14 Маусым, 2011

Қазақстан-Қытай: Сенімді серіктестік бағытымен

780 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, келіссөз жүргізді. Ху Цзиньтаоның бұл сапары 15 маусымда Астанада болатын ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне жалғасады. Ал Ақордадағы кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев атап өткеніндей, бұл Қытай басшы­сы­ның Қазақстанға жасаған 7-ші сапары, ал екі жақты 25-ші кездесу екен. Осы фактінің өзі-ақ Қа­зақ­стан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қызу қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді. 2005 жылғы шілде айында болған кездесуде мемлекеттер бас­шылары стратегиялық әріп­тес­тік орнату және қарым-қаты­настарды дамыту жөнінде Бірлескен декларация қабылдаған бо­латын. Осыдан әрі екіжақты байланыс жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Бұған 2010 жылдың 11-12 маусымында Ху Цзинь­тао­ның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары серпін бере түсті. Сол жолы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының өзекті мә­се­лелері талқыланып, аймақ­тық және халықаралық қауіпсіздік жо­лындағы ықпалдастықтың перс­пек­тивалары талқыланған бола­тын. Сонымен бірге, ынты­мақ­тас­тықтың көптеген қырларын қарастырған үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылған еді. Ал Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың ақпан айында Қытайға жасаған мемлекеттік сапары ба­рысында «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізі және Қа­зақстанның Еуропа мен Қы­тай­дың жердегі көлік қатынасы ар­қылы қосылуында көліктік көпір болу перспективасының негізгі мәселелері қарастырылды. Сон­дай-ақ атом қуаты саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, Астана мен Алматы қалалары ара­сына Қытай технологиясын пай­да­ланып, жоғары жылдамдықты темір жол желісін тарту мәселесі шешілген-тін. Екі елдің арасында көп мә­селенің күрделісі трансше­кара­лық өзендерді пайдалану, сақтау және олардың суын бөлісу еді. Елбасы Н.На­зарбаевтың Қытайға сол жолғы сапарында екі елдің үкіметтері трансшекаралық өзен­дерді екі жақты тиімді пайдалану әрі та­би­ғатын сақтау мәселесін қамтыған келісімге қол қойды. Осы са­пардың алдында, 2009 жылдың аяғында Астанаға келгенінде Ху Цзиньтао бұл мәселе жөнінде: «Қытай жағы транс­шекаралық өзендердің сақталу және оларды тиімді пайдалану мәселесінің әділетті шешілуіне үлкен мән береді, сондай-ақ суды бөлісу бағы­тындағы жұмыстарды шешуді тездетуге дайын», деген еді. Сол сөз жерде қалмай, ақыры үсті­міздегі жылдың ақпан айында үкіметаралық келісімге қол қой­ылған-тын. Қытай Халық Республикасы Қазақстанмен халықаралық ұй­ым­дар шеңберіндегі жұмыстарды да қазір белсендірек жүргізіп келеді. Соның ішінде БҰҰ мен ШЫҰ қызметінде екі жақтың позициялары айқын және бір-бірін қолдауға дайын. Қытай АӨСШК шеңберінде, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съездерінде көте­ріл­ген бастамаларға да қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан мен ҚХР арасында қауіпсіздік пен әскери саладағы ынтымақтастықтар екі жақтың арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері­нің түрлі әскери дайындықтарға бірлесе қатысуынан көрінеді. Екі елдің қорғаныс ведомстволары арасында өзара өтемсіз әскери  көмек көрсету туралы хаттамаға қол қойылған. Қытай халқының саны жө­нінен (1,3 млрд. адам) әлемде бірінші, ал жер көлемі жағынан (9,6 млн. шаршы шақырым) үшін­ші орын алады. Ел астанасы Бейжің қаласында 17 млн. адам тұрады. Қытайдың құрғақтағы шекарасының ұзындығы 22,8 мың шақырым. Ол Қытайды 14 елмен шектестіріп тұр, соның ішін­де солтүстік-батысында Қа­зақ­станмен шектеседі. Қытай жағалауларын Сары, Шығыс-Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздері шаяды, елдің су бетіндегі шекарасының ұзынды­ғы 18 мың шақырым. Қытайдың Тайвань және Хайнань деген екі үлкен аралдары бар. Теңіз жаға­лауындағы өңірлерінде халық тығыз қоныстанған, мұнда әрбір шаршы шақырымға 400 адамнан келеді. Ал Орталық Қытайдағы тығыздық 200-ден, батысында аз – 10 адамнан келеді. Қытайдың аумағында 56 түрлі ұлт өкілдері тұрады, соның ішінде 18 ұлттың саны 1 млн. адамнан артық. Қазақ халқы да со­лар­дың бірі, соңғы деректерге қара­ған­да, онда 1,5 млн.-нан астам қазақ тұрады. Ел халқының 91,6 пайызы қытайлар. ҚХР адам са­нын реттеуге арналған саясатын жалғастырып келеді. Мұнда тек ауылды жерлерде тұрып, ауыл шаруашылығымен айналысатын қол еңбегіне зәру болып отырған шаруаларға ғана бірнеше балалы болуға рұқсат етілген, сонымен бірге, аз ұлттарға да үш балалы болуға мүмкіншілік берілген. Ал қалған ұлттар үшін бала саны шектеулі. Қытай социалистік ел бол­ға­нымен, радикалды атеистік орта құрмаған, мұнда бірнеше әлемдік діндер еркін тараған. Соның ішіндегі ең үлкені буддизм. Қы­тайда 13 мың будда храмдары мен монастырьлері бар, оларда 200 мыңнан артық адам монах болып отыр. Ислам діні де жақсы дамыған, елдегі 20 млн.-нан астам мұсылман үшін 30 мыңдай мешіт бар. Үшінші орындағы да­мыған дін даосизм, оның 1500-дей храмдары мен монастырьлері бар. Сондай-ақ христиан дінінің католицизм мен протестанттығы да кең тараған, оларды тұтына­тын адамдар саны 20 млн.-нан асады. Қытайдың ресми тілі «путунхуа» – қазір БҰҰ-ның алты жұ­мыс тілінің бірі. Елдер биліктегі Қытай Компартиясынан (ҚКП) басқа 8 партия ресми түрде тіркелген. Компартияның құрамын­да 76 млн.-ға жуық мүше бар. Ол елдегі саяси билікті 2003 жылы жарияланған «ғылыми жолмен да­му» атты тұжырымға сәйкес бас­қарып келеді. Ху Цзиньтао Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хат­шы­сы болып табылады. 2006 жылы елде Ху Цзиньтаоның «үйлесімді қоғам» құру атты теориясы ресми түрде жарияланып, қазір іске асып жатыр.   Басқа партиялар қатарында 100 мыңның ар жақ бер жағында ғана мүшелер бар. Олардың бәлендей ықпалы жоқ. Сөз орайында Қытай Ком­партиясының тарихына қысқаша тоқтала кетейік. ҚКП 1956 жыл­ғы 8 съезде Мао Цзедунның «үл­кен секіріс» атты саяси бағыты жеңіске жетіп, 1958-66 жылдары ол ұлы елдің экономикасын біршама шайқап кетті. 1966-1976 жыл­дары ол Қытайда социа­лизм­нің айрықша жолын жасаймыз деген «мәдени революцияға» ұлас­ты. Осы жылдары Қытайдың басына КСРО-да 1930-жылдары болған нәубет төніп, бірсыпыра интеллигенция өкілдері зардап шекті. 1978 жылы Үкімет басына келген Дэн Сяопин бұл бағытты қатты сынап, социалистік на­рық­тық экономика бағытын жария­ла­ды. Осы бағыттың арқасында Қытайдың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуы күрт көтеріліп, 90-шы жылдардың басынан Қытай өз халқын азық-түлікпен толық қам­тамасыз ететін ел болды. Дэн Сяо­пиннің реформасын Цзян Цзэминь (1993 жылдан Төраға бол­ды) мен Ху Цзиньтао (2002 жылдан Төраға) табысты жал­ғас­ты­рып келеді. 1990 жылдан бері ҚХР ІЖӨ-сінің жыл сайынғы өсімі 9-10 пайыздан кем болған емес. Ол ІЖӨ көлемі жөнінен қазір әлемде  АҚШ-тан кейін екінші орын алады. Қазір Қытай ІЖӨ өсімін 10 пайыздан 7,5 пайызға түсіруді жоспарлап отыр. Сөйтіп, боса­ған қыруар қаржыны қала мен ауыл тұрғындары арасындағы өмір дең­гейін теңестіруге жұм­самақ. Бүгінде Қытай халқының 75 пай­ызы ауылды жерлерде тұрады. 2010 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналы­мы 14,1 млрд. долларды құрады. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 9,5 млрд. доллар болған еді. Қазір Қытай Қазақстанның сыртқы сауда әріптестерінің арасында 17 пайыздық үлеске ие болып, екінші орын (бірінші орында ЕО елдері) алады. Ал Қазақстан Қы­тайдың ТМД-дағы екінші орын­дағы (біріншісі Ресей) әріптесі. 2009 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Қытай компанияларының қатысуымен өндірілген мұнай көлемі 25,8 млн. тоннаға жетті. Бұл – елімізде өндірілген барлық мұнайдың 33,7 пайызы. Осы көлемнің Қытай компанияларының үлесіне тиетіні 16,7 млн. тонна, яғни 21,8 пайыз. 2010 жылдың 21 желтоқ­са­нында Бейнеу-Шымкент бағыты­мен жүретін «Қазақстан-Қытай» газ құбыры екінші учаскесінің ресми ашылуы болды. Ол шара Бозой компрессорлық стансасы­ның құрылысында өткізілді. Жал­пы айтқанда, Қытай кәсіп­орындарының қатысуымен Қа­зақ­станда аса маңызды инфра­құры­лымдық жобалар іске асы­рылуда. Мәселен, 2009 жылғы жел­тоқсанда «Бақты» мен «Ала­шаңқайда» еркін сауда аймағы салтанатты түрде ашылды. Қа­зақстан азаматтары мұнда визасыз ене алады. Сондай-ақ 2009 жылғы сәуір­де Қазақстан мен Қытай үкімет­тері арасында энергетика және несиелендіру саласында кешенді ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылып, соған сәйкес Қытай жағы Қазақстанға 10 млрд. доллардың корпоративті не­сиесін бөлгенін білеміз. Соның 5 млрд. доллары келісімге сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен СNPC арасындағы бірлескен жо­баларды қаржыландыруға бө­лінді. Қазақстан мен Қытай уран өндіру саласында да ынтымақ­тас­тығын арттырып келеді. 2011 жылдың ақпан айында Елба­сы­ның Қытайға сапары аясында яд­ролық-энергетикалық саладағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды. Осы құжатқа сәй­кес алдағы уақытта Қазақстан Қы­тайдың уран концентратына деген сұранысының 40 пайызын жабатын болады. Қазақстан мен Қытай арасын­дағы мәдени-гуманитарлық сала­да­ғы ынтымақтастық та артып келеді. 2007 жылдың 12-19 қазан аралығында ҚХР-да Қазақ­стан­ның мәдени күндері болды. Ел­басы Н.Назарбаевтың 9 кітабы Қытайда қытай және қазақ тілдерінде басылып шықты. Екі елдің оқымыстылары бірлесе отырып, қытай архивтерінің деректері негізінде «Ежелгі үйсін елі», түркі мемлекеті туралы «Ұлы Түрік қа­ғанаты» атты кітаптар шығарды. Ал Ақордадағы Нұрсұлтан На­зарбаев пен Ху Цзиньтаоның кешегі кездесуі алдымен шағын құрамда өтті. Одан кейін тараптар кездесуді кеңейтілген құрам­да жалғастырды. Осы отырысты ашарда Елбасы мәртебелі қонақ­қа өзінің шақыруы бойынша Ас­та­наға келіп, мемлекеттік сапар жасап отырғаны үшін алғысын білдірді. Біз өзара жылы қаты­насымыздың арқасында екі елдің арасындағы қатынасты жо­ға­ры деңгейге көтере алдық. Осы­ның өзі бәріміз үшін пай­да­лы әрі маңызды, деді Қазақстан басшы­сы. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы жылдың ме­рей­тойлы даталарға толы екенін еске алып, ол ШЫҰ – 10 жыл­дығы, Қа­зақ­стан Тәуелсіздігінің – 20 жыл­дығы, Қытай Комммунистік пар­тия­сының – 90 жыл­дығы, біздің 25-ші кездесуіміз және Сіздің біздің елге жасаған 7-ші сапарыңыз, деді.  Біз бүгінгі кездесуімізде екі мемлекет ара­сын­дағы бүкіл ел көлеміндегі стра­тегиялық әріп­тес­тікке қол жет­кізгеніміз туралы жариялай­мыз. ҚХР – біздің аса маңызды инвестициялық әріп­те­сіміз. Бірлескен инвестициялық жобалар­дың стратегиялық маңы­зы өте зор. Соның ішінде «Қа­зақстан-Қытай» газ құбырының екінші кезегін іске асыру өте маңызды. Бұ­лар туралы біз бүгін қол қоя­тын декларацияда да айтылған. Мені, әсіресе, Қы­тай­мен арадағы шикізатты емес са­ладағы ынты­мақ­тастық қызық­ты­ра­ды. Осы са­ладағы ынтымақ­тас­тығымыз ал­дағы уақытта да арта берер деген үміттемін, деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао дос көңілдегі Қазақ­станға келу өзі үшін қуаныш екенін жеткізді. Ол Қазақстанның 20 жылда өте үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Кеңейтілген құрамдағы кездесу аяқталған соң тараптар екіжақты құжаттарға қол қойды. Соның ішінде Қазақстан мен ҚХР арасында көпжақты страте­гия­лық әріптестікті дамыту ту­ра­лы Бірлескен декларацияға Мемлекеттер басшылары қол қойды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қор­ғау саласындағы ынтымақтастық пен Қазақстан Ұлттық банкі мен Қытай Халық банкі арасында ұлттық валюталар алмасу туралы уағдаластықтарға да қол жеткізілді. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао журналистермен брифинг өткізді. Онда Қазақстан басшысы келіссөздер­дің жемісті болғанын, қол қойыл­ған құжаттар біздің ел халық­тарының мүддесінен туындап отыр­ғанын, сондықтан да олар­дың әрқайсысы да маңызды екенін атап өтті. Қытаймен арадағы әріптестігіміз өзара сенімге, ашықтыққа негізделген, деді ол. Біз алдағы уақытта да екі елдің арасындағы экономикалық ынты­мақтастықты арттыра беретін бо­ламыз дей келіп, жоғарыда атал­ған «Батыс Еуропа–Батыс Қы­тай», темір жол саласындағы жобалар, Бейнеу-Шымкент газ құ­бы­рының екінші кезегі, т.б. атап өтті. Сөзінің соңында Қытаймен арада аймақтық және аймақара­лық тұрақтылық пен қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету жолында толық түсіністік барын жеткізді. Өз кезегінде Ху Цзиньтао Президент Н.Назарбаевтың айт­қан пікірлерін толық қолдай­тынын айта келіп, Қытай мен Қа­зақстан арасында қол қойылған Мәлімдемеге сәйкес әріптестік қа­тынастардың одан әрі де өр­кендей беретініне сенім білдірді. Жақсыбай САМРАТ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.