Қатты қалдықтар кәдеге жаратылады
Ақтау қаласында қоқыстарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі жобаны жүзеге асыру концепциясының ресми таныстырылымы болды. Оған Еуразиялық қайта құру және даму банкі мен «Кови Консалтинг» компаниясының өкілдері қатысты. Бұл аталмыш жоба өткен жылы бастау алып, оны дайындау туралы келісім-шартқа Маңғыстау облысы әкімдігі мен Еуразиялық қайта құру және даму банкі өзара қол қойған-ды. Онда жалпы құны 23,8 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның жүзеге асырылуы аймаққа көмілуге жататын қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтуға, улы газдардың зиянды әсерін қысқарту мен «Жасыл» энергия өндіруге мүмкіндік беретіндігі айтылған-ды. Жобаның жүзеге асырылу кезеңі 2011-2014 жылдар деп белгіленген болатын. Оның бәрі сайып келгенде халықтың әл-ауқатының өсуіне орай тұрмыстық қалдықтардың да көбейе түсуіне байланысты шараның бір парасы. Бұлай деуімізге «Кови» компаниясы мамандарының пайымдауынша, 2010 жылы қаладан шығарылған қалдықтар бір тұрғынға 400 килограмнан келгені дәлел. Сондықтан да аталмыш компания бұл мәселені комплексті түрде шешу үшін бірнеше құнды ұсыныстар ұсынды. Ол – қалдықтарды жинайтын контейнерлерді де, тасымалдайтын автокөліктерді де жаңарту. Өңдеу, айыру желісін іске қосу. Сол арқылы тұрғындардың қалдықтарды түрлі-түрлі контейнерлерге салуларын күтпеуге болады екен. Жалпы тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу және сұрыптау нәтижесінде қоршаған ортаның экологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы кәдеге жаратылатындығына қоса, өндіріс процесі негізінде пластмассалық бұйымдар шығарылатын болды.
Аталмыш жобаның 2014 жылы Олимпиадалық ойындар өтетін Сочи қаласы үшін «қалдықсыз қала» концепциясы ретінде қабылданғандығы да айтылды. Сөйтіп, Ақтау қаласында қоқыстарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі жоба Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Еуропалық одақтың бірлескен нәтижелі жұмысы деуге болады. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жобаның аймағымыз үшін аса қажет те пайдалы екендігін тілге тиек етіп, Ақтау қаласы мен қаламен іргелес Мұнайлы ауданының әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына жаңадан салынатын қатты тұрмыстық қалдықтар кешенінің құрылысын тездетуге орай нақты тапсырмалар берді. Қорыта айтсақ, әсем қала маңындағы тау-тау қатты қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратар күн де алыс қалмаған тәрізді.
Жоламан Бошалақ, Ақтау .