Былтырғы жылғы орман өрті кезінде ауыл тұрғындарына дер кезінде көмекке келгені үшін Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Жабағылы ауылындағы дәрігерлік бөлімшенің дәрігері Шаттық Батырханова осылай дейді:
Қостанай қаласында болған «Ел патриоттары» форумынан, шынын айтсам, үлкен әсермен оралдым. Елдің патриоты, оның тағдырына жауапты адамдардың бірі ретінде менің осы форумға шақырылғанымның өзін бақыт деп санаймын. Біз 80-жылдардың елім, жерім деп өскен өршіл рухты жастарымыз ғой. Бізден кейінгі жастарға осы рух Қостанайда ұйымдастырылған форумдар арқылы жетсе дейміз. Мен өзім Лебяжі ауданындағы туып-өскен ауылым Төсағашқа Арқалық қаласындағы дәрігерлік училищені бітіріп, 1985 жылы келдім.
Қазір ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі деп жүрміз ғой. Ал біздер сол кезде-ақ ешкім бізді дәл бүгінгідей ұрандатып шақырмаса да ел ішіне, ауылға келдік, елдің патриоты болдық. Бүгінгі ұрпақ ойлы ұрпақ болса ғана осы патриоттық мәреге жетіп, елі мен жеріне адал қызмет жасай алады.
Иә, тағдыр деген сол, өзімнің жастық шағым өткен қалаға жақын Қостанайды тағы бір келіп көргеніме қуандым. Әрине, осы жерде, осы елде туып-өскен соң ештеңеден тыс қалып өмір сүре алмайсың. Форумда бас қосқан қауымды көріп, елінің болашағы үшін қызмет етіп, жалындап жүрген мынадай жастар барда еліміздің тірегі мықты деп ойладым.
Біздің ауыл шалғайда қалың орман шетінде орналасқан. Былтыр тосыннан келген апат – өрт кезінде қиындықтар көрдік. Жалғыз мен ғана емес, басқа да ауыл адамдары облыс орталығынан көмек келіп жеткенше тілсіз жаумен алыстық. Жылаған бала, үйлерінен қашқан ауыл тұрғындары, жалаңдаған өрт, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қазір ойласам, қорқынышты, ал ол кезде бізде ойлануға мұрсат болған жоқ, ауылды, жұртты апаттан сақтап қалуға жан салдық.
Әрине, мен дәрігер болған соң, басты міндетім – адамдарды ажалдан арашалап, дер кезінде көмекке келу. Өрт кезінде де осы міндетіме адал болуға бар күш-жігерімді жұмсадым.
Өзім үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырмын. Отанға, туған ауылға, елге деген махаббат, патриоттық сезім отбасынан басталады, жұбайым екеуміз балаларымыздың да осы жолда, осы мақсатта тәрбиеленіп, еліміздің жақсы азаматтары болуына үлес қоссақ дейміз.
Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.