19 маусым – Медицина қызметкерлерінің күні
Еліміз нарықтық қатынасқа көшкен жылдары медицинада жүргізіліп жатқан реформаларға тез икемделіп, Алматы қаласында ғана емес, республика көлемінде диагностикалық, емдеу және сауықтыру ісінде ғылым мен практиканы ұштастыра отырып, емдеу сапасы бойынша, жаңа технологиялар енгізуде суырылып алға шыққан Орталық қалалық клиникалық ауруханаcы – бүгінде ең үздік емдеу орнының бірегейі. Оны әр жылдары рейтингтік бағалау нәтижесі бойынша, республикадағы ең үздік клиника қатарында танылуы, 2000 жылы Брюссельде өткен отыз мемлекет қатысқан қалалық ауруханалар арасында халықаралық байқаудың бас жүлдеcін иемденуі айғақтаса керек. Ал аурухананың бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Есентай ТӘЖИЕВ 2002 жылы «Жыл адамы» деп танылып, «Алтын адам» жүлдесін жеңіп алса, отандық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін 2005 жылы «Парасат», былтыр «Барыс» ордендерімен марапатталды. Қандай да жемісті еңбек, төгілген маңдай тер, тіпті жақсы мен жаман салыстыру арқылы ақ пен қараны қатар қойғандай бағамдалып жатпай ма. 1996 жылы ширек ғасыр жөндеу жұмыстарын көрмеген, шаруасы ақсап, тұралап қалған ауруханаға Есентай Тәжиев бас дәрігер болып келгелі танымастай өзгергені ақиқат. Тіпті, бұрын бұл клиника сондай болған дегенге қазір ешкім сене қоймас... Бұдан 19 жыл бұрын... «Егемен Қазақстан» газетіне аталмыш емдеу орны жайында өз басым екі рет көлемді мақала жазған екенмін. Оның бірі – осыдан он тоғыз жыл бұрын жарияланған «Аурухана ахуалы нашарлап барады. Оған да, дәрігерлерге де «жедел жәрдем» керек» (10.06.1992 ж.) деген сын мақала. Оқырманның өзі екшеп, таразылауы үшін сол мақаладан үзінді келтіре кетейік. «...Аурухананың сыртқы есігінде тыным жоқ. Сарт-сұрт, сарт-сұрт. Кіріп-шығып жатқан есепсіз адам. Ешкімді ешкім біліп болмайды. Құдды бір үлкен зауытта ауысым басталғандай. Аурухана есебі бойынша, күніне 3 мыңға жуық адам кіріп шығады екен. Шынында да, бұл не лек? Аурухана ма, әлде Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлшара Ғазизқызы айтқандай, «Мәскеудің Беларусь вокзалы ма?» Әлде аурухананың бас дәрігері Әдібек Тұрабайұлы айтқандай: «... Бұл аурухана емес, құмырсқаның илеуі. Оның үстіне ауруханаға ауадай қажет дәке, жуатын ұнтақ, сабын, шам, әйнекті табу өте қиын. Дәрігерлерге қолбайлау болып отырған қарапайым аппаратуралар жоқ, бары – ескі. Көлік жетіспейді. Іші қапырақ, ауасы тар бөлмеде 7-9 науқастан жатады. 60 науқасқа бір кіші медбикеден келеді. Аурулар көрпе-төсегін үйден тасиды...» делінген. Бұдан 10 жыл бұрын... «Егеменнің» бетінде осы аурухана жайында «БРЮССЕЛЬДЕ БӘЙГЕ АЛҒАН Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада үйренетін үрдіс көп» (28.02.2001ж.) деген мақалам жарық көрді. Онда былай жазылған: «... Орталық ауруханаға кірген бетте сізге қазіргі заманға сай безендірілген кең дәлізде киім ілгіш пен ұжым мүшелері мен емханаға келушілер, науқастар үшін асхана қызмет жасайды. Барлық бөлімшелер күрделі жөндеуден өткізіліп, ақ шілтер ұсталған тап-таза ақ шаңқан палаталарда 1-2-4 төсектен қойылған. Әр палатада жуынатын душ, қолжуғыш, әжетхана бар. Төсек жаймалары мен көрпе тыстары екі-үш күн сайын ауыстырылады. Аурулар үшін демалып, теледидар көретін арнайы демалыс орындарында жұмсақ жиһаздар қойылған. Еденге төселген мәрмәр тас пен қабырғаларға жапсырылған айнадай жарқыраған кафель құдды бір құтты мекенге кіргендей әсер береді. Бұрындары төбесінен тамшылап, қап-қараңғы түнеріп тұратын астыңғы қабат қазір самаладай жарқырап тұр. Бір қапталында Израильдің Өлі теңізі мен Тұзкөлден әкелінген емдік балшық, «Тұз» шахтасы, емдік сауна, сумен емдеу, т.б. бар. Құдды санаторий ма дерсің. Қазір баяғыдай соншама сапырылысқан жұрт жоқ. Өйткені, науқастармен кездесуде қатаң тәртіп сақталынады. Аурухана соңғы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтанғандықтан, онда ауруды анықтау пәлендей қиынға соқпайды. Тып-тыныш, тап-таза емдеу орнында әркім өз жұмысының қам-қарекетімен айналысуда...» Ал бүгін... Аурухана бұрынғыдан да өркендеп, базасы бұрынғыдан да нығая түскен. Өзгерістері: енді әр палатада аспалы теледидар, тоңазытқыш қойылған. Ғимарат айналасы кереметтей абаттандырылған. Палаталар күніне екі-үш мәрте сүртіліп, сәулелендіріледі. Ауруханадағы дәрігер емінің нәтижелі болуына көп еңбек сіңіретін медбикелер де қағылез, айтқандарын істеп сақадай сай тұр. Бөлімшелерде құдды әскери тәртіп қалыптасқандай. Тынығу уақытында ешкім сапырылысып жүрмейді, ешкім кірмейді. Кешкі сағат онда теледидар да, жарық та сөндіріледі. Егер сөндірілмесе, кім қалтасынан артық ақша шығарғанды қаласын, түнгі кезекшіліктегі электрші жігіт сырттан бақылап, сол бөлімшеге айыппұл салады. Бәрімізге белгілі жайт, кез келген емдеу орнында демалыс, мереке күндері науқастар да, бөлімше қызметкерлері де еркіндеу жүріп-тұратыны рас. Ал мұнда керісінше, қайта ол күндері бақылау күшейтіліп, тазалық пен тәртіпті ауруханадағы медбикелер кеңесі мен әкімшілік әрқайсысы өз алдына күндіз де, түнде де тексеру жүргізеді. Демалыс, мереке күндері науқастың үйге сұрануына қатаң тыйым салынған. Өз еркімен кетіп жатқандар болса, дереу ауруханадан шығарылады. Ал намаз оқитын ағайындар үшін дәрет алатын орынға дейін ыңғайластырып, намазхана ашып қойған. Аурухана ауласына, қабылдау бөліміне тәртіпті реттестіріп отыру үшін күзет қойылған. Әрине, жатын орынның ыңғайлылығы, таза, жарық болғаны абзал, алайда, науқасқа ең қажеттісі емнің нәтижесі. Ғылым мен практиканың қайсыбір саласы болмасын, оған жаңалық пен жетістіктер енгізіліп отырмаса, замана талаптарынан артта қалып, тоқырауға алып келері белгілі жайт. Оның үстіне басқа әлеуметтік салалардай емес, бүгінде медицина бір орында тұрмай, даму үстінде. Осыған байланысты ауруханада орналасқан кафедралардың жоғары білікті мамандарымен бірлесе отырып, диагностикалық, емдеу және сауықтыру ісіне ғылым мен практиканың соңғы жетістіктері енгізілген. Мысалы, соңғы жылдары көз ауруларына лазермен операция жасау, урологиялық-эндоскопиялық, лапараскопиялық операциялардың бірнеше түрлері қолданылады. Барлық бөлімшелер, зертханалар диагностикалау-емдеуге байланысты қазіргі замандық медициналық құрал-жабдықтармен жасақталған. Бүгінгі күні аурухана бойынша жалпы төсек орын саны – 530, оның 325-і бюджеттік, 205-і ақылы орындар. Онда 199 дәрігер, оның 3-еуі ғылым докторы, 13-і ғылым кандидаты, 170 орта медицина мамандары жұмыс істейді. Дәрігерлер мен орта медицина мамандарының 50 пайыздан астамының біліктілік санаттары бар. Елімізде 2009 жылдан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені баршаға аян. Кезінде бұл реформа жөнінде ел арасында неше түрлі пікір қалыптасты. Тәжірибелі басшы, білікті ұйымдастырушы бұл істі де ұршықша айналдырып әкетті. Соның арқасында ауруханаға жылына мемлекеттен бір млрд. 200 млн. теңгедей қаражат түсуде. – 2009 жылы енгізілген бұл жүйе (БҰДЖ) дер кезінде жасалынған, жағымды тұстары көп жоба деп санаймын, – дейді Есентай Бөдесұлы. - Мұнда, ең алдымен, әрбір қазақстандыққа тұрған жерінен тәуелсіз емдеу орнын және емдеуші дәрігерді таңдау құқығы берілген. Ол емделушіге жоғары сапалы дәрігерлік көмек, ем алуына мүмкіндік береді. Осы екі жылдың ішінде ауруханамызда 600-ге таяу еліміздің басқа аймақтарынан келген науқастар емделіп шықты. Дегенмен, осы жаңалықты халық арасында насихаттау әлі де болса жеткіліксіз. Көптеген науқастар осы жүйенің тетіктерін біле бермейді. Әлі де баяғыдай «Алматыға барып емделу үшін облыстан квота керек» деген түсінікте жүр. Қолданысқа түскен әрбір жаңалықтың жақсы да, жаман да тұстары болады. Дегенмен, бұл жүйенің жақсы тұстары басым. Ең бастысы, бюджет қаражаты нақтылы жұмысқа байланысты жұмсалады. Медицина қызметкерлерінің өз жұмысының сапасына жауапкершілігі артты. Жұмыс сапасы жоғарылады. Емделушілер, әсіресе, ауыл тұрғындары бұрынғыдай қағазбастылық кедергілерінен құтылып, қалаған жерінде сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Екінші жағынан бас дәрігердің айтуынша, дәрігерлердің түрлі медициналық құжаттарды тапсыруға жұмсайтын уақыты көбейген. Емдеу стандарттары барлық ауруларға бірдей сәйкес келе бермейді. Көптеген науқастарда негізгі ауруларынан басқа да бірнеше қосалқы сырқаттары болып жатса да, алайда оларға артық ем қолдануға болмайды. Бұл әлі де ойлануды, жетілдіре түсуді қажет етеді. Әрине, бұл емдеу орнында барлығы өте жақсы, еш кемшілік жоқ деген пікірден аулақпыз. Дәрігерлердің де қателесетін жағдайы кездеседі. Бас дәрігердің айтуынша, кейбір науқастар әбден дерті дендеп, шегіне жеткен кезде ауруханаға түсетіндіктен, емнің қонуы қиынға соғып жатады. Мұндай науқастарда бірнеше дерттің шоғыры орын алады. Диагностикалау, емдеу шараларын тағайындауда қателіктер мен салақтықтар орын алса, әрбір оқиға мұқият тексеріліп, тиісті әкімшілік шаралар қолданылып отырылады. «Кейде науқастар тарапынан «ақша берсең жақсы қарайды, жақсылап емдейді» деген жаңсақ пікірлер бар. Бізде бұл мәселеге байланысты әрбір түскен шағым, арыз мұқият тексеріліп, тиісті шаралар қолданылады» дейді бас емші. Мінез тұлғаны қалыптастырады Есентай Бөдесұлы сөзге сараң, бір көрген адамына елпең ете қалмайтын, уәдеге берік, істің адамы. Талғамы жоғары, өте байқампаз. Аурухананы аралап, жұмыстың бағытын бақылауға көбіне ешкімді ертпей, саяқ келеді. Қызметкерлердің айтуынша, ол кісі бөлімшелерді аралап, бір көріп шыққанда бәрін байқап, артынан ескертуін жасап кетеді. Жұмыс уақыты таңертеңгі алты-жетіден басталып, уақытпен есептеспей кешкі бес-алтыға дейін қолға алған шаруасы біткенше жүреді. Бүкпесіз ашық айтатын, турашыл мінезі бар. Ең басты қасиеті – еңбектің торысы, бастаған ісін аяғына жеткізгенше тынбайды. «Сен тимесең, мен тимен» деген, ешкімге қарсы шықпайтын, үлкенге де, кішіге де, жоғары жаққа да «өте ыңғайлы» басшылар санатынан емес. Әсіресе, барлық адамға беріле бермейтін іскер, ұйымдастырушылық, жанкештілік қасиеті – жаратылысынан, тегінен болуы керек. Жалпы, сөзбен айтып, іспен көрсете алмау Есекеңнің мінезіне жат қасиет. Содан да шығар, көпшілікпен жұмыс істегенде адамның мінез-құлқы, жаратылысы оның тұлға болып қалыптасуына қызмет етіп жатады. Миллиард табыс табудың құпиясы немесе бас дәрігер, профессор Есентай Тәжиевтің іскерлік қырлары Білікті басшы қашанда бір күнмен өмір сүрмейді. Қайта уақыттан бұрын қимылдап, қарманып қалып жатады. Оның үстіне әр басшының өзінің жұмыс істеу дағдысы, стилі бар. Профессор Тәжиев қай жерде қызмет жасамасын, қолтаңбасы менмұндалап алдыңнан шығып тұрғаны. Сондықтан да әріптестері: «Тәжиев қалалық денсаулық сақтау басқармасының «жедел жәрдемі», «құтқарушысы» деп әзілдейді. Ширек ғасырға жуық Қалқамандағы көпсалалы №1 және Орталық клиникалық аурухананы басқарған жылдары екі мекеменің де жұмысын жолға қойып қана қоймай, толағай табысқа жеткізіп, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасауға аянбайтын басшының басқару ісінде өз дағдысы, өз құпиясы бар. Есентай Бөдесұлының пайымдауынша, тек бас дәрігер ғана емес, кез келген басшы, алға қойған мақсатын, қолына алған шаруасын, ең алдымен сөз жүзінде қалдырмай, болмаса басқа адамға аудара салмай, алдымен ол істі өзі бастап, белсене араласпаса, онда нәтижеге жетуі екіталай. Оған ешқандай мінездің керегі жоқ, әркімнің өмірден жинақтаған тәжірибесі, өзінің сол жұмысқа, адамдарға деген үлкен сенімі, әрі жоғары талабы болуы тиіс. Бастысы, басшы адам екі сөзді болмағаны абзал. Ол кісінің әдеті, біреуге тапсырма берді ме, сол адамға істің нәтижесін келіп айтуды міндеттейді. Яғни, орындалды ма, орындалмаса қандай себептер болды, қандай көмек керек? Осылайша, істі қадағалап, бақылап отырады. Бірақ тапсырма берместен бұрын, сол істі шешуге сол қызметкердің қабілетін байқайды. Тапсырма берер алдында, ойланып, салмақтап шешіп, қажет болса көмекші, орынбасарларымен ақылдасады. Сөйтіп, өз сұранысына өзі сұраныспен қарайды. Сондай-ақ басшыға табандылық қасиетінің қажеттігін жақсы біледі. Мәселен, бас дәрігер тапсырма беретін болса, оның тиянақты орындалатынына көзі жетпейінше ол сұрақты күн тәртібінен түсірмейді. Орыстарда «сенімді болсаң да, тексер» деген мақал бар, сол дағды Есекеңде бар. Яғни, басшы ретінде өзін алдауға жібермейді. Мысалы, Қалқамандағы №1 ауруханаға бас дәрігер болып барғанында бұл мінезін білмейтін кейбір ұжым мүшелері тапсырылған шаруаға атүсті, немқұрайды қараса керек. Әсіресе, шаруашылық жағындағы инженер-техниктер «орындаймыз» деп кетіп, істі аяқсыз қалдырған. Мұны байқаған басшы оларды шақырып алып, қатаң ескерту жасайды. Осылайша, ұжым арасында басшыларының оңай шағылмайтын «жаңғақ» екені жөнінде сыртынан сөз тарайды. Ол медицина қызметкерлерінің арасына да жетеді. Есентай Бөдесұлының тағы бір қасиеті, ең алдымен, қызметкерлерінің өнімді жұмыс жасауына жағдай жасауға, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерттеп, баса көңіл бөледі. Мәселен, Қалқамандағы емдеу орны қаланың ең шеткі аумағына орналасқандықтан, жұмысқа қатынау қиынға түсіп, әрі болмашы жалақыларын жол ақыға жұмсайтын. Содан бұрынғы екі жатақхана жанынан 120 пәтерлік екі тұрғын үй салынды. Еліміз нарықтық қатынасқа көшпей жатып-ақ емдеу мекемесінің қасынан кішігірім өндіріс орнын ашып, Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығының игілігіне айналған «Ақсай» шипалы суын шығарып, ол ауруханаға кәдімгідей табыс әкелді. Сондай-ақ штат кестесін, науқастардың ауруханада жатып емделетін уақытын ықшамдап, басқа үнем көздерін қарастырып, жалақы, сыйақыны көтерді. Осындай еңбектің нәтижесі шығар, КСРО дәрігерлерінің сьезінде аурухана ең үлгілі клиника ретінде танылып, КСРО Денсаулық сақтау министрі, атақты кардиолог, академик Е.Чазовтың өзі ауруханаға соғып, олардың жұмысымен жақынырақ танысады. – Мен көп жасадым деп айтпаймын, екі мекемеде бас дәрігер болып істедім. Алғашқы дәрігерлік қызметімді осы орталық ауруханадан бастап, бас дәрігердің орынбасары дәрежесіне дейін жеттім. Қалқамандағы ауруханада он жыл істедім. Қызметкерлермен тіл табысып, жұмыс жасау қашанда нәтижесін бермек. Әсіресе, басшы адам қол астындағы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын, олардың қабілетін, өмірдегі мақсатын біліп отыруы керек, – дейді ол. Әсіресе, тығырыққа тіреліп, кетеуі кеткен Орталық ауруханаға бас дәрігер болып келгенде жұмысты бірден қолға алып, алдымен еңбек тәртібін, яғни уақытында ем жүргізуге, науқаспен қарым-қатынасқа барынша көңіл бөледі. Егер басшыға науқас келіп, дәрігер турасында шағым айтатын болса, ол қашанда науқас адамды қолдады. Өйткені, ауырған адам ешқашан өтірік те, қосып та айтпайтынын біледі. Үшіншіден, жұмыс орнында тазалық сақтау. Шынында да, 1996 жылы Орталық ауруханаға басшылық қызметке келгенде Қазақстан медицинасының ең бір қиын кезеңі еді. Қаржы тапшы. Мемлекеттен түсіп жатқан ақша жалғыз айлыққа жетті. Оның өзі екі-үш ай кешігіп берілді. Содан бөлім меңгерушілерін шақырып: «Аурухананың жағдайы белгілі, күрделі жөндеу жүргізіп, ақылы бөлім ашамыз. Одан түскен қаражатқа жаңа технологиялар енгізу үшін жаңа құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек сатып аламыз. Сондықтан қосымша айлық беруге әзірге мені қинамаңыздар. Алдымен жабдықталайық, өсейік, өнейік. Содан кейін заң бойынша тапқан табыстың елу пайызын айлыққа жіберуге болар» дейді. Бұл ұсынысты ұжым түсініп, келісім береді. Сөйтіп, қаражатты солай жұмсауға кіріседі. Сол жылдары қаланың денсаулық сақтау саласына 100 млн. теңге бөлінсе, шаһардағы жүзге жуық емдеу мекемесінің әрқайсысына 1 млн. теңгеден тиетін. Онымен қай жыртығын жамасын. Ал аурухана болса ақылы қызметтен түскен қаражаты бар, басқа сақтандыру компанияларымен, қаладағы ірі өндіріс орындары, ірі фирма, мекемелермен келісімшартқа отырып, қосымша қаржының көлемін ұлғайтады. «Басқа ауруханаларда да ақылы қызмет болды, қазір де бар. Бірақ, нәтиже әрқалай. Мұның себебі неде?» деген сауалымызға Есентай Бөдесұлының жауабы дайын екен. – Оның түрлі себептері бар. Бір жағынан басшының ұйымдастыру қабілеті кемшін түсіп жататын шығар, екіншіден оны шеше қояйын десе, қаражат жетіспейді. Мәселе, соның көзін табуда. Үшіншіден, ұжымның қабілетін-қарымын дұрыс пайдалана алмай немесе олардың білімін жетілдіруге мүмкіншіліктері болмай, проблема үсті-үстіне жамала берген болуы мүмкін. Ал бізде олай емес. Егер күрделі бір жобаны іске асырғым келсе, алдымен ұжыммен ақылдасамын. Біз өз қаражатымызға өте қомақты ақша тұратын магнитті резонансты томограф сатып алдық. Ал мемлекет тарапынан соңғы алты-жеті жылда бір ғана рентген аппаратын берді. Былтыр бір жиналыста қызметкерлеріміз: «Саламатты өмір салтын өзімізден бастайық, спорт алаңы керек» деді, бір жылдың ішінде футбол, волейбол, үлкен теннис алаңын салып бердік. Биылғы жиған қаражатымызға білікті кадрларды ұстау үшін 70 пәтерлік үй салайық деп жатырмыз. Осылайша, ұжым мен әкімшілік арасында бір-біріне сенім орнады. «Бірлік болған жерде тірлік бар» деген, ұжыммен бірлесіп, ақылдасып отырып шешкен еңбектің жемісі, сондай-ақ нарықты уақтысында дұрыс пайдаланып, көзін тауып істеген жұмыстың нәтижесі», – деп шешілді профессор. Бас дәрігердің бір ескерте кетері, қай басшы болсын тапқан табыстың кассаға толық түсуін қадағалап, ақшаның қайда кетіп жатқанын біліп отыруы керек. Мысалы, ол ауруханада бастапқы кезде ақылы бөлімшелер жұмыс жасағанмен, жылдық табыс 1,5 млн. теңгеден аспайды. Сөйтсе, ақша кассаға түгел түспей, талан-таражға салынған. Қатаң бақылаудан соң сол ақшаны бір жарым айда игерген. Бүгінде аурухана жылына 1 млрд. теңгеден астам қосымша табыс табады. Мемлекеттен 1 млрд. 200 млн. теңгедей тағы алады. Ол үкіметтен бірыңғай ұлттық жүйе бойынша емдеп шығарған науқасқа төленетін қаражаты. – Медицинада қосымша табыс табу үшін емдеу орны алдымен база жасап, өз имиджін қалыптастыруы қажет. Мен сол имиджді жасадым, енді ол маған қызмет істеуде. Мысалы, бізде 28 кафедра бар. Баяғыда бас дәрігерлер «бізге кедергі жасайды, керегі жоқ» деп шығарып тастаған кафедраларды жинап алдым. Ол кафедраларды республикаға танымал профессор-ғалымдар меңгереді. Олар бізде жататын науқастарды қарап, кеңес береді, жаңа технологиялар әкеледі, ал мен оларға жағдай жасап, қолдау көрсетемін. Жаңа технология кіргеннен кейін халық қайда барады? Қай мекемеде емдеу тәсілі тиімді, қай жерде жаңа технология бар, сол жерге барады. Пәлен деген профессор қайда жұмыс істейді, ол Орталық клиникалық ауруханада істейді. Халық соған келеді. Менің әріптестерімнің көпшілігі осы мәселеде дұрыс жасамады. Қалқаманда жұмыс істеп жүргенімде 18 кафедра болса, қазір соның үш-төртеуі ғана қалған. Міне көрдіңіз бе, имиджді жоғалтпай жұмыс істеген мекеме табысқа жетеді. Ал ол бірден бола салмайды, жылдап келетін қажырлы да табанды еңбек, – дейді миллиардер аурухана басшысы. Еңбек етуден танбасаң, түбі құрмет өзі іздеп табады деген ғой. Есентай Бөдесұлының еліміздің жоғары наградалары «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталуы – ауруханада атқарылып жатқан еселі еңбектің нәтижесінің бағалануы, төккен тердің өтеуі деп білеміз. Өйткені, істелініп жатқан еңбекті халықтың көзінен жасыра алмайсың. Жұрт сыншыл, міншіл, бірақ, әділ бағалайды. Олай дейтініміз, алғашқы сайланған Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа кандидат болып түскен он екі адамның ішінен екінші турда екі дәрігер ғана қалады. Сайлаушылар Ескеңнің еңбегін бағалап, 85 пайыз дауыс беріп, екінші кандидаттан ашық түрде бас тартады. Осылайша, Жоғарғы Кеңестің он екінші шақырылымының депутаты ретінде егемендігімізді алып, Президентімізді сайлап, Туымызды, Әнұран, Елтаңбамызды қабылдаған тарихи оқиғаға куә болады. * * * Медициналық қызмет халықтың көз алдында өтіп, оның қаншалықты дәрежеде атқарылып жатқаны сараланатын әлеуметтік саланың бірі екенін ескерсек, бүгінгі көзі қарақты емделушіні кез келген емдеу орнына күштеп әкеле алмайтынымыз айдан анық. Бас ауырып, балтыры сыздаған адам ең алдымен қай мекемені таңдайды? Әрине, ең алдымен емі сапалы, дәрігерлері практикалық, клиникалық жағынан шыңдалған, екіншіден, жатар орны таза аурухананы таңдаса керек. Ендеше, қаланың ең ірі Бостандық ауданына орналасқан медициналық қызмет көрсететін көпсалалы клиника екі млн.-ға жуық халқы бар үлкен шаһарға ғана емес, жолдамамен еліміздің әр аймағынан келетін науқастарға да күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, денсаулық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше