Екінші дүниежүзілік соғыста Калининград жерінде сүйегі шашылып қалған белгісіз қазақ жауынгерлерінің есімін мәңгі есте қалдыруға атсалысып жүрген Ресейдегі қазақ майдангерінің қызымен болған әңгіме.
Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы Ғазиза Исахан редакцияға келіп, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Мәскеуден келген Галина Смирнова есімді қандасымыздың мұрағатқа құнды дүние әкеліп тапсырғанын айтты. Ол И.В.Панфиловтың қызы Майя Ивановнамен бірге Шығыс Пруссияда (Калининград облысы) қаза тапқан кеңес жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру коммерциялық емес ұйымын, «Ескерткіш» қорын құрған. Ұйымды басқарып келе жатқанына – алты жыл. 2009 жылы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Қаза тапқан Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Аты-жөні – Гүлзипа Жұманқызы.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан хабар-ошарсыз кеткен атам Исаханның аты-жөнін ол тапсырған құжаттардың арасынан оқығанда жанымды қоярға жер таппай, толқып кеттім», дейді Ғазиза Тұрмағанбетқызы. Сұрапыл соғыста бірі атасынан, екіншісі бауырынан айрылған жандардың ортақ әңгімесі Отан үшін от кешкен майдангерлер тағдырына ойысады. Атамекеннен шалғайда жүрген қазақтың қарапайым қызының осыншама қыруар жұмысты тындыруға мұрындық болған ісін ол өз аузынан егжей-тегжейлі жазып алады. Қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық 500 мыңнан астам жауынгер туралы Ресейдің Орталық мұрағатынан табылған мағлұматты өз қолымен әкеліп тапсырған Гүлзипа қандасымыздың ісі елін, жерін сүйетін нағыз патриот адамның ғана қолынан келетін ерлік деп есептейміз.
– Гүлзипа Жұманқызы, мұндай ұйымды құру идеясының тууына өзіңіздің отбасыңыздың тағдыры түрткі болды ма?
– Әке-шешем қуғын-сүргін кезінде Сібірге жер аударылған қазақтың ұрпағымын. Өзім Новосібірде туып-өстім. Әкемнің аты-жөні – Жанин Жұман Жаңаұлы, 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 373-ші артдивизия құрамында Волхов майданының алғы шебінде шайқасқан ол Ленинградты, Еуропаны азат етуге қатысып, Берлинге дейінгі қан майданның қасіретіне бірден-бір куә болған майдангер. Отан соғысының ІІ, І дәрежелі ордендерімен, «Ленинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Соғысқа дейін әкемнің отбасы, екі баласы болған. Ағам Шәріп Краснояр қаласындағы әскери училищеде білім алып жатқан жерінен 18 жасында сұранып өз еркімен майданға аттанған. Қазақ және орыс тілдерін өте жетік меңгерген. Оның менде майданнан өлеңмен жазылған хаттары сақтаулы. Соның бірі – 1943 жылғы маусымда Ленинградтан жолданған мына хаты:
Бірталай уақыт өтті бұлдыр-бұлдыр,
Жағдайға кездестік қой осында озбыр.
Түнеріп қара түндей отырсақ та,
Еркеме елеңдейді көңіл құрғыр.
Алғызды еріксізден қағаз, қалам,
Қайтейін көңіл шіркін, болады алаң.
Кездескен бұл жағдайға жалғыз мен бе,
Жаралып тұрғандай ғой барша ғалам.
Жүрсек жылап, жанарда тамшы тұнып,
Ел қорғадық, ұрпақтар алсын ұғып.
Сақтанбай қамсыз жатқан Отаныма,
Күн туды соғысуға қарсы тұрып.
Әкем соғыста жараланып, госпитальға түскенін естігенде қайғыдан ет жүрегі езіліп, «әкемнің жолында жаным садақа» деп, үйге аман-сау келуін тілегендегі көз жасы Құдайдың құлағына шалынып, ол отбасына аман-есен оралады. Бірақ сұрапыл сұм соғыстағы халықтың қайғы-қасіреті майданнан қайтпаған сандаған кеңес жауынгерлерінің қазасы ғана емес еді, оның зардабынан бүкіл жұрт жадап-жүдеді, аштық пен жоқшылықтан көз жұмғандардың есебі өз алдына бір хикая. Соғыс кезінде әйелі мен қыздарынан айырылған әкем кейін екінші рет отбасын құрады. Оның кіндігінен тараған қазір бесеуміз. Үш қыз, екі ұлмыз. Сібірден тарихи отанына ол 1972 жылы қоныс аударып, 1985 жылы дүниеден озды. Балалық шақтың кей сәттері сәби санада мәңгі қалып қоятыны рас. Әкесінің кеудесіндегі жарқыраған орден, медальдармен ойнаған бір кездергі ойын баласының жадына бүгінде сол кезеңдер жаңғырығы қайта орала беруінің себебі бар.
– Мамандығыңызды, өмір жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Бауырымның қай жерде, қалай жерленгені туралы бірде-бір жерден мағлұмат табылмады. Әйтеуір Шығыс Пруссия жерінде көз жұмғаны анық. 2003 жылы Подольск қаласына әдейілеп ат басын бұрдым. Айлап жатып ізденістің арқасында бір күні оның сүйегі қай жерге жерленгенін білдім.
Осыдан соң Калининград облысы, Неман ауданы, Ульянов поселкесінде жауынгер-артиллеристердің қаза тапқан жеріне 2005 жылы ескерткіш-белгі орнатылды. Үш ұлттың өкілі – қазақ, орыс және украин жігіті, бірінші атқыштар батальонының жауынгерлері, 671-ші атқыштар полкінің 221-ші Қызыл тулы Мариуполь атқыштар дивизиясында жаумен екі жыл бірге шайқасып, үшінші Беларусь майданында Украина мен Белоруссияны фашизмнен азат етуге қатысқан үш қаһарман бір күнде 1945 жылдың 21 қаңтарында қайтыс болады. Ал олардың аты-жөндері сол уақытқа дейін не қаза тапқандар, не хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болмай келген. Мұндай оқиғалар Калининград жерінде көптеп кездеседі. Нақты ресми деректер бойынша бұл аймақта 103 күнде 600 мың кеңес жауынгері қаза тапса, күні бүгінге дейін олардың тек 162 мыңының ғана есімдері анықталып, халық жадында мәңгі сақталынып отыр. Жер қойнына сүйегі арулап қойылмаған талай солдаттың сүйегі жатыр бұл алаңда әлі. Олардың есімдерін анықтап, хабарсыз кеткен мыңдаған боздақтың тағдырына көңіл бөлу, қабірін қадірлеу қасиетті іс деп есептеймін. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар емес пе? Сол себепті де 2006 жылы мен Шығыс Пруссияда қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің рухына кейінгі ұрпақ мәңгі құрмет көрсетіп, тағзым етіп тұруы үшін «Ескерткіш» қорын – коммерциялық емес ұйымын құрдым. Қазір осы ұйымды басқарамын. Ұйымның басты мақсаты Шығыс Пруссия жеріндегі қан майданда өмірлерін қиған жандарды, оның ішінде әсіресе, шейіт болған қазақ жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру болып табылады. Бір ғажабы, мұның бәрі қоғамдық негізде атқарылады.
– «Ескерткіш» ұйымы, қоры дәл қазір немен айналысады?
– Жыл сайын жерлес жауынгерлердің шайқасқан жерлері бойынша «Есте сақтау ауысымдарын» өткіземіз, есепке бұрын алынбаған қабір-мүрделерді тауып, мағлұмат жинаймыз. Соның нәтижесінде жүздеген қазақстандық жауынгердің есімдері анықталды. Олардың аты-жөні, туған жылы мен кіндік кескен жері, қай әскери комиссариаттан шақырылғаны, ең соңғы әскери бөлімі, әскери шені, хабар-ошарсыз кеткені, өлгені, жаралы болып қайтыс болғаны, тұтқынға түскені, сол оқиғаға қатысты күні, айы, жылы туралы Ресейдің Орталық мұрағатынан түзілген тізімнің толық нұсқасын Қазақстанға алып келіп тапсырдым. Оның ішінде із-түзсіз кеткен қазақ жауынгерлері туралы табылған мағлұматтардың жөні өз алдына бір төбе. ТМД және Балтық жағалауы елдеріндегі ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп патриоттық және интернационалдық рухта түрлі шаралар өткізудің тағылымы да таудай табысқа кенелтіп жатыр.
2010 жылы біздің ұйым мен Тараз қаласындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Легендарный батыр» кітабы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы Орталық музейінде өте сәтті өткеніне куәміз. Калининград облысында мемориалды кешен орнату жобасы әзірленді. Жобаның нәтижесінде Қазақстан қалаларының естелік кітаптары жаңадан табылған ержүрек жауынгерлердің есімдерімен толыға түсеріне күмән жоқ.
– Осынау жауапты іске балалар мен жастар қосыла жұмылғанда, қыруар іс тындырылатын шығар? Онда қазіргі жас ұрпақ пен алдыңғы толқын өкілдерінің өзара тіл табысуы қалай?
– Жастарды патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеу мақсатында «Ескерткіш» коммерциялық емес ұйымы ерлік пен қаһармандықты паш ететін, Мәскеуді жаудан қорғаған, панфиловшы-ержүрек жауынгерлерге арналған бұрыштар мен мектеп мұражайларын құруға, түрлі конференциялар мен семинарлар, басқосулар өткізуге барынша мұрындық болып келеді. Қандай да шара болсын кейінгі өскелең ұрпақты бұрынғы батыр аталарының патриоттық рухында тәрбиелеуге баса көңіл бөлінеді. Жасыратыны жоқ, мәскеулік көптеген оқушылар екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жауынгерлерінің қатысқанын, Б.Момышұлы мен И.В.Панфиловтың кім екенін сұрасаңыз біле бермеуі мүмкін. Сондықтан осы жағынан алдымызда әлі қыруар ағартушылық жұмыстары күтіп тұрғанын сеземіз. Жыл сайын панфиловшы-ардагерлермен, Мәскеу мектептері мен жоғары оқу орындарымен, қазақ диаспорасының жас өкілдерімен бірлесіп 12 шілде – панфиловшылар дивизиясының туған күнін кеңінен атап өтеміз. 22-ші шілдені аза тұту, еске алу күні ретінде, 16-шы қарашаны панфиловшы-батырлардың ерлігін еске алу күні деп бағалаймыз. 2006 жылы Мәскеу түбіндегі шайқастың 65 жылдығына арналған шара өтті. Мәскеу Ұлттар үйінде Қазақстан мен Мәскеуде тұратын панфиловшы-батырлармен, Отан соғысының ардагерлерімен болған кездесу жылы рәуіште өрбіді. Оған дивизия командирі И.В.Панфиловтың қызы Майя Ивановна Панфилова, Мәскеудегі жоғары оқу орындарының студенттері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, жұмысшы жастар, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Халықаралық «Тәуелсіз мемлекеттер ардагерлерінің қоғамдық ұйымдар достастығы» одағы төрағасының орынбасары В.Гнездилов өз қолымен Қазақстаннан келген қарт жауынгерлерге «Мәскеу түбіндегі шайқасқа 65 жыл» белгісін табыс етті.
– Қиындықты қалай жеңіп жүрсіз? –деген сұраққа ол:
– Осынау шараларға қарамастан түйіні шешілмеген істер әлі де шаш етектен, – деді, –мәселен, Калининград аймағындағы кеңес жауынгерлері жерленген жерлердің едәуір бөлігінің белгісіз күйде қалып келе жатқаны жанға батады. Мұнда бір кездері Кеңес одағының ұлттары мен этностарын құраған жауынгерлер мәйіті бүгінгі ұрпақ құрметімен қайта ұлықталуы тиіс деп ойлаймын. Ел тарихына сүйіспеншілік сезімін ұялататын мұндай шаралар бір адамның қолымен жасалмайды, оған бүкіл қауым жұмыла кіріскенде ғана іс нәтижелі болмақ. Ол үшін не істемек керек десеңіз, майданда қаза тапқандарды мәңгі құрмет тұтуда бірлесіп атқаратын жұмыстарды ширату керек. Мемориалды жұмыстарды өткізудің әдіс-амалдарын жетілдіру маңызды. Солдаттардың жерленген жерлерін қорғау мен есепке алу, құжаттандыру жұмыстарындағы шешімі табылмаған проблемаларды бірлесіп жүзеге асыру, Отан қорғаушылардың жерленбеген сүйек қалдықтарын жер қойнына қайта тапсыру рәсімдерін өткізу мен ұйымдастыруға қатысу, қаза тапқан жауынгерлер туралы мағлұматтар банкін, заманауи талапқа сай технологиямен өзара ақпарат алмасу орталығын құру т.т осындай қыруар жұмыстар біздерді жақындастыра түсеріне сенемін. Мұның бәрі материалдық-техникалық базаны, қаржыландыруды қажет етеді. Іздестіру жұмыстарымен айналысып жатқан белсенділер өз бастамаларымен елге маңызды іспен шұғылданып жүргенмен олардың шиеттей бала-шағаларын кім асырайды? Соғыстан бері 70 жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан әлі күнге дейін жоғымызды түгендеп біте алмай жатқан себебіміз, ол бірен-саран жанашыр адамдардың ғана айналысатын ісі болып тұрғанында. Қан майданның қасіретін тартқан халықтың бәрі түгел ортақ жараның жазылуына атсалыспаса, кешегі сұрапыл соғыста Отан үшін жанын пида еткен әкелеріміз бен аталарымыздың аруағы алдында қарыздар болып қала береміз, – деп кешегі ел үшін кеуделерін оқ пен отқа тосқан жандарға бүгінгі ұрпағы құрмет көрсете алып жүр ме деген ойды тұтатып өткен.
– Алда тағы қандай жұмыстарды қолға алмақ ойларыңыз бар? – дейді Ғазиза Тұрмағанбетқызы қонақпен әңгімені түйіндеп.
– Бұл жыл Мәскеу түбіндегі шайқас пен Панфилов дивизиясының жасақталғанына – 70, Калининград облысының құрылғанына 65 жыл толғаны атап өтілетін жыл. Осыған орай РФ Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатында әлі зерттеуді қажет ететін жұмыстар өте көп. Шығыс Пруссия жеріндегі хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әр тағдырдың қалай қайтыс болғанын, қай жерде жерленгенін анықтап, есімдерін қайта жаңғыртумен айналысамыз. Калининград облысында қаза тапқан кеңес жауынгерлері құрметіне қойылатын мемориалды кешенге ТМД мен Балтық жағалауы елдері ардагерлерінің қолдау көрсеткеніне ризашылық сезіміміз шексіз. Волоколам шебінде бірталай шаралар өткізуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, қиындықтарға қарамастан ойға алған істерімізді аяғына дейін бітірмей дамыл таппасымыз анық. Өлгендерге емес, тірілерге керек іс бұл, – дейді соғыс салған жараны жабыла жазатын кез келгенін санаға тоқып алған қазақ жауынгерінің қызы.
Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суретте: Гүлзипа Жұманқызы (сол жақта), Ғазиза Тұрмағанбетқызы (ортада) және Ресей Ғылым академиясындағы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Нәйла Бекмаханова (оң жақта).