11 Маусым, 2011

Ынтымақтастық ырыс әкеледі

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов БҰҰ мекемелерінің Қазақстандағы басшы­лары­мен кездесу өткізді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өмірге келген, халықаралық жоғары беделге ие Біріккен Ұлт­тар Ұйымына мүшелікке өту ке­ңестік дәуірдегі Қазақстан үшін қол жетпейтін биіктей көрінетін. Тек еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген шақта барып қана БҰҰ мен Қазақстан арасында ын­ты­мақтастық орнаған. Және оның табысты болып жүргені де аян. БҰҰ Қазақстанның ядролық қару­дан бас тарту  мен оны таратпау жөніндегі бастамасына қызу қолдау білдірді. Ал 19 жыл ішінде Қазақ елі мен БҰҰ арасында жүйелі түрде жүргізілген ынты­мақтастық жедел дамып, жүрі­сі­нен жаңылмай келеді. Осы жылдар ішінде Қазақ­стан­да БҰҰ-ның 19 арнайы өкіл­дік мекемесі ашылып, қорлары мен жүйелік бағдарламалары бел­сенді жұмыс істеуде. БҰҰ жүйесі мемлекеттің қалыптасу және әлеуметтік-экономикалық құ­рылыстың нарықтық эконо­ми­ка жағдайына бейімделу кезе­ңін­де үлкен қолдау көрсетті. Соңғы жылдары Қазақстан мен БҰҰ қарым-қатынасында барлық  салалар бойынша өзара әрекет­теудің белсенділігі байқалады. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылы Қазақ­станға екі мәрте сапармен келуі, 2011 жылы оның орын­басарларының елімізге атбасын тіреуі, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары лауазы­мына тағайындалуы мен  БҰҰ-ның елімізде бірқатар кең ау­қымды форумдарының өткізілуі жоғарыда айтылған ойдың нақты дәлелі болып табылады. Еліміздің сыртқы саясат ве­дом­ствосы басшысымен өткен кез­десу барысында қарым-қаты­на­сымызды жаңа сапалық дең­гей­ге көтеру перспективалары жай­ында айтыла келе, тараптар тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл­дық тарихындағы БҰҰ мен ара­да­ғы  ынтымақтастық нәтиже­ле­рін жоғары бағалап, алдағы уа­қыт­тағы да өзара әрекеттесудің мүмкіншіліктерін белгіледі. Сон­дай-ақ әңгіме кезінде Алматы қа­ласын көпжақты дипломатияның субаймақтық деңгейдегі жүйелік торабына айналдыру бойынша және БҰҰ-ның елдегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асы­рылуына қатысу мәселелері жан-жақты талқыланды. Иә, қай кезде де ынты­мақ­тастық ырыс әкелетіні айқын. Әлем түтінінің дұрыс ұшуына ұзақ жылдар бойы араласып, уәлі сөзін айтатын БҰҰ-мен ынты­мақ­тастық еліміздің ырысын молайта түскей. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.