Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Санк-Петербургтің 15-ші халықаралық экономикалық форумына (ПХЭФ) қатысу үшін Ресейдің солтүстік астанасына келді. Бүгін форумда Қазақстан көшбасшысы сөз сөйлейді деп күтілуде.
Форум өз жұмысын 16 маусым күні бастаса, салтанатты ашылуы 17 маусымда болды. Оның ашылуында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев сөз сөйлеп, 15 жылдық тарихында форум көрнекті саяси қайраткерлер, корпорациялар басшылары мен сарапшылардың жаһандық экономиканың маңызды мәселелерін талқылайтын әлемдік пікірталас алаңына айналды деген пікір білдіріп, форумға жоғары баға берді.
Форумға қатысатын Мемлекет басшыларының арасында Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Испания Премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро, Финляндия Президенті Тарья Халонен бар.
Экономикалық форум барысында негізінен жаһандық экономиканың өсу қарқыны бағдарланып, Ресейде шығармашылық капиталды қалыптастыру мен экономикалық көкжиектерді кеңітетін технологиялар туралы пікірлер алмасылады және талқылаулар болады деп жоспарланған.
ПХЭФ 1997 жылдан бастап жыл сайын Санкт-Петербург қаласында маусым айында өткізіліп келеді. Ол Ресейдің ғана емес, ТМД аумағындағы елдер үшін де маңызды экономикалық форум болып есептеледі. Ресейліктердің өзі оны қатты дәріптеп, «Орыс Давосы» деп атайды. Форум кезінде пленарлық отырыстар, дөңгелек үстелдер, көрмелер ұйымдастырылып, инвестициялық жобалардың тұсаукесерлері, іскерлік кездесулер мен келіссөздер өткізіледі. Форум жұмысына жуық шамамен 3 мыңға жуық адам қатысады.
Былтырғы ПХЭФ «Болашаққа негіз салу жолында» деген негізгі тақырыппен өткізілген болатын. Оның қорытындысы бойынша құны 15 млрд. еуроға жуық соманы қамтыған 47 инвестициялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
15-ші мерейтойлы форум туралы ресейлік БАҚ-тар көптеген ақпараттар таратып жатыр. Соның ішінде көрмелерге қонақ болу үшін төленетін ақы бір адамға 106 мың рубль болса, VIP аймақта тұру үшін төленетін ақы бір адамға 177 мың рубль екен. Осыған қарағанда, ПХЭФ-ке тек қана аса құдіретті компаниялар ене алатыны байқалады. Форум жұмысын әлемнің миллиондаған көрерменіне кеңінен насихаттау үшін ондаған камералар, жарық, аппаратуралар қойылған. Олардың бәрінің сымдарын қоса есептегенде 140 шақырымға жетеді екен.
Экономикалық форум Санкт-Петербургтің «Ленэкспо» атты көрме кешенінде өтіп жатыр. Ресейдің жыл сайынғы ең басты экономикалық оқиғасы да осы шара болып саналады. Көрме кешенінің аумағы өте үлкен, оның ішінде мәслихат залдары, келіссөздер кабиналары, мейрамханалар, басқа қатысушылардың еркін тыныстап, қыдырып жүруіне жағдай туғызатын субұрқақ алаңдары да көп екен.
Форум өз жұмысын бүгін кешке аяқтайды.
Жақсыбай САМРАТ – Санкт-Петербургтен.