналдық жүйесін жандандыруға жасалып жатқан қамқорлықта кемшін жоқ. Сондықтан жылдар бойы қордаланып келген бұл күрделі мәселенің оң шешім табатын күні де алыс емес.
Үкімет басшысының орынбасары бұдан кейін «Шығыс сусындары» жекеменшік серіктестігінде болды. Елімізде шөлмек дайындайтын екі зауыттың бірі осында. Өкінішке қарай, қала бюджетіне қыруар қаржы құйып келген бұл кәсіпорын соңғы жылдары тоқырап қалған-ды. Енді ол қайтадан қатарға қосылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әсет Исекешев келесі кезекте тері өңдеумен және бәсекеге қабілетті тері-жүн өнімдерін дайындаумен айналысатын «Семей жүн-тері» жекеменшік серіктестігінде болып, аталған кәсіпорынның жай-күйімен танысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қонақтарға аталған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі хақында толық түсінік берді.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Өскемендегі «Востокмашзавод» және «Конденсатзавод» акционерлік қоғамдарында болды. Ал бүгін оның қатысуымен облыстық әкімдікте өңірдегі кейбір кәсіпорындардың болашақтағы дамуы және еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасын үйлестіру жөнінде кеңестер өткізіледі деп күтілуде.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.