14 Маусым, 2011

Тоғыз жасар чемпион

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Грузиннен шыққан атақты шах­матшы Нона Гаприндаш­ви­ли­дің әйелдер арасында алғаш­қы әлем чемпионы болғаны шах­мат­тан хабары бар көпшілік біледі. Сыр өңірінің тумасы Әсел Серікбай да келешекте одан ас­ып түс­песе, кем түспейтінін бай­қатып отыр. Әсел 2002 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қа­ла­дағы №136 Темірбек Жүрге­нов атындағы орта мектептің 1 сы­ныбына барғанда ол бес жаста болатын. Дайындыққа екі ай барған Әселдің оқуға деген зеректігін, алғырлығын байқаған мектеп директоры Қайыркүл Әб­диева оны 1-сыныпқа қабыл­дауға ұйғарым жасады. Сөйтіп, оны сынып жетекшісі Жұмакүл Иман­баеваға тапсырды. Жұма­күл апа­йы педагогикалық жағы­нан да­рынды, жаңалыққа жаны құмар, рухани әлемі бай, өз кәсібін жа­нындай жақсы көре­тін үлгілі ұс­таз екендігін та­ныт­ты. Иә, Әсел­дің қалалық оқу­шы­лар сарайын­дағы шахмат үй­ірмесіне баруына да апайы Жұмакүлдің әсері болды. Оның осы үйірмеде жүріп қатысқан алғашқы жарысы 2008 жылы Қарағанды қаласында өтті. Грос­смейстр Дәрмен Сәдуа­қа­сов ат­ын­­дағы ІІІ республикалық шах­мат турниріне ең жас (6 жаста болатын) ойыншы ретінде қа­ты­сып, диплом, сертификат ал­ды. Бұдан кейінгі кездегі жетістіктерге жетуіне жаттықтыру­шы­сы Риза Қошқарованың ең­бе­гі зор деп білеміз. Әселдің атасы Серікбай бұ­рын мемлекеттік қызметте істеген, қазір зейнеткерлікте. Бірде Серікбай ақсақал немересін ертіп үйімізге келді. Менің бұ­рын­ғы шахматшы екенімді білген болар, Әселдің аяқ алысын байқап көруімді өтінді. Сонымен Әселмен 3 партия ойнадым, екеуін ұттым да, үш­іншісінде жарысқа көңілі көте­ріліп, қуанып барсын деген ой­мен жорта ұтылдым. Әсел сонда: «Ата, әншейін өтірік жеңіл­діңіз ғой», деп менің ойымды біліп қойды. Ондай ойдан аулақ болуы үшін тағы да бір рет «жеңілуіме» тура келді. Әселдің республикалық турнирге қатысуы одан әрі жал­ға­сын таба берді. Сондай бір кезекті жарыс Павлодар қаласын­да 2009 жылы 7-8 жастағы шах­матшы­лар­дың арасында өтіп, Әсел одан бір күміс, бір қола медальмен оралды. «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тиялық партиясының 10 жыл­дығына ұйымдастырылған турнирде 1-орын, Қызылорда қала­лық және облыстық балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахмат жарыстарында 1-орын, Павлодар қаласында өткен «При­иртышие» VIII халық­ара­лық балалар фестивалінің жа­ры­сында «Блицтен» 1-орын, клас­сикалық ойыннан ІІ-орынды иеленді. Ал «Мемориал Уфимцева А.Г» ат­ын­дағы 7-8 жас аралығындағы тур­нирде 1-ші орынды жеңіп алды. Әсел 2010 жылы да үлкен же­тістіктерге жетті, олардың бә­­рін айтпай-ақ, бір-екеуін ғана айта кетейін десем, Семей қа­ласында өткен республикалық турнирде Әс­ел өзінің ерекше да­рын­ды­лы­ғын көрсетті. Осы тур­нирде Әсел классикадан 1-ші, «Блицтен» – 1-ші және тез ойнаудан 1-ші ор­ын алып, 3 алтын медальды же­ңіп алды. Әселдің 2010 жылғы есте қа­ларлықтай зор жеңісі Грецияда өткен әлем чемпионатында 86 елден қатысқан шахмат­шы­лар ара­сында өзінің жасы бойынша 11 ұпайдан 8 ұпай жинауы еді. Әселдің жеңістері үстіміз­дегі жылы да жалғасын табуда. Атап айтатын болсақ, 21-29 нау­рыз ара­лығында өткен рес­пуб­лика­лық турнирде классика­лық ойын­нан 1-ші, тез ойнаудан 1-ші, «Блиц» ойынынан 2-ші орын алып, Польшада өтетін әл­ем чем­пионатына жолдама алды. Ал Польшаның Краков қала­сында оқушылар арасында өт­кен әлем чемпионатында Әсел 9 жастағы құрбылары арасында швейцар жүйесі бойынша сын­ға түсіп, 9 ұпайдан 8,5 ұпай алып, әлем чемпионы атанды. Алдағы қазан айында ол Бра­зилияның Рио-де-Жанейро қа­ла­сында өте­тін 10 жастағы жас­өспірімдер арасындағы әлем чем­пионатына қатысатын бо­лып отыр. Әсел Серікбайдың бас аяғы екі-үш жылда 10 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан әлем чемпионы болуы алдағы уа­қыт­тар оның келешегі кемел екенін байқатады. Осыған орай мына мәселелерді де айта кетсем деймін. Яғни, Әселді мықты жат­тықтырушының бірі өз қам­қор­лығына алса, сондай-ақ шетелдерге емін-еркін шығуы үшін қалталы азаматтар көмек қолын созса, елімізде шахмат сала­сы­нан да бір талант өмірге келгелі тұр. Қожамжар НАУРЫЗБАЕВ. Қызылорда.