Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 27 қаңтардағы Жарлығымен маусым айын «Патриотизм» ұранымен өткізу белгіленген еді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қостанайда Патриоттар форумы ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық аймағынан өкілдер қатысқан болатын. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған айтулы шара діттеген мақсатына қол жеткізді деп үлкен сеніммен айтуға негіз бар.
Оны сол шараға қатысқан делегация өкілдерінің төмендегі топтамада берілген пікірлері айғақтай түседі.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде алғаш рет өткен Патриоттар форумынан ерекше әсерге бөлендік. Өйткені, бұл әдеттегі жиын емес еді. Әсіресе, бұл форумның тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген, бүгінде алды еңбекке араласа бастаған жастар үшін өнегелі шара болғаны даусыз. Форумда сөз алған Шота Уәлихановтай мемлекеттік рәміз авторының, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің шешендік сөздері жастар жүрегіне отаншылдық, елжандылық қасиеттің сәулесін себезгіледі.
Жалпы, қазақ жастары елдің патриоты болуды кімнен, қалай үйрену қажет? Қазақ елі Тәуелсіздіктің 20 жылында бұрын-соңды қол жетпеген жасампаз істермен, толайым жетістіктермен қарқынды дамуға қалай қол жеткізді? Бүгінде тәубе дейік, Қазақ елін, қазақ халқын жаһан жұрты таныды. Қазақ елі десе елеңдемейтін, іскерлік, экономикалық байланыс орнатуға, біздегі өзге жұртқа үлгі болардай реформаларымыздан өнеге алуға ұмтылмайтын, ХХІ ғасырдағы әлемдік сәулет өнерімен жарқыраған жауһар елордамыз – Астанамызға таңданбайтын, тамсанбайтын ел жоқ. Қазақстанды 20 жылда әлем таныған жаңа тұрпаттағы мемлекет ретінде қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар. Сөзі мен ісі қабысқан қазақтың нағыз патриоты Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақтың елін де, жерін де, тілін де сүйетіні, әлем елдері алдында қазақтың абыройын асқақтатқаны баршамыздың мерейімізді тасытты.
Қазақ жастары елінің патриоты болуды алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы тәжірибесінен, саясаткерлігінен үйренсе дейміз. Кейде әлдебір адамдардың «Мен – елімнің патриотымын!» деп кеуде кере сөйлегенімен, ісінен патриоттыққа жұғыспайтын әрекеттер көріп жүреміз. Ал Нұрсұлтан Назарбаев кеудемсоқтық танытпай-ақ Қазақ елін ЕҚЫҰ-ға төраға етті. Осы ұйымға мүше елдердің басшыларын жинап, Астана Саммитін өткізді. Енді жақында Қазақ елі Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық тізгінін ұстамақ. Бұдан өзге, Қазақ елінің араласуымен түрлі шаралары өтіп жататын халықаралық ұйымдар қаншама! Міне, осының бәрін ой елегінен өткізгенде, елдің келешегі үшін ерінбей еңбек ету арқылы кейінгі толқынның бойына отаншылдық, елжандылық қасиеттерді сіңіруге болатынына көз жете түседі.
Кейбіреулер патриот болу үшін ерлік көрсету қажет дейді. Бүгінгі өркениетті, бейбіт қоғамда әскерилерге тән ерлікті көрсету баршаның маңдайына жазыла бермейді. Бірақ, солай екен деп қоғамдық дамуға, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне атсалысудан шеттеуге болмас. Меніңше, әр қазақстандық туған Отанына, елінің келешегіне адал қызмет етуімен де патриот бола алатынын ұмытпаса екен.
Дамирбек ИДРИС, Атырау облыстық жастар мәслихатының төрағасы.
Атырау облысы.