11 Маусым, 2011

Халыққа көмектің қалтқысыз көрінісі

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының баспасөз орталығында Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ж.Жүкенов «Нұр Отан» ХДП Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс қорытындысын шығаруға арналған  кезекті  брифингін өткізді. Ол журналистер алдында көптеген мәліметтерді көлденең тартты. 2011 жылдың есеп беріліп отырған кезеңінде Қоғамдық қа­был­дау бөлмелеріне 5 569 өтініш түсті, соның ішінде жазбаша өтініштер саны  – 1960. Талдау кезеңінде өткен жылдың осы уа­қы­тымен салыстырғанда, өтініш­тер­дің баспанамен қамтамасыз етуге қатыстысы – 6,4 пайызға, зейнетақы және төлемақы төлеу бойынша – 5,9 пайызға, тұрғын үй-комму­нал­дық салалары және еңбекке ор­на­ластыру жөнінде 4,1 пайызға  елеулі төмендегені байқалды. Сонымен бірге, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда, сот шешімімен келіспеу үш есеге, ал еңбекақыны төлемеу мәселесі жөніндегі өтініштер екі есеге көбейген. Партияның қоғамдық қабыл­дау бөлмелері арқылы мемлекеттік органдарға жіберілген   аза­мат­тардың өтініштерін қарау бой­ынша жұмыстар жалғасуда. Есеп беру кезеңінде мемлекеттік және құзыретті органдарға қарау үшін 1556 (жазбаша түскен өті­ніштердің жалпы санының 79,3%-ы) өтініш жіберілді. Олардың қа­рауға жіберілген жалпы санынан 60% құрайтын 939 өтінішіне жауап алынды. Бұл ретте 410 өтініш  (44%) өзінің оң шешімін тапты. Есеп беру кезеңінде партия­ның Қоғамдық қабылдау бөл­ме­леріне 669 өтініш келіп түсті, оның ішінде жазбашасы – 421. Келіп түскен жазбаша өтініш­тер­дің ең үлкен саны: Астана қала­сының тұрғындарынан – 113, Алматы қаласынан – 77 және Ақ­мола облысынан – 30. 2011 жыл­дың мамыр айында партия­ның Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне кеңес алу мақсатында 3609 адам, оның ішінде заң бойынша көмек сұраған 2071 адам (75%) келді. Барлық азаматтар ауызша өті­ніштері бойынша қажетті ке­ңестер мен нақты түсініктемелер алды. Үстіміздегі жылдың 18-20 мамырында партия Орталық ап­па­ратының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әділет министрлігімен бірлестікте халыққа құқық­тық көмек беріп, олардың құқық­тық сауаттылығын арттыру мақ­са­тында «Әділет кеңес береді» республикалық акциясы өтті. Акция барысында еліміздің барлық аймақтарында партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелері әділет органдары өкілдерімен бірлесе отырып, халықпен 85 кездесу, кәсіпорындарға 58 сапар және оқу орындарына 65 сапар, сон­дай-ақ  Халыққа қызмет көрсе­ту­дің 70 орталығында азаматтармен кездесу ұйымдастырды. Әділет және қылмыстық-атқарушы жүйе органдарының, «Жылжымайтын мүлік» РМК, «Сот сараптамасы орталықтары», нотариалды палата, адвокаттар алқасы мен баға­лаушылар палатасының өкілдері құқықтық көмек сұрап келген 23 585-тен астам адамға кеңес берді. Келіп түскен 17 078 жазбаша өті­ніштің шамамен 3718-і оңтайлы шешімін тапса, 12 365-тен ас­тамы өтініш иелеріне көтерген мә­селелері жөнінде түсінік­темелер берілді және 995-і қаралуда. Барлық деңгейдегі депутаттар, мемлекеттік органдар, об­лыстық, қалалық, аудандық өкілдер азаматтарды қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.