АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫНА ЕСКЕРТКІШ
Алаш идеясының бастауы болған қасиетті Семейде Алаш арыстарына ескерткіш орнату туралы мәселенің көтерілгеніне біраз жыл болған еді. Енді, міне, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында ел көкейіндегі сол игілікті шаруаға нүкте қойылатын сыңайлы. Соған орай республикалық конкурс өткізіліп, оған 32 жоба авторы қатысса, соның ішінен мүсінші Едіге Рахмадиевтің жобасы жеңімпаз деп танылды. Сол жеңімпаз мүсінші Семейге келіп, мұндағы елдің де ескертпелеріне құлақ түріп қайтты.
Азаттықтың ақ таңы деп аталатын алып ескерткіш жаңа көпірдің оң жағалауындағы айшықты алаңға орнатылмақ.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
* * *
ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ДӘРІГЕРІ
Биыл Қызылжар өңірінде бала өлімі 19, туберкулезге шалдығу 2,6 пайызға төмендеп, ана өлімі тіркелген жоқ. Сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші 4 есеге артты. Жүрек-қан тамырлары аурулары да азайып келеді. Ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі күні облыс әкімі Серік Біләлов онкологиялық диспансердің бас дәрігері Е. Әбдірімов пен денсаулық сақтау саласын дамыту облыстық филиалы директорының орынбасары Т.Баязитоваға «Денсаулық сақтау ісіне қосқаны үшін» медалін тапсырды. Бір топ дәрігер «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін алды.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен облыстық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Сергей Череда «Жылдың ең үздік дәрігері» атанды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.
* * *
БАС МҮФТИ БАТАСЫН БЕРДІ
Жұма күні Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылында Жақсыгелді Хамитжанов атындағы жаңа мешіт пен медресе ашылды. Салтанатты шараға жиналған жамиғатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков, ауыл ақсақалы Сайлаубек Камиев, Бикен апа Хамитжанова құттықтады.
Хамитжановтар отбасының қаржысымен және жұртшылықтың демеушілігімен салынған рухани кешеннің аумағы 370 шаршы метрді алып жатса, мұнарасының биіктігі 20 метрден асады. Мұнда 170 орындық ерлер, 70 орындық намазхана бар. Ал 70 орындық медресеге оқушылар қабылдау мен дәріс жүргізу «Астана-Медресе» орталығына жүктелсе, оған жұмсалатын шығынды Хамитжанов әулеті көтереді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.
* * *
ӘКІМДЕР ДОП ТЕПТІ
Бұрнағы күні Шиелі ауданында облыс активінің көшпелі отырысы өткен. Оның соңы облыс әкімдігі мен Шиелі ауданының әкімдігі арасындағы футболдан достық кездесуге жалғасты. Облыстың командасын алаңға аймақ басшысы Болатбек Қуандықов бастап шықты. Ал құрамында жеті ауданның әкімі бар Шиелінің командасына аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев капитандық жасады.
Жасыл алаңдағы ойын тартысты өтті. Есепті алдымен облыстың командасы ашты. Шиелі ауданының командасы да қарап қалған жоқ. Нәтижесінде достастық кездесу 2:1 есебімен облыс командасының пайдасына шешілді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.
* * *
ЖОРЫҚ БРЕСТІ БЕТКЕ АЛДЫ
Өткен аптада Ұлы Отан соғысы басталғанына жетпіс жыл толуына орай мотожорықшылар Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы алаңнан Брест қаласына аттанып кетті. Олар 22 маусым күні осында өтетін салтанатты шараға қатыспақ. Халықаралық шараны соғыста хабарсыз кеткендер туралы мәліметтер іздестірумен айналысатын «Берег» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Санкт-Петербургте қоныс тепкен аталған ұйымға Орал қаласының түлегі Игорь Пинчук жетекшілік жасайды.
«Дәстүрге айналып келе жатқан халықаралық мотожорықшылар сайысының басты мақсаты – боздақтардың ерлігін ұлықтау. Патриоттық тәрбиенің жаңа өрісін ашу», дейді ол.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.
* * *
ЖЕТІНШІ АУЛА КЛУБЫ АШЫЛДЫ
Өткен аптаның бейсенбісінде облыс орталығы – Тараз қаласында бүлдіршіндерге арналған осымен жетінші аула клубы ашылды. Бүгінде Байзақ батыр көшесінде тұратын балалар мен жақын маңдағы №16 және №24 гимназия оқушыларының қуанышында шек жоқ. Өйткені, «Қазақстан ауыл жастары» ресурстар базасы орталығы жанынан ашылған аула клубында би, сурет үйірмесі, компьютерлік курс, интернет және шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді.
Облыс орталығындағы барлық аула клубтары демеушілер бөлген қаржы арқылы жұмыс атқаруда.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.
* * *
СПОРТШЫЛАР ЗАУЫТ ЖҮЛДЕСІН БӨЛІСТІ
Өткен аптада Ақсу қаласында «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-қа қарасты ферроқорытпа зауытының спорт кешенінде өндіріс орындары арасындағы 8-ші жазғы спорттық ойын түрлерінен жарыс болып өтті. Оған еліміздің өндірістік компанияларымен қатар, Ресейдің Серовск ферроқорытпа зауытынан келген барлығы 400-дей спортшы қатысты.
Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлеріне сай өрнектелген кешен ішіндегі спорт мерекесі шашу шашылып, «Қаражорға» билеп барып басталды. Алау оты жағылды. «Казхром» металлургияның көшбасшысы ғана емес, спорт пен әлеуметтік саланы дамытуда да алда келеді. Сөйтіп, бұл жолы да ақсулық зауыт спортшылары жүлделі орынды иеленді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.