21 Маусым, 2011

Ән туралы ойлансақ...

4050 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Көргенімді айтайын ба, әл­де естігенімді айтайын ба?». Бұл сөз біздің бала кезімізде – су­реті өшіріліп, сұлбасы ғана есте қал­ған сонау бір мың да тоғыз жүз қырқыншы жыл­дар­дың ішін­де жиі айтылатын. «Көргеніңді айтсаң – көз алдыңнан өткізгеніңді айтқа­ның. Естігеніңді айтсаң, ара­сын­да қос­пасы да жүретіні хақ. Ендеше, көргеніңді айт», деп түйіп тастай­тын сонда ауыл үлкендері. Ол кезде көрген мен есті­геннің арасы жер мен көктей деп ойлайтынбыз. Қазір бұл екеуі­нің бірінен бір­і­нің айыр­машы­лы­ғы бол­май кет­ті ғой. Көр­ге­ніңді ес­ти­сің, ес­ті­ге­нің­ді көресің. Тіп­­­ті, кө­ріп оты­рып ес­ти­сің, естіп оты­рып көре­сің. Заман сондай. Өз­гер­ген, кемеліне келіп то­лыс­қан заман­ның қуаты, құдіреті солай. Қазіргі техно­ло­гия­ның, тех­ни­калық алға ұмтылыс­тың ең ба­сында осы өзіміз білетін те­ле­­ди­дардың тұрғаны анық. Өйт­­кені, жаһанда не боп жатқанын лезде естисің. Жә­не де теледидар жоқтан бар жа­сай­д­ы. Өнер­паз еместі өнер­лі қып көр­сетеді. Қа­зақ­ша айт­қан­да, ерін­­­бегенді етік­ші, ұялмағанды әнші қылады. Әнші дегеннен шығады, біз­дің қазақ әнмен егіз жаратылған халық. Абайша айтсақ, дүние есі­гін әнмен ашып, жер қой­ны­на әнмен кіру пешенемізге жа­зыл­ған елміз. Күлсек, әнмен сақ-сақ кү­ліп, жыласақ, әндетіп жылаған елміз. Тіршілігіміздің бар тыны­сы, бар тармақ-тарауы әнмен ас­тасып жатады. Әнсіз өмір жоқ. Содан да ғой, өмірімізді ажар­лан­дыру үшін телеарналар неше түрлі жоспарлар жасап, жаңа жобаларды ойлап тауып жатады. «Қымызхана», «Ал­ты­бақан», «Ұят болмасын»... сияқты жобалар. Бәрі де әнмен өрнектеліп, әнмен өріліп жатады. Тіпті, қазір ән аралас­пайтын, килікпейтін жер жоқ. Мұның өзі бір жағынан әннің қадірін түсіріп, құнын кемітіп бара жатқан сияқты. Бертінде ғана бақилық болып кеткен атақ­ты әншіміз Роза Бағланованың, осыдан тоғыз-он жыл бұрын болуы керек, теледидар тілшісіне берген бір сұхбатында қазіргі ән айтатындар туралы «тыртаң­даған әншілер» деп осы күнгі тал­ғамсыз әріптестерін бір қа­ғы­тып өткені бар еді. Зама­ны­мыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төле­гено­ва да осы биыл қазіргі әншілерді әнші деп емес, «ән орындаушы» деп бағалайтынын ашып айт­қанын өз құлағы­мыз­бен естідік. Мұны неге айтып отырмыз? Әннің қадірін түсіріп алмайық деген оймен айтып отырмыз. Қазақ әнмен өсіп, әнімен асқақ­та­ған ел. Бірақ «әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай да білген халық. Сонда әннің естісі қандай болуы керек? Есті ән ұйықтап жатқан жүректі оя­тады, жүрек қылын тербеп, адам­ға неше түрлі ой салады. Есті ән адамды қанаттан­дырады, жүрегін ізгілікке бөлейді. Жақсы әннің әсерімен қуатыңа қуат қосып, өзгеше бір рахат күй кешер кезің болады. Жақ­­сы әннен өзіңше бір сыр тың­дап, ләззат табасың. Жақсы ән айтып тұрған әншіні өзіңе жақын тар­тып, оны ерекше жақ­сы көріп кет­кеніңді бай­қамай да қаласың. Ән көңілді ғана ажар­лан­дырып қоймай, адам мен адам­ды жақын­датады, адам абы­ройын биіктетіп, атын асқақ­та­та­ды. Ән арқы­лы бірін-бірі танып, ән арқылы достасып кеткен адамдар қан­ша­ма, ән арқылы біріне-бірі ғашық болып, табысып жатқандар да аз емес. Соның бәрі ән құдіретінің арқасы деу керек. Ән көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама өнер емес, жеке тұлғалардың ілуде біреуіне ғана қонатын жалқы өнер, дара қасиет. Сондықтан ән қасиетін ұға білген арғы ата-бабаларымыз ән­ші­лерді жеке-жеке бағалап, әр ән­шінің дары­нын жеке-жеке тани білген. Әр әншінің өз биігі, өзін­дік ән айту ерекшелігі болатынын та­ны­ған. Аспанға өрлетіп, асқақ­та­та салуы­на қарап Біржанның, бабы­мен қа­лықтатып, сыңғырлай шық­қан сұлу сазбен сылқым ай­тылуы­на қарай Ақан серінің, күм­пілдей төгілетін кең тыны­сы­на орай Үкілі Ыбы­райдың туын­ды­сын немесе кекке толы ашулы үнмен естілуіне сәй­кес Жаяу Мұ­са­ның туын­­дысы екенін халық ешкім нұсқап айтпаса да біліп оты­рады. Осыдан да шығар, біздің қа­зақ әр әннің өз орындаушысы, жеке орын­даушысы болуын қала­ған. Алты­бақан, бастаңғы сияқты көп адам жұмылып атқаратын ойын-сауық кезінде болмаса бірігіп, біріне-бірі барқырай қосылып ән айту­ды онша ұната бермеген. Соған қарағанда, бір әнді екі немесе бірнеше әнші­нің қосылып айтуы онша оңды әсер қалдыра бермейтін сияқты. Әйтеуір сондай бір ән тың­дадым деп есепке қосқаның бол­маса, онша тұшына алмайсың. Мы­сал ретінде осыдан сәл ғана уақыт бұрын орындалып келген «Екі жұл­дыз» тележоба­сын алайық. Жұл­дыз де­ге­нің «жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар» деуге ғана лайық ұғым. Бір кеште бірнешеуі жұп­та­сып шығып ән айтатын не қылған көп жұлдыз? Сонша көп болса, ол жұлдыз бола ала ма? Әділін айт­сақ, ішінде жұл­дыз деуге тұрарлық нағыз жұл­дыз­дар да бар шығар. Бірақ көбі бірін-бірі сүйреп, бірінде жоқ өнер екіншісінен табылып дегендей, бірін-бірі толықтырып, бірі­нің осал­ды­ғын екіншісі білдірмей жіберіп жат­қандары басым бол­­ды. Қосы­лып айтқан әннің асы­лы мен жасы­ғы көпке бай­қалып, көзге ұрып тұрмайды. Ән жүректен шығып, жүрек қылын қозғағанда ғана ән болады дедік. Әнші атанып, ән айту үшін әнді жүректен өткізіп, жүрекпен түсіну керек. Өзіңді өзің елжіретіп, өзіңді өзің тебіренте алмасаң, ән айттым деп есептеме. Жуырда танымал бір әнші атақты халық әні «Назқоңырды» айтты. Талай дүл­дүл әншілердің орындауында бұл әнді талай-талай сүйсіне тың­дап жүрміз ғой. Әлгі әнші де бар өнерін салып, өзінше құбылта айт­қан болды. Бірақ әнді құйқыл­жыта алмады. Әншінің назы, наз­дануы жетпей жатты. Әннің аты «Наз» деген сөзден басталып, оған «қо­ңыр» деген сын есім қосылып тұрған жоқ па! Ән назбен айты­лып, майда қоңыр мақ­пал үнмен құйылуы керек еді. Әлгі әнші дауысын зорайта шы­ға­рамын деп зорлана күшенді, өк­пе­ге салмақ түсіріп, ақыры шың­ғыр­ды. Сөйтіп айтқаны ән емес, «құр айқай ба­қыр­ған» болып шық­ты. Күнде туып, күнде ұмы­ты­лып жататын қазіргі әндердей емес, халық ән­дері халықтың қа­зынасы, халық­тың бізге қалдыр­ған амана­ты. Оларды орындаған­да иманың­ды үйіріп, әлдебір асыл әлемнің есігін ашқандай күй кешуің керек. Ән айтып жүргендердің бәрі әнші емес. Әншілік табиғаттың жеке тұлғалардың бойына ғана да­рыт­қан ерекше бір сыйы. Әнші бо­лып жаратылуың керек. Бүкіл бол­мыс-бітіміңде әншілік қасиет бол­ғанда ғана жүректі жаулап, тың­дау­шыңды әнмен арбайсың. Атақ­ты Роза Бағланова сахнаға жарқ етіп шыға келгенде ол ән бастамай жатып-ақ әр жүрек ән­детіп жүре бермейтін бе еді! Ал орта­мызд­а жүрген Бибі­гүлі­мізді теле­экран арқылы болса да сахнадан көріп қалу қалың көрермен үшін үлкен қуанышқа айналып бара­ды. Бибігүл Төле­генова ән төгілт­кен­де Ыбырай бабамыз айт­қан­дай: сәуір туып, рахмет туы көте­ріл­гендей әсер аласың. Ән құд­і­реті, әнші құді­реті деген, міне, осы! Ән құдіреті, әнші құдіреті туралы айта отырып, ұлы Ақан сері бабамызға байланысты орын алып жүрген мынадай бір өрес­келдік тура­лы айт­­пай кеткеніміз жөн болмас. Ақан серінің «Бал­қа­диша» деген атақ­­ты әнін бұл күнде білмейтін пенде жоқ шығар. Бал­қа­­ди­ша өмірде бол­­ған адам. Ақан сері мен қыз әкесі Ыбы­рай бірімен-бірі жақсы та­ныс, сыйлас бол­ған кісілер. Бір жолы Ақан сері Ыбы­рай­­дың ауылын­да бо­лып, бір тойда оның оң жақта отырған қызы Бал­қади­ша­ны кө­ріп, оған ағалық іңкәр көңілден ән арнайды. Нағыз ару қызға арнал­ған тамаша ән. Кез келген халық­тық дүниеге кекесінмен қа­райтын кесірлі кеңес заманында сол әнді қасақана бүл­діріп, теріс айтатын ауру шы­қ­ты. Бұрын әйел теңдігі сақтал­маған, талай қыз бай­лар­дың, ма­лы көп кәрі шал­дардың уысына түсті деген идеология әс­петтеліп келген еді. Сондай дүр­мекке ерген кейбір білгіштер бұл әнді «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп қасақана бұрма­лап, теріс айтып келді. Қа­зір заман өз­герді, жағдай түзелді дейміз. Бі­рақ жекелеген әншісы­мақ­тар­дың, олар­ға жөн-жоба көр­сету­ге тиіс студия қызмет­кер­лерінің әлі де санасы сілкініп, ой-түйсігі оңала қоймапты. Ақан сері­нің әлгі әнін сол кеңес за­ма­­нын­дағыдай ескі сарынмен әлі де бүлдіріп орындап жүр. Осы биыл ғана, дәлірек айт­қан­да 26 наурыз­дың кешінде «Жі­гіт­тер квар­теті» деген атпен төрт жігіт қо­сы­лып телеарнадан «Балқа­ди­­ша­ны» орын­да­ды. Сонда олар­дың «Кү­­йеуің сексен бесте шал Қади­ша» деп төбеден ұрғандай етіп орында­ғанына өзім куә болдым. Түйсік болмаған жер­де сөзге мән беріп, оның түп төр­кініне көз жү­гір­ту де ұмыты­лады ғой. Әйтпесе бір түгіл, екі бірдей жеңгесі үйге қайтайық деп шақы­рып келіп отыр­ған оң жақта әл­пештелген аяулы ару қызға Ақан сері сияқты бекзат бітімді ғазиз жан «күйеуің» деген сөзді түйеден құлағандай қылып баттита айтпас болар. Ақан серінің бұл әні: Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша, Желкілдеп көлге біткен тал Қадиша – деп басталып, Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде шолпан жұлдыз сен, Қадиша, – деп әдемі өріліп сұлу суретпен жалғаспаушы ма еді. Ақан сері ешкімге қолжау­лық бола алмайтын, аруақ қон­ған аса киелі жан. Оның өзін де, бізге ән болып жеткен сөзін де бұрма­лау­ға, қорлауға болмай­ты­нын әр­кімнің де зерделей білгені жөн. Ән таусылмақ емес. Ән ту­ра­лы сөз де таусылмайды. Бірақ қайс­ы­мыз айтсақ та, қанша айтсақ та ұлы Абайдан асыра алмаспыз. «Құлақ­тан кіріп бойды алар, жақ­сы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, менше сүй» – демеп пе еді бар қазақтың ұлы ақыны! Әнді Абайша сүйіп, Абайша түсініп, Абай­ша бағалай біліп айтатын болайық. Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ. Алматы.