18 Маусым, 2011

Мағжан рухы асқақтаған өңір

485 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Біздер – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман­даған Тәуелсіздікке қол жеткізу бақыты бұйырған ұрпақ өкілдеріміз. Ұлы Мағжан өзінің «Сағындым» ат­ты өлеңінде көрегендікпен: «Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл», деп жазып кеткеніндей, кешегі алып империя – Кеңес Одағы өз-өзінен ыдырап, ұлт­тық республикаларға еркіндік тиген тарихи сәт­тер­дің зор қуанышын да, ескі экономикалық байланыстар үзіліп қалғандықтан, көп­теген кәсіпорындар тығырыққа тіреліп, жаппай жұмыссыздық жайлаған, әлеу­мет­тік жағдай ушығып, ел басына күн туған қилы заманның қиындықтарын да басы­мыздан кешірдік. Сол бір өтпелі кезеңнің күрделі сынынан Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында аман-есен және үлкен абыроймен өтіп, дүние жүзі түгел танып-мойындаған табысты елге айналдық. Сондықтан да қазақстандықтар үстіміздегі жылы болған кезектен тыс президенттік сайлауда жарқын болашақтың іргесін Елбасымен бірге қалауды жақтап дауыс беріп, Тұңғыш Президентімізге тағы да зор сенім білдірді. Халқымыз «Елу жылда ел жаңа» дегенмен, заманалар алмасқан зор өзгерістерге толы, ғасырға пара-пар 20 жыл ішінде жаңа да жасампаз мемлекетке айналған кең-байтақ елімізбен бірге біздің туған өңіріміз – Солтүстік Қазақстан облысы да жылдан жылға жаңа­рып, көркею үстінде. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын облыс жұрт­шы­лығы аса зор ынта-ықыласпен, ертеңгі күнге деген нық сеніммен қабыл алып, Президентіміз белгілеген жаңа міндеттерді орындауға бір кісідей жұмыла атсалы­сып келеді. Қуатты мемлекеттік қолдаудың, бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынты­мақ-бірліктің ар­қа­сында өңір экономикасын өркен­детіп, әлеу­меттік-мәдени саланы да­мыту­да елеулі жетістіктерге ие болдық. Облысымыз кейінгі жылдары республика бойынша жиналатын дәнді дақылдар өнімінің 25 пайыздан астамын өндіруді дәстүрге ай­нал­дырды. Тоқсаныншы жылдардағы эконо­ми­калық құлдырау кезінде иесіз қалып, жусан басып кеткен мыңдаған гектар егістік ал­қап­тар жаңа да жанашыр қожай­ын­да­рын тауып, қайтадан айналымға енгізілді. Тәуелсіздік жылдары дәнді дақылдар алқабы 19 пайыздан астамға ұлғайтылып, 3,9 миллион гек­тарға дейін жеткізілді. Көктемгі жер өңдеу, тұ­қым себуден бастап өскіндерге күтім жасау, егін жинау жұмыстары, негізінен, өнімділігі жоғары әрі ысырапқа жол бермейтін жаңа техника­лар­дың көмегімен сапалы атқарылады. Кейінгі бес жыл ішінде 6,5 мың бірліктен астам жаңа тех­ника сатып алынды. Баяғыдай емес, орақ нау­қа­ны­на сырттан ешқандай көмек ша­қыр­тылмай, егін ору, астық тасу сияқты қауырт шаруалардың бәрі облыстың өз күшімен тын­дырылады. Егіншілік мәдениетін артты­рудың арқасында сол­түс­тікқазақстандық диқандар 2009 жылы ре­корд­тық көрсеткішке қол жеткізді – дәнді да­қыл­дардан гектар басы 16,6 цент­нерден өнім алып, 6,4 миллион тоннадан астам астық жина­ды. Ал былтырғы қуаңшы­лық­ты жылдың өзінде егін шығымдылығы гектарына 10,5 центнерден айналып, 4,1 миллион тонна өнім алынды. Бұл республика бойынша жиналған астықтың 31 пайызын құрады. 1,5 миллион тоннаға жуық са­па­лы ас­тық экспортқа шығарылды. Диқан­дары­мыз би­ылғы мерекелі жылы берекелі өнім алуға күш салу үстінде. Нарық талабына сәйкес май­лы дақылдар егістігі көлемі де ұлғайтылуда. Өңірімізде егіншілікпен қатар мал шаруа­шы­лығын өркендетуге, оның өнімдерін ұқсату ісін дамытуға да тиісінше назар ауда­рылып келеді. Соңғы онжылдықта мал басы мен құс саны едәуір өсті. Облысымыз жан басына шаққанда сүт пен жұмыртқа өн­ді­руден республика бой­ын­ша бірінші орынды, ал ет өндіруден екінші орынды еншіледі. Осы маңызды саланы одан әрі өркендетуде Пре­зи­дентіміздің биылғы Жолдауына сәйкес үсті­міздегі жылы үлкен бетбұрыс басталды. Етті мал шаруашылығын да­мытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған өңір­лік бағдарламасы жа­салып, 10 мың бас мал бор­дақылау алаң­да­рын, 4 мың бас репродуктор-ша­руа­шылық­тар­ды және 12100 бас мал өсіретін фер­мерлік шаруашылықтарды құру қолға алынды. Осы­лайша ата кәсібімізді бұрынғыдан да қар­қынды дамытатын кез туды. Бұл орайда өңірімізде кейінгі жылдары жи­нақ­талған, назар аударарлықтай оң тәжі­ри­бе­лер бар. Қызылжар ауданындағы Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Геннадий Зенченко басқаратын “Зенченко және К” командиттік серіктестігінде қа­нат­қақты жоба жүзеге асырылып, Канададан әке­лінген 800 бас сиырға арналған сүт кешені іске қосылды. Мұндағы әр сауын си­ыр­дан жы­лы­на 7 мың литрдей сүт сауылады. Бұл кешенді өңір­ге жұмыс сапары барысында Елбасы аралап көріп: «Бұл – болашақтың кешені» деп атап, тың бастаманың табысты іске асырыл­ға­ны­на риза­шы­лығын білдірді. Осыған ұқсас, 1000 басқа арналған озық сүт кешенін Тайынша ауда­нын­да­ғы “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі (ЖШС) де салып, іске қос­ты. Жа­ңадан салынған «Баско» ЖШС-нің 50 бас шошқа кешені мен Петропавл бройлер фаб­ри­касы да азық-түлік молшылығын жасауға өз үлестерін қосуда. Мал өсіргісі келетін ауыл тұрғындарына ал­да­ғы уақытта барынша жағдай туғы­зыла­тын бо­лады. Осы ретте Елбасымыздың ел та­рихын­да­ғы аласапыран замандарда дүние­жү­зіне тарыдай шашылып кеткен отандас­та­ры­мызды Қазақ­стан­ға қайтып оралуға шақырған үндеуіне үн қосып, Тәуелсіздік жылдары атамекенге қоныс аударып, өңіріміздегі төрт түлік мал басын көбейтуге аянбай атсалысып жүрген айыртаулық Жаңабай Пірманов, ақжарлық Төлеу Ахмутдинов сынды іскер азаматтар өнегесі өзгелерге ой салса игі. Бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс өнер­кә­сі­бінің Петропавл қаласында орналасқан ірі зауыттары тоқсаныншы жылдардың басында тап­сы­рыс күрт азайғандықтан, мыңдаған еңбек­кер­лері қысқартуға ілігіп, жабылуға шақ қалған еді. “Орнында бар оңалар” демекші, Тәуелсіздік жылдары олардың да жағдайлары түзелді. Жас мемлекетіміздің жан-жақты қол­дауымен қару­дың орнына бейбіт өнімдер шы­ғаруға қайта бейімделген бұл кәсіпорындар өз өндірістерін жыл­дан жылға кеңейтіп, айтарлықтай та­быс­тар­ға жетуде. Соңғы он жылда облысымыз бой­ын­ша өнеркәсіп өнімдерін шы­ғару көлемі 46,7 пайызға ұлғайтылғандығы осының айғағы. Жергілікті кәсіпорын­дар арасында, әсіресе, “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы (АҚ) жаңашыл­дық танытып, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы үшін 2008 жылы алғаш рет 30 жүк ва­гонын жасап шы­ғарды. Осы жөніндегі тап­сы­рыс көлемі былтыр 600 вагонға дейін ұлғайтылып, ол абыроймен атқарылды. Ал “Киров атын­дағы зауыт” акционерлік қоғамы шетелдік серіктестерімен бірлесіп, сан­дық теледидар жабдықтарын жасауға кірісті. Тайынша ауда­нында 2010 жылы құ­рыл­ған Қа­зақ­стан-Бела­русь бірлескен кә­сіпорыны – «СП КазБелАгроМаш» ЖШС бұ­рын­ғы мәшине-трактор жөн­­деу зауы­ты­ның ғимаратын пайдала­нып, жаңадан «Қы­зыл­жар – 1300» комбайн­да­рын шы­ғара бастады. Осы ком­байнның ал­ғашқы шы­ға­рыл­ған үлгі­ле­рін Қызылжар өңірі­не қыз­мет бабындағы са­пар­мен кел­ген Елбасы кө­ріп, ма­құл­дап, оған «Қызыл­жар» атау­ын беруді ұсынған болатын. Өңіріміздің өнеркәсіп саласының одан әрі өркендеуіне Президентіміз былтыр жарияла­ған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бес­жыл­дығы үлкен ықпалын тигізетініне сеніміміз зор. Қазақстанның Индус­трия­лан­ды­ру карта­сына біздің облыс бойынша жалпы сомасы 27 миллиард теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба енгізілді. Былтырғы жылы өңірімізде 13,8 миллиард теңге сома­сын­дағы 10 жоба жүзеге асырылып, 631 жұмыс орны құрылды. Мәшине жасау саласы кәсіпорындарының ішін­де жаңашылдығымен танылған «ЗИКСТО» АҚ индустриялық дамудың жаңа бағытын игеруге де батыл қадам жасады. Бұл зауыт был­тыр еліміздегі мол сұранысты ескере отырып, астық тасымалдайтын жабық вагон-хопперлер мен контейнер тасығыштарды шығаруға кірісті. Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 13 миллиард теңгенің 3 жобасын жүзеге асыру жалғас­ты­ры­луда. Олардың ішінде, әсіресе, Айыртау ауда­нын­дағы Сырымбет кен орынын игерудің келешегі зор. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Новоишим май өңдеу зауытын қайта құру жобасы іске асырылуда. Оған қажетті осы заманғы жаб­дық­тарды жеткізуші неміс компаниясы жүргізіп жатқан жаңарту жұмысының былтырғы бірінші кезеңінің нәтижесінде кәсіпорын жылына 46,2 мың тонна өсімдік майын және 85,8 мың тонна күнжара майын шығару мүмкіндігіне ие болды. Зауыт қуаты алдағы уақыта қазіргіден де еселеп арттырылмақшы. Облыс орталығы тұрғындарын көкөніспен жет­кілікті қамтамасыз ету мақсатында Петропавл қаласында «Наурыз – 2030» ЖШС-нің жы­лыжай кешені жаңартылу үстінде. Өткен жылы осында көкөніс дақылдарының көлемін екі есе ұлғайтып, тамшылатып суару техно­ло­гия­сын енгізудің арқасында 1738,8 тонна қы­рыққабат, сәбіз, қияр, қызанақ, картоп өнім­де­рі жиналды. Жоба толық жүзеге асырылғанда мұнда жылына 3,4 мың тонна көкөніс пен 1 мың тонна картоп өндіріліп, қалалықтар дас­тар­қанына қолжетімді бағамен жөнелтілетін болады. Өңірімізде Тәуелсіздік мерекесі жылы тағы бірқатар жаңа кәсіпорындар құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілмекші. Қызыл­жар ауда­нын­да органикалық-минералды тың­айт­қыштар өндіретін «Биоплант Флора» зауы­ты, Петропавл қаласында газ баллондарын жасайтын зауыт, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда шөлмекке құйылған ауыз су шыға­ратын цех, Есіл ауда­нын­да макарон кешені, Аққайың және Жамбыл аудандарында жаңа элеваторлар іске қосылып, жаңадан жүздеген жұмыс орындары ашылады. Елбасымыздың шағын және орта бизнесті өркендетуге ұдайы назар аударып, жан-жақты қолдау көрсетуінің нәтижесінде облысымызда жеке кәсіпкерлер қатары қалыңдай түсуде. Өңір экономикасының нақты сек­то­рындағы шағын кәсіп­орын­дар саны 1999 жылғыға қарағанда 10,3 пайызға кө­бей­ді. Оларда қазір 32 мың адам жемісті еңбек етіп, өз от­басыларын асырап отыр, бұл көрсеткіш те он жыл ішінде екі еседей ұлғай­тыл­ды. Ал шағын кәсіпорындар шығарған өнім мен көрсет­кен қызмет көлемі осы кезең­де 12 есеге өсіп, былтырғы жылы 85 миллиард теңгеден асты. 2002-2010 жылдарға ар­нал­ған ұзақ мерзімді «Ауыз су» салалық бағдарламасын орындау үшін ел қазы­на­сы­нан 15 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл игілікті іске Азия Даму банкі 1,5 миллиард теңге және об­лы­сымыздың шаруа­шы­лық жүргізуші субъек­ті­ле­рі 96 миллион теңге қаржы қосты. Нәтиже­сінде Қызылжар өңіріндегі жалпы саны 111 мы­ңнан астам адам тұра­тын 145 елді мекенге таза ауыз су берілді және 194 мың тұрғыны бар 122 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жақсар­тыл­ды. Елбасы­ның биылғы Жолдауына сәйкес «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасы бойынша Қызыл­жар өңі­ріндегі әлі де мұқ­таж­дық көріп отырған ауыл­­дар­дың тұрғындарын таза ауыз сумен қам­та­масыз ету ісі одан әрі жалғастырылатын болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономи­калық қиыншылықтардың салдарынан өңіріміздегі тұр­ғын үй құрылысы құл­дырап кеткен болса, 2003 жылдан бастап бұл салада да қайта өрлеу бас­талды. 2005 жылдан бастап, жү­зе­ге асырылған тұрғын үй құрылысын дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасының нәти­же­сін­де ондаған жылдар бойы пәтер кезегінде тұр­ған мыңдаған адам баспана мәселесін шешіп, қуа­нышқа бө­лен­ді. Өткен жылы ғана облысы­мыз­да қаржы­ландырудың барлық көздері бой­ынша жалпы алаңы 104 мың шаршы метрді құрайтын 1059 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Бұл 2000 жылғымен салыстырғанда 7 еседей көп. 1997 жылы Петропавлда Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскер­лері жоғары әскери училищесінің ашылуы Елба­сы­мыз­дың тәуелсіз еліміздің іргесін бекіту, қоғам­дық тәртіпті нығайту мақсатын көздеген кемел шешімі еді. Еліміздің ішкі әскері үшін жоғары білімді офицер кадрларын даярлайтын бірден-бір әскери оқу орнына Жауынгерлік туды ел Президенті, Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаев өз қолымен салтанатты жағдайда тапсырған болатын. Петропавлда еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін жалғыз-ақ қазақ мектеп-интернаты жұмыс істеген болса, қазір балаларды ана тілімізде оқыта­тын орта білім мекемелерінің саны алтыға жетті. Олардың екеуі – 360 орындық классикалық гимназия мен 1100 орындық мектеп-гимназия Тәуелсіздік жылдары салы­нып, пайдалануға берілген сәулетті ғимарат­тарға орналасқан. Облыс орталығында 2006 жылы ашылған, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интерна­ты­ның шәкірттері де мемлекеттік тілді меңгеру­мен қатар, орыс, ағылшын, түрік тілдерін де үйрену үстінде. Бұған қоса, 2008 жылдан бастап қаладағы бос орындар бар орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптары мен шағын орта­лықтарды жаппай ашқыза бастадық. Кеңес өкіметі тұсындағы солақай саясат­тың салдарынан облысымыздағы 94 қазақ ауылында жабылып тынып, орыс тілінде оқытуға көші­рілген қазақ мектептері тәуел­сіздік жыл­да­рын­да түгелдей қалпына келтірілді. Қазақ мектептері бұрын ешқашан бол­маған аудан орталық­тары­ның барлығында да ана тілімізде оқытатын орта білім беру мекемелері ашылды. Тимирязев, Мамлют, Жам­был, Қызылжар аудандарында сәулетті де қа­зіргі заман талаптарына толық сәйкес жаб­дық­талған жаңа қазақ мектептері мен мектеп-интернаттары салынды. Мемлекеттік тілге осындай ауқымды бетбұрыстың нәтиже­сін­де қазіргі таңда облыстағы қазақ балала­ры­ның 62 пайызы өз ана тілдерінде білім алып жүр. Ал бұдан жиырма жыл бұрын бұл көр­сеткіш небары 25 пайызды құраған еді. Облыстың денсаулық сақтау саласында да Тәуелсіздік жылдары өміршең өзгерістер болды. Елбасы бекіткен «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы аясында Петропавл қаласында 2009 жылы осы заманғы Қан орта­лығы, 2010 жылы ауысымына 500 науқасты қабылдайтын жаңа ем­­хана құрылысы аяқта­лып, тұрғындарға қыз­мет көрсете бастады. 2007 жылы Ақжар ауда­ны­ның орталығы – Талшық ауылында күніне 200 адамды қабыл­дайтын емханасы және 100 төсек-орны бар, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған орталық аурухана тұрғындар игілігіне берілді. 2009 жылы облыс орталығындағы №2 аурухана­ның жанынан кардиологиялық орталық ашы­лып, онда жергілікті дәрігерлер жүрекке ашық ота жасау ісін қолға алды. 20 жыл ішінде Петропавл қаласы мен аудандарда тағы басқа бірқатар емдеу-алдын алу мекемелері салынып, іске қосылды. 2003 жылдан бері өзара ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Түмен облысының кар­дио­лог-дәрігерлері Петропавлға келіп, Солтүс­тік Қазақстан облысының туа біткен жүрек ауруларына шалдыққан сәбилеріне ота жасап келеді. Қымбат тұратын отаның құны облыстық бюджеттен бөлінген қыруар қаржы есебінен төленеді. Осылайша сегіз жыл ішінде 464 ба­ла­ны ажалдан арашалап қалған түмен­дік хирург­тердің жетекшісі, Түмен облыстық клиникалық ауруханасының бөлімше мең­ге­ру­шісі, профессор Кирилл Горбатиков халық­тар арасындағы достық пен ынты­мақ­тас­тық­ты нығайтуға сіңір­ген елеулі еңбегі үшін Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің Жарл­ы­ғы­мен «Шапағат» медалімен марапатталды. Өткен жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақ­тау жүйесін енгізу аясында 12 орталық аудан­дық аурухананы облыстық ауруханамен байланыстыратын телемедицина желісі іске қосылды. Былтыр Тайынша орталық аудан­дық ауруханасы негізінде еліміздің орталық аудан­дық ауруханалары бас дәрігерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі республикалық оқу-әдіс­темелік орталығының ашылуы да өңіріміздің денсаулық сақтау саласында өнеге тұтарлықтай өзгерістер аз еместігін көрсетеді. Өңірімізде денсаулық сақтау саласы маман­дары­ның жетіспеушілігі мәселесін шешу мақ­са­тымен еліміздің жоғары медицина­лық оқу орын­дарымен тығыз байланыс орна­ты­лып, олардың түлектерімен келісім-шарттар жасалуда. Шақы­ру­мен келген дәрігерлер­дің бәріне көтермеақы төлеу, баспанамен қам­та­масыз ету жолға қойыл­ды. Соның нәтиже­сінде былтырғы жылы ғана облысымызға 68 жас маман келіп, жергілікті емдеу мекемелеріне жұмысқа орналасты. Петропавлда өткен жылы медицина кадрлары үшін 80 пәтерлі «Дәрігерлер үйі» салынып, пәтер кезегінде тұрған ақ халатты абзал жандар қоныс тойын тойлады. Мәдениет саласында да көңіл толарлықтай ілгерілеушілік бар. 2000 жылы құрылған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры бір кезде кенже қалған ұлттық өнерімізді жаңа биікке көтеріп, ана тіліміз бен ділімізді, асыл адамгершілік құнды­лықтарымызды дәріп­тей­тін қарашаңырағы­мызға айналды. Бұл өнер ордасының салта­нат­ты ашылу рәсіміне ұлы жазушының 100 жылдық мерейтойына арнайы келген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, көк лентасын қиғанын театр ұжымы орынды мақтаныш тұтады. 2008 жылғы 21 тамызда Петропавлда тәуел­­сіз еліміздің тарихындағы айтулы мәде­ни оқиға болды. Осы күні Президентіміз об­лысымызға қызмет бабындағы сапармен келіп, өзінің тікелей тапсырмасымен респуб­ли­ка­лық “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қыруар қаржы бөл­гізіп, қалпына келтірткен “Абылайдың ақ үйі” мұражай кешенін ашып, жиналған жұрт­шы­лық алдында тебірене сөз сөйледі. “Біз бү­гін­де өз Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген ба­тыр­ларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан рези­денциясы екені даусыз. Қаланың тамаша жерінде орналасқан мұражай кешені тұрғындардың көзайымына айналары сөзсіз”, деді Елбасымыз. Қазір Абылайдың ақ үйі тек солтүстік­қа­зақ­стандықтардың ғана емес, республикамыз­дың барлық аймақтарынан, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден ағылып келіп жата­тын қадір­лі қонақтар да іздеп барып, тағзым ететін киелі орынға айналды. Тәуелсіздік жылдары Кеңес өкіметі тұсын­да­ғы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған аса көрнекті ақын жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың есімін мәңгі есте қалдыру, артында қалған бай мұрасын кеңінен насихаттау шаралары жүзеге асырылды. Петропавл қаласы мен ұлы ақынның туған жері – Сарытомар ауылында ескерткіштер ор­натылды. Булаев ауданына Мағжан Жұмабаев есімі беріліп, осы аудан орталығы – Булаево қа­л­асында да ақынға ескерткіш қойылды. Облыс орталығының бір кең көшесі де ұлы бабамыздың атында. М.Жұмабаевпен қатар, Қожаберген жырау, Батыр Баян, Шал ақын, Тоқсан би, Шоқан Уәли­ханов, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұ­қанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Жәлел Қизатов, Евней Бөкетов, Мұрат Айтқожин, Есләм Зікібаев, Аяған Шәжімбаев сынды даңқты жерлес­тері­міздің де есімдерін мәңгі есте қалдыру, әдеби және ғылыми мұраларын насихаттау шаралары атқарылып, мерейтойлары лайықты атап өтілді. Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, ұлт­тық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау мақсатында 2008 жылдан бастап, бар­лық аудандарда дербес қазақ газеттері шығарылу үстінде. Өңір тұрғындарының санын ұлғайту мақса­тын­да Елбасымыз белгілеген квота бой­ынша шетелдерден атажұртқа оралған ағай­ын­дарды кө­бірек қабылдап, жайлы қоныс­тар­ға орналас­ты­руға күш салудамыз. Орал­ман­дар­ды қабыл­дау­дың өңірлік бағдарламасын жа­сап, оларға қажетті тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен салуды қолға алдық. Мұндай баспанаға ие болған отандастарымыз квота бойынша алған қаржыларын басқа мұқтаждықтарына жұм­сай­ды. Облыс орта­лы­ғы­на жақын жерде алыстан келген ағайын­дарға арналған жаңа Бәйтерек ауылы бой көтерді. Мұнда Президентіміз бекіткен “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша өткен жылы 140 тұрғын үй салынып, атамекенге бет бұрған отандастар игілігіне берілді. Облысымыздағы демографиялық жағдай­ды жақсарту мақсатымен өткен жылғы 1 қыр­күйек­тен бастап өңірлік «Ұрпақ қоры» бағдар­ламасын жүзеге асыра бастадық. Бұл бағдар­ла­ма бой­ын­ша былтыр төртінші және одан көп сәби дүниеге келген 155 отбасындағы әрбір балаға екінші дең­гейлі банктен арнаулы депозиттер ашылып, олардың әрқайсысына 160 айлық есептік көр­сет­кіш мөлшеріндегі (былтыр ол 226 мың теңгені құрады) қаражат салынды. Бұл қаржылай кө­мекті балалар кә­ме­лет жасына толғаннан кейін банктік өсімі­мен қоса алып, өз болашақтарының жолына жұмсайтын болады. Осы жаңа жобаның игілігін әдетте отбасындағы бала санын шектеуді құп көрмейтін, атамекенге оралып жатқан ағайындар да көретіні айқын. 20 жыл ішінде туған елімізбен бірге жа­ңар­ған Қызылжар өңірі тұрғындарының әл-ауқаты жылдан жылға артып келе жатқан­ды­ғын айғақ­тай­тын деректер аз емес: облыстағы жұмыс­сыз­дар саны 2010 жылы 2001 жылғыға қарағанда 17,1 мың адамға, немесе 56,3 пайыз­ға азайды. Тұр­ғындардың жан басына шақ­қандағы ақша­лай табысы 5,4 есе артты. Осы кезеңде жеке меншіктегі жеңіл автокөліктер саны 2 есеге көбейіп, әр 100 адамға 13 «темір тұлпар» бұйырды. Өңір­де­гі елді мекендердің барлығы телефон байла­нысымен қамтамасыз етілді. Интернет желісіне қосылған абоненттер саны кейінгі 5 жылда 5,1 есе артып, 39,7 мыңға жетті. Облыс орталы­ғын­да тұратын мү­ге­дектердің қала ішінде қиындық көрмей жү­ріп-тұруы үшін тегін «Әлеуметтік такси» қызметі ашылды. Петропавл мен барлық аудан орталықтарында мұқтаж жандарға дәрі-дәрмектер арзан бағамен сатылатын «Әлеу­мет­­тік дәріханалар» ұйымдастырылды. Қала­да да, ауылда да бау-бақша, көкөніс өсіруге ниет білдіргендерге жер телімдерін бөлгізіп, барынша қо­лайлы жағдай туғыздық. Бескөл ауылы мен Петропавл қаласының арасы жа­қын, әрі жолау­шы­лар жиі қатынайтындығын ескеріп, көпші­лік­тің көптен бергі өтінішіне орай облыс орталы­ғын­дағы бір троллейбус бағытын ұзартып, электр желісінсіз жүретін осы заманғы «Дуобус» көліктерін іске қостық. Тәуелсіздік жылдары саламатты өмір салтын орнықтыру, спорт пен денешынық­тыру саласын дамыту бағытында да қыруар істер тынды­рыл­ды. Әсіресе, біздің өңірде онша көңіл бөлінбей, кенже қалып келген ұлт­тық спорт түрлеріне айрықша назар аударыла бастады. Қазақстанның «Солтүстік қақпасы» атан­ған Петропавл қаласының қазіргі келбеті де бұ­рын­ғыдан әлдеқайда ажарлы. Ару Аста­намызға қарап бой түзеген облыс орталығы­ның – ХІХ ғасырдағы көпестер мен дворян­дардың айрықша сәулетті үйлері көрік берген сауда-саттық қала­сының тарихи ерекшелігін сақтай отырып, қа­зіргі заман талабына сай көркейтуге күш салу­да­мыз. Тәуелсіздік жыл­дары мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағ­дар­ламасының аясында мұнда жаңа да көркем шағын аудандар пайда болды. Бұрынғы Ленин атындағы орталық көше Қа­зақстан Конс­титуциясы көшесі болып өзгер­ті­ліп, ақ өрнектас төселіп, сәнді орындықтар қойы­лып, әдемі шамдар орнатылып, әсем гүлдер егіліп, сұлулана түсті. Өзге көшелер де жөн­де­ліп, көркейтіліп, түгел жарықтандырылды. Қа­ла­ның орталық алаңында Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік рәміздеріне арналған сәу­леттік композиция бой көтерді. Абылай хан мен Мағжаннан басқа, Қарасай мен Ағынтай батыр­ларға, Абай мен Пушкинге, Үкілі Ыбырайға, Ғабит Мүсіреповке, Евней Бө­кетовке ескерткіш қойылды. Бұрынғы НКВД мекемесі орналасқан жерге саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнал­ған монумент тұрғызылды. Ауған соғысына қа­тысу­шыларға белгітас қойылды. Жаңартылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қа­быр­ғасына қазақ және орыс халықтары досты­ғы­ның символына айналған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барельефі орнатылды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Петропавлдағы Жеңіс саябағын қайтадан жаң­ғыр­тып, қалалықтардың сүйікті демалыс ор­нына айналдырдық. Петропавлда жасақтал­ған 314-ші атқыштар дивизиясының жауын­герлеріне ескерткіш орнаттық. Қалалық мәдениет және демалыс саябағы ішінде орнатылған Жеңіс стеласын да жаңарттық. Ел өміріндегі айтулы мерекеге орай облыс­та­ғы барлық елді мекендерді одан әрі көркейту жұ­мыстары жүргізілуде. Бұл орайда облы­сы­мызда «20 игі іс» акциясы өріс алып, басшы азаматтар мен кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері өздерінің туған ауылдарына барып, хал-қадерлерінше көмектерін тигізу үстінде. Мен болсам, ұлы Мағжанның Отаны – Сарытомар ауылына барып, өзімнің де кіндік қаным тамған атамекенімнің ажарын аша түсуге атсалыстым. Осыдан 20 жыл бұрын ана тіліміздің жан­ашырларының ұйытқы болуының арқасында Пе­тропавлдағы бір орыс мектебінің жанынан 15 баланың басын құраған алғашқы қазақ сыныбы әрең ашылған еді. Ал қазіргі таңда Қызылжар өңіріндегі қазақ мектептерінде ұлты басқа 312 оқушы өздерінің жүрек қалауымен мемлекеттік тілімізде білім алып жүр. Түрлері бөлек болға­ны­мен, тілдері де, тілектері де бір болып өсіп келе жатқан жас ұрпақ өкілдері қазір әрқилы мә­дени шаралар мен байқауларда Мағжан Жұма­баевтың «Мен жастарға сенемін!» атты өлеңін мәнерлеп жатқа оқуды ұнататындығы жиі бай­қа­лып жүр. Елмен бірге жаңарған біздің Қызылжар өңірінде бүгінде ұлы Мағжан рухы, елдік пен бірлік рухы асқақтап тұр. Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.