Алматыда алғашқы анимациялық фильмдер фестивалі басталды
Бұл күнде мына дөңгелек әлемнің тұрғындары мультфильмдер жасау ісіне жүрдім-бардым қарамайды. Тек көрші Қытай елі анимациялық туындылар түсіруге жылына 700 миллион доллар бөлуге шешім шығарса, Ресей мемлекеті кассалық табыстан түсетін пайданың 20 пайызын мультипликациядан тауып отыр. Мұнан былайғы жерде біздің еліміз де мөлтек фильмдер түсіру ісіне мән бермек. Бұл туралы I қазақстандық «Ер Төстік» анимациялық фильмдер фестивалінің ашылу салтанатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев мәлімдеді.
Оқиғаға орайлас өткен баспасөз мәслихатында Ермек Аманшаев:
– Кеңес өкіметі тұсында елімізде жылына 4 мультфильм түсіріліп отырса, ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдан 2001 жылға дейін ешқандай анимациялық фильмдер түсірілмеген. «Анимациялық фильмдерді түсіру 2001 жылдан бастап қолға алына бастады десем болады. Қазір біз жылына 4-5 мөлтек фильмдерді шығарудамыз. Өткен жылы 7-8 қысқа метражды мультфильмдерді шығарып, өндіріске «Ер Төстік» пен «Самрұқ құс» атты екі толықметражды мультфильмдерді жібердік. Балаға ой салатын, тәлімдік-тәрбиелік мультфильмдерді жасауда біз санымен қатар, сапасына да үлкен мән береміз, деді.
Ұлттық киностудия жетекшісінің айтуынша, анимация саласының жоғары деңгейде дамуы үшін 1-2 жыл емес, талай жылдар керек. Және мульфильмдер жасау мен балаша ойлау, бүлдіршіндер талғамынан шығу қиынның қиыны екенін кинематография саласы әлимсақтан біледі.
– Бүгінде бізді кинотеатрлардың көбейіп жатқандығы қуантады. 2009 жылы елімізде 77 кинотеатр ғана болса, 2010 жылы оның саны 196-ға жетті. Ал, билет сатылымы бүгінде 20 миллионға жетіп отыр. Кино туындылар мен анимациялық фильмдерді жасау үшін бізде барлық жағдай жасалған, мамандар, техникалар бар, қаржы да жеткілікті, дегенмен өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болуы үшін мемлекеттің де қолдауы қажет,–деді Ермек Аманшаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 10-ға тарта киностудиялар жұмыс жасайды. Оған қоса Аманшаев алдағы күндері анимация саласында бағын сынап көргісі келетін жас режиссерлерге 5 грант бөлінетіндігін айтты. Бұл қаражат дебютанттарға тырнақалды туындыларын жасауға айтарлықтай септесетін болады.
Тұңғыш рет өткізіліп отырған фестивальге «Қазақфильм» киностудиясының өкілдерімен қатар, Шымкент, Көкшетау, Астана, Алматы және тағы да басқа қалалардан келген аниматорлар, режиссерлер, суретшілер, анимациялық кино бірлестіктерінің өкілдері, мөлтек фильмдерді жасайтын жекеменшік киностудиялардың басшылары қатысуда.
Фестивальді ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев журналистерге берген сұхбатында анимациялық туындылар түсіру қарқынды дами бастағанын айта келе: – «Фестивальді өткізудегі негізгі мақсатымыз – Қазақстандағы анимациялық мультфильмдер аясында қордаланып қалған мәселелерді талқылау, қарау, шешу болып табылады», деді.
Ендігі жерде үш күнге ұласатын фестиваль аясында «Синема Тауэрс» кинотеатры мен «Қазақфильм» киностудиясында қазақстандық анимациялық фильмдердің көрсетілімі, анимация саласындағы танымал мамандардың шеберлік дәрістері, кішкентай бүлдіршіндер үшін қалалық қуыршақ театрының қойылымдары, сонымен қатар, «Қазақ анимациясының дамуы мен болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырыстары өтпек. Дөңгелек үстелде анимациялық фильмдердің болашағы мен бүгінгі жағдайы талқыланатын болады.
Ал «Қазақфильм» киностудиясының анимациялық кино бірлестігінің жетекшісі Жәкен Дәненовтің айтуынша, «Ер Төстік» мөлтек фильмі киностудияның серпінді жобасы болып табылады.
– Бұл тұңғыш рет қолға алынып отырған толықметражды мультфильм. Туынды 60 минуттан тұрады. Онымен 10-15 шақты аниматорлар жұмыс істеуде. Мультфильмді осыдан екі жыл бұрын қолға алдық, енді алғашқы толықметражды мультфильмді жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Фильм барлық талаптарға сай, заманауи үлгіде, соңғы технологиялармен жасалуда», – деді ол.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.