Ереван қаласында (Армения) ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің «Неғұрлым әлжуаз балалардың құқығын қамтамасыз ету» тақырыбында өңірлік парламенттік конференциясы болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Аталған іс-шараға Қазақстан тарапынан Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі, «Нұр Отан» депутаттық фракциясы төралқасының мүшесі Майра Айсина қатысты.
Парламенттік конференцияны Армения Ұлттық жиналысының төрағасы О.Абрамян ашып, жүргізіп отырды. Сербия, Түркіменстан, Молдова, Хорватия және ТМД мен Орталық және Шығыс Еуропаның басқа елдерінің конференцияға қатысушы парламентшілері балалардың құқықтарын қорғау саласындағы парламенттік қызметпен байланысты мәселелердің кең ауқымын қарады. Атап айтқанда, бұлар – балалардың құқықтары жөніндегі халықаралық және өңірлік заңнамалар, балалардың ерте жетілуі, ерте жетілу бағдарламасын қаржыландыру, сондай-ақ, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері.
Конференция барысында М.Айсина қатысушыларды Қазақстан Парламенті мен Үкіметінің Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметімен, сондай-ақ, біздің еліміздегі бастапқы балалық шақты инвестициялау мәселелерімен таныстырды. Содан соң балалардың ерте жетілуі және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен байланысты мәселелердің кең ауқымы бойынша ТМД мен Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттері парламенттері өкілдерімен пікір алмасу болды.