22 Маусым, 2011

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ: Ойнау мен ойлаудың арасы алшақ

621 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін
Анападағы (Ресей) «Кино-Шок» фестивалінің «Парасаттылық пен қайырымдылығы үшін» жүлдесі; Анжедегі (Франция) «Авторлық кино үшін» Еуропа кино қайраткерлері халықаралық конфедерациясының арнаулы жүлдесі; Ригадағы (Латвия) «Arsenals» халықаралық кинофестивалінің «Гран-при» жүлдесі; Француз киноакадемиясының Жорж Садуль атындағы жүлдесі; 45-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің арнаулы дипломы, Инсбруктегі (Австрия) 8-ші халықаралық кинофестивальдің үздік режиссура үшін арнаулы жүлдесі... «Әлем киносындағы үздік фильмдер» тізіміне енгізілген «Көзімнің қарасы» лентасы алған жүлделер, атақтар тізімі осылай жалғаса береді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иесі, республикаға еңбегі сіңген қайраткер Сатыбалды Нарымбетовпен бұл сұхбат таяуда «Сарыағаш» шипажайында өтті. Атақты суреткермен ойда-жоқта ұшырасу онсыз да қысқа демалыс күндерін қысқарта түскеніне өкінген жоқпыз. Танымал кинорежиссер, жазушының ақтарыла айтқан жан сырына назар салыңыз, қадірменді оқырман. * * * – Құрметті Сәке! Сізбен сұхбаттасуды көп­тен ойластырып жүр едім. Мына «Сары­ағашта» жолықтырғанымда сондай қуанып қалдым. Әуелде аяқ астынан, дайындықсыз қалай сөй­ле­сер екенбіз дегенмін, әйтсе де сұрайтын жай­ларымды шамалап шық­сам, ойға біраз нәрсе оралған да сияқты болды. Өзіңізді мен білгелі қы­рық жылға жуықтады. Біз КазГУ-ге түскенде жоғарғы курс студенттері, жаңа бітіргендер Саты­балды Нарым­бетовтің университетті тастап, ВГИК-ке кеткенін таңдана, тамсана сөз етісетін. Ол кезде ауылдан шық­қан, қазақша оқы­ған, қазақша жазатын жігіт­тің Мәскеуге, оның үстіне «киноның оқуы­на» кетуі, расын­да, оқыс қадам болатын. Сіз бұл қадамға қалай барды­ңыз? Жалпы, өзіңіздің балалық шағыңыз, әде­биет­ке әуестігіңіз (қалай дегенде де алдымен про­задан бастадыңыз ғой) жа­йында айтсаңыз. – Әдебиетке әуестік жетінші сыныпта жүр­ген­де... жолдастарымның ғашық болған қыздарына со­лар­дың атынан өлең-хат жазудан «старт» алған. Өлең­­дерді университеттің екінші курсында да құ­пия дәптеріме жазып жүретінмін. Кейін Марат Отарәлиев, Жұматай, Жарасқан жырларымды оқы­ған­да өлең «сырқаты» сап тыйылды. Құпия дәп­­тер жыртылды, жойылды. Проза сонда келді. Проза ақыл тоқтатады ғой... Ал жыр-поэзия пе­ріш­телердің сыбырымен туады... Нағыз поэзияны айтам... Проза... проза бас (рацио) пен сезімнің тер­ри­ториясы... Прозашы – шахтер. Кен қазатын – сөз­ден, әрине, – шахтер... Алғашқы әңгімем – «Тен­текті», Құрманғазы атам жөнінде жазылған, – ал­дымен оқыған Асқар ағам, бір сөзге келместен «Лениншіл жастағы» Әбіш ағама   алып барды. Әбіш ағам оқып шығып, еш жерін түзетпестен га­зеттің ертеңгі санына жариялатып жіберді. Қо­лым­нан жетектеп Асекең әдебиетке әкелді де, аузы дуалы Әбіш ағам «тұсауымды» кесті... Біреуі – «өкіл әке», біреуі – «өкіл аға»... Міне, мен про­заға осылай келдім. Сонсоң да әлі күнге дейін бір­деңе жазуға отырсам – ту сыртымда осы екі ағам тұрады да қояды. Әлі күнге дейін. Талай шығарма жыртылды да... Сол екеуіне ұнамайды-ау деген үрей буып... талай шығарма басталады да аяқсыз қалады... Сол екеуі­нің мысы әлі күнге дейін баса­ды да тұра­ды!.. Ал прозамның бір томдық шығар­малар жи­на­ғы – кезінде Асқар ағам мен Әбіш ағаның «ем­ти­ханынан» өткендер... Шыны керек, Алматыда жүргенде мен екі университетте қатар оқыдым. Біреуі – КазГУ... КазГУ-де – Зейнолла ағам. Қабдолов ағам дәріс берді, тәрбиеледі... Талғамды айтам... Үлкен әде­биетке деген талғам – сол Зейнолла ағамның еншісі. Ал екінші университет – Асқар ағам мен Әбіш ағам... Оған кеп Қалихан ағамның, Бунин, Ка­заков және Хемингуэй, Фолкнердің прозасы қо­сылды. Бұл, әлбетте, Асқар ағамның «тізімі» бойынша... – Киноға ауысу идеясын сізге кім айтты? Әлде осы шешімге өзіңіз келдіңіз бе? Ой тас­таушы Асекең – Асқар Сүлейменов емес пе? – Киноға ауысу идеясын ешкім айтқан жоқ. Ол кездейсоқ келген идея. Шәкен аға – Ай­мановтың идеясы... Таң қалма! Мен Мәскеуге әуелде жазу­шылықты қуып барғанмын. Ол былай болған... Университеттің екінші курсының соңы­на таман, бірнеше әңгімелерім баспасөзде жария­ланып... Ас­қар ағамның «алтын тізіміндегі»  ақбас классиктердің шығарма­ла­рын зерттей қай­та-қайта оқып, Асқар ағамның кеңесі бо­йынша – Казаковтың, Буниннің бір-екі әңгі­ме­ле­рін, – жариялау үшін емес! – сол кісі­лердің тәсі­лін, стилін түсіну үшін қазақшаға ауда­рып, әрі, оның үстіне, орыс тілін меңгеру үшін, өзім үшін ау­дарып шықтым... Үшінші курста сабаққа бару да сиреді... Сол Асекең берген тізім бойынша – сти­пендия сайын бір кітап, шетел жазу­шы­лары­ның, әрине! – бір пластинка – Еуропа алтын ға­сы­рының классикалық музыкалық шығармалары: Вивальди, Перголези, Корелли, Скарлатти, Бетховен, Моцарттардың «нағашы­лары»... – Асекең­нің әзілі... Міне – үшінші курс түгелімен осы шал­дар­дың компаниясында «қол­бала бала» болып жүру­мен өтті... Бір түні түні бойы дөңбек­шіп шық­тым... «Мен Алматыда не істеп жүр­дім? ...Не істеп жүрмін?» деген ой жегідей жеді... Университетке тек Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мырзатай Жолдасбеков, әсіресе – Зейнолла Қабдоловты тыңдау үшін ғана барам... Ол кісінің лекциясы – біз үшін жәй сабақ қана емес, театр еді... Ол кісі лекция оқы­ғанда біртүрлі қа­нат­танып кететін... Көзі жайнап, ор­ны­нан тұрып, әдебиетті... өзі ұнататын шығар­маларды талда­ған­да бүркіт аруақтанып кететін!... Күндіз – сол кісілерден дәріс алсам, түні бойы өзіммен өзім алы­сып шығам... Чеховтың кейіпкерлері сияқты: «В Москву! В Москву!» деген монологтар ағыл-тегіл, ұйықтат­пайды... Ал­маты­­да «қызық қалма­ды», бір сөзбен айтқанда... Осы ойымды Асекеңе айттым... Ол кісі, қашанғы әдеті бойынша, кешқұрым үйін­де жарық жақпай Шопенді тың­дап отыр екен... Алдында – бұр­қыраған қағаз!... Күлді ме, жыми­ды ма, – есімде жоқ, «өзіңе сенесің бе?», жо-жоқ: «Ас­тыңнан су шықты ма?» деді... Мен сөз таба алмай қалдым... Екі-үш күннен соң сүйре­тіліп тағы бардым... «Мәскеуде не бар?» деді ағам... Мен: «Мәс­кеуде Литинститут бар» дедім... Сосын екеуміз темекі тарттық... Сосын: «Барсаң бар...» деді... Мәскеуге осылай кеттім... – Жарайды, әуелде Мәскеуде жазушылыққа оқу идеясы туған екен. Ал киноға қалай барып жүрсіз? – Киноға ауысу идеясы қолма-қол сол Мәс­кеу­де, ВДНХ деген көрме қалашығында туды... Қы­зық­тың көкесі Мәскеуде болатынын мен қайдан білейін... Аэропорттан бірден институтқа барсам – он­дағылар зоопарктен қашып шыққан бір жануар­ға ұқсатты-ау деймін, хатшы әйел: «Молодой человек, с прошлого года очные отделения института закрыты, теперь только заочные отделения остались», деп төбемнен бір шелек мұздай су құй­ды да жіберді... Есеңгіреп мен кеттім. Сол кеткеннен Мәскеуді ең болмаса бір аралап қалайын деп әлгі Бүкілодақтық «Өстепкі қала­шығынан» бір-ақ шықтым... Балмұздақ жеп, іштегі өкініш жалынын өшіруге тырысып жүр­гем... «Ойбай, Нарымбетов Мәскеуге салпақтап босқа барып қайтыпты, өзіне де сол керек!» деген қаңқу сөз ауылда да, Ал­маты­да да гу-гу ететіні, әсіресе, жаныма батып барады! Балмұздақты тағы да алып жеп келе жатқам... «Өлмегенге – өлі балық» деген нақ рас екен! Өз­дері көңілді, екі езулері екі құлағында бір топ қазақ шықты алдымнан!... Алдында өзім суретінен, киносынан білетін – Шәкен аға... Айманов... Жанында – Камал аға, Смайылов... Камал аға мені білетін. Әңгіме­лерімді оқыған. Бардым да қол беріп амандас­тым... Камал аға бірден ақжарқын күйі Шәкен аға мен қасындағыларға таныстырып үл­гер­ді. Менің «талантты жас жазушы» екенімді де ай­тып үлгерді... «Мәскеуде не істеп жүрсің?» деген Камал ағаның сұрағына мен бар мұңымды жа­йып салдым. Енді Алматыға қайтуға бет жоқ дегенді де айттым ғой деймін... Камал ағам шашын қос қолымен қайта-қайта сылап тұрғанда, Шәкен аға: «Бұл бала шынында талантты жас жазушы ма?» деп жымиып қайта сұрады. Камал ағам: «Әң­гімелері өте жақсы!» деді. Шәкен аға миығынан күліп тұрып: «Талантты дедің бе?» деп тағы сұрады. Камал ағам тағы растады... «Ендеше, – деді Шәкен аға, – осы жерден екі жүз елу метрдей жерде ВГИК деген оқу орны бар, бала, – деді. – Сонда киношыларды дайындайды... Саған керегі, шынында талантты әңгімелер жазатын болсаң, сондағы сценаристер дайындайтын факультеті». Мен сол күні барып ВГИК-ке құжаттарымды тапсырдым... Кешке таман Алматыға, Асқар ағама мән-жайды ай­тып, телефон шалдым... Ол кісі құптады... Құдай­дың құдіреті деген – осы... Атың­нан айналайын, Шәкен ағаның идея-батасы­мен киноға келдім, Сауытбек... Шәкен ағадан мен жа­ман­дық көр­гем жоқ... Ол кісінің соңғы екі кино­туындылары – «Атамекен» мен «Атаманның ақыры» шедеврлері төл қазақ киносында ғана емес, синематограф (осылай жазшы – кинематограф деп әркім-ақ айтады) деген үлкен өнердің дүниежүзілік алтын қорынан орын алды емес пе? Әсіресе, «Атамекен» нағыз синематограф тілінде түсірілген туынды! Жалғыз қазақ киносы емес, Голливудте түсірілген, түсіріліп жатқан дүние­жүзілік кинотуындылардың бәрі – таза синематограф тілінде түсірілді деп айта алмаймын – бұл менің өз пікірім... – Солай болуы заңды да шығар. Кино әлі ізденісте жүрген өнер, кеш туған өнер ғой. – Сондықтан да кино әлі күнге дейін әдебиет пен театр­дың арасында өз отауын тіккенмен, шаңы­ра­ғын толық көтере алған жоқ... Тілі – сақау десе де болады... Венеция, Локарно, Токио фес­тиваль­дері­нің жүлделері тек синематограф тілін, пласти­ка­сын іздеп жүрген, таза синематограф табиғатын тану үшін түсірілген фильмдерге ғана арналған. Қалғандарында – геосаясат, коммерция, кинотехника үшін ғана, әдетте, жұмыс істейді!... Ал бізде қазақ киносында тамаша кинолар жоқ емес, бар, бірақ, тағы қайталап айтам, таза синематограф тілінде Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» және әлгінде айтқан Шәкен ағаның «Атамекен» фильмдері сөйлеп тұр экраннан. Біреуінің сценарийін – Әкім Тарази, екіншісінің сценарийін Олжас Сү­лей­менов жазған... Өкінішке орай, екеуі де ұлттық киномыздың алтын қорына енгенімен, кино­тари­хы­мызда әлі күнге дейін толыққанды талданып, анализге салынған жоқ... Таза кино дегеніміз – міне – осы. Дүниежүзілік кинода – «Жа­ла­­ңаш арал» (Канэто Синдо), Жан Вигоның фильм­­дері... Брессон, Феллини, Питер Богдановичтің, А.Тарков­ский­дің кейбір фильмдері, Параджанов, Милош Форманның шығармалары, т.б. Ал кино­данышпан Бергманның кейбір соңғы фильмдерін радиопьесамен шатастырып алуға болады – экранға ту сыртыңды беріп тыңдай бер – тек сөзге құрылған драматургия! – Ал сіздің өзіңізде бар ма сондай сипат? – Мен де әлі күнге ізденіс үстінде жүр­ген­дердің бірімін, кейде – театр тілінде, кейде әде­биет тілінде «сөйлеп» кеткенімді байқамай қа­лам... Асылы, мен енді ғана ұққан бір жәй: тек қа­зақ қана емес, мына түрік тектес халықтар, әсі­ресе, көрші өзбек көрермендері экранда тек – ән мен күйге, қала берді – биге, театрландырылған көрі­ніс­терге құмар. Менталитет – солай... Ал ұлттық лиро-эпостармен түсірілген фильмдер, мүмкін, пафоспен, котурнда тұрып сөйлегені дұрыс та болар, бірақ – ол енді таза синематограф емес. Көрер­мен­дерді былай қойғанда – мына қызықты қараңыз! – менің Болат Атабаев деген профессионал режиссер әріптесім театрда Роза Мұқанованың шығар­ма­сын сахналаған... Өте жақ­сы спектакль... Сол шы­ғар­ма бойынша, «Мәң­гілік бала бейнені» айтам мен, Әкім аға Тарази екеуміз сценарийін жа­зып, экранизациялаған­быз... Алғаш тұсаукесерін өткізіп, Атабаев екеуміз фильм жөнінде сөйлесіп, пікіралыс үстінде Болат өкпе-наз айтқан маған... «Анау кейіпкер қай­да? Мына кейіпкер неге бұлай сөйлейді? Әне­бір кейіпкерлер қайдан пайда бол­ған?... Материал жанрын өзгертіп жіберіп­сің!...» деген сықылды сөздер шықты алдымнан. Сосын мен, амал­сыз­дан, айттым: «Болат, мен кино түсі­рер алдын­да «Қызжылаған» фильмін сенің «Мәң­гілік бала бейнеңді» киноспектакль ретінде экран­ға сол қалпы көшірем деп уәде берген жоқ едім ғой» деп... Тағы қайталап айтам, мен пай­ғам­бар жасына жетсем де (Астафыралла!) әлі күнге дейін әр киномды тек таза – әдебиеттен де, театрдан да ада – синематограф тілінде түсірсем деген арман қуып, таза «шерменде» болып жүрген режиссермін. Басқа кинолар жөнінде пікір айтсам, – ол тек таза сине­ма­то­графтың табиғатына сай дүниелер түсірілсе екен деген адал ниет қана... Жоққа шығару емес, Құдай сақтасын. Фильмдер жөнінде әңгіме болса – бізде әлі күнге дейін профессионал аузымен айтылған, қаламымен жазылған пікір-анализдер жоқ десе де болады. Біздер пікір айтудан гөрі үкім айтуға, мін іздеуге шеберміз. Алажіп кесер – вердикт айтуға әуеспіз! Неге бары­мызды бар деп айт­паймыз?... Ылғи да – байбалам.... Ылғи да – қу шөп­­пен ауыз сүрту... Құдай­ға шүкір деу керек... Ба­ғымызға қарай, Елбасы қазақ киносына оң көзі­мен қарайды, үлкен үміт артып отыр, үлкен қаржы бөлдіріп отыр. Әдейі келіп те кетті. Үлкен басына қарамай, «Мен таза профессионал сыншы емеспін» деп сөзін қарапайым бастады да, біраз фильмдерімізге онша көңілі толмайтынын айтты, қан­дай-қандай фильмдерге ел сусап отырғанын айт­ты... Қамқор­лық пікір-кеңес айтты. Қанат­тан­дырып кетті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов те келіп кеткен. Жәй келіп кеткен жоқ – кино­сту­дияға техни­калық киноновациялар енгізу үшін керекті қаржыны бюджетке ендіре кетті... Міне, қазір киностудиямыз техни­калық ең соңғы аппарат­тары­мен жабдықталған үлкен өндіріс объектісіне айналды. «Жақсының жақсылығын айт – нұры та­сы­сын» деген, Мұхтар Құл-Мұхаммед ай құр­ғат­пайды, жиі келіп өтініш-мұңымызды тыңдайды, тіпті іске қызу араласып кетті. Келе алмай қалса сағынатын болдық... Тағы да – «Жақсының жақ­сылығын айт – нұры тасы­сын»... Басшылыққа Ермек Аманшаев келді... Өзі жазушы, драматург, философ... Ойлау аясы кең. Жылда Жүргенов акаде­ми­я­сының диплом қорғау кезінен қалмайды. Та­лантты жастар іздейді. Міне, осы қазір ол таңда­ған оншақты өрімдей жігіт алғашқы толық­метражды фильмдерін түсіріп жатыр. Ең бастысы – көбісі қазақ тілді режиссерлер... Ең бастысы – әрқайсысы әртүрлі жанрда жұмыс істейді. Аманшаев тек бүгінді ғана ойлап жүрген жоқ, қазақ киносының ертеңін де ой­лайтын ауқымы кең іскер, менеджер ретінде көрі­неді бізге. Жыл сайын жас­тарды Голливудқа, басқа да шетел киноөн­ді­ріс­теріне стажировкаға жібереді. Бұл жастарды бы­лай қойғанда, қазақ киносында өзіндік қолтаң­ба­ларымен Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев, Сәбит Құр­манбеков, Данияр Саламатов деген режиссерлер пайда болды. Қазір кезекті фильмдер түсіру үстінде. Ең бастысы – тағы да айтам – әр түрлі жанр­да... Жәнібек Жетіруов деген режиссер – ол да өзінше бір төбе. Алғашқы, тырнақалды толық­метражды «Дүние­жа­рық» атты фильміне түскен Нұржұман Ықтым­баев екеуі жиырмаға жуық ха­лық­аралық фестивальдерден олжалы оралды. Айт­сақ – осы аты аталған жігіттердің фильмдерін неге айтпаймыз?.... Айта қалса кейбір «сыншы­лар» «Қа­зақ­фильмде» аты жоқ, кейбір жеке студия­ларда түсірілген фильм­дерді де «Қазақфильмнің» туын­ды­сына балай салады... Ең болмаса таспада­ғы, титрлердегі кино­ның адресіне де қарамайды. Тек аңсай­тындары – Үндістанның күйге, биге толы, «шат-ша­ды­ман», уайымы жоқ, қайғысы-мұңы жоқ, «көй­легі – көк, қайғысы – жоқ», баяғы кеңес өкі­меті кезінде түсірілген «Веселые ребята», «Кубанские казаки» сықылды плакат фильмдерге қатты бауыр басып қалған көрермендер «тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» деп сын, үкім, вердикт айтумен келеді. «Сын – шын болсын, шын – сын бол­сын» деген Мұх­тар Әуезов атамыздың айт­қаны ұмыт болға­лы қаша-а-ан!... Өкінішті... Жү­рек­жарды, шын­дық­ты шыжғырып тұрып көрсете­тін шыншыл фильмдер пайда болса шыж-быж болып айғай-шу көтеруге тым әуес «жалаң патриоттар» шықты... «Ауруын жасырған ұзаққа бар­май­тыны» бесенеден белгілі. Қазақ киносында қызмет істейтіндер де «ел десе еңірейтін» жігіттер. Олар да – патриоттар. «Шындықты жылатып» айтқанға не жетсін. Бірақ, гәп оны қалай айтуда болып тұр ғой... Кейбір режиссерлер сол шындық­ты, ақиқатты жөндеп айта алмаса – өзіне сын, өзіне серт. Ондай фильмдер, шыны керек, бол­ған... Ниеті дұрыс болғанымен, фильмінің сапа-сиқы төмен... Ол – рас... Әйтсе де қалған режиссерлерге де топырақ шашуға болмас. Сонсоң да Асқар ағам жиі есіме түседі... Сол кісінің білгірлігі... таза анализге деген құштарлығы... Сол кісінің сыны... Сол кісінің орны әлі де үңірейі-і-іп тұр. – Бір сөйлескенде әңгімелерім сегізінші сыныпта жүргенде республикалық газеттерде басылды деп қалып едіңіз. Алғашқы «Тентек» атты шағын жинағыңыз әдеби қауымды елең еткізген деп жатады. Прозадан киноға ауыс­ар­да әдебиет енді менің қолым емес деген ой бол­ды ма, әлде проза мен киносценарий ағайын­ды жанрлар (түбі бір қарасөз ғой), мұны да қосақабат ала жүрермін деп ойладыңыз ба? Смағұл досыңызға әдебиет – бәйбіше, кино – көңілдесің сияқты дегендей әзіл айтыпсыз... – Жақсы пікір жеткілікті болды. Ағалардан Жұ­мекен ағам, Төлеген Тоқбергенов ағам, Мұх­тар аға Мағауиндер жоғары баға берді. Жерлес, дос Сайлаубек Жұмабеков марқұм мақалалары­нан тас­таған жоқ... Ағалардан Мағауин ағамыз кездескен сайын: «Сен киноға бекер кеттің!» деп кінә-наз ай­та­ды. Сыртымнан ғана таныс Оралхан мен Ты­ным­бай кейін танысып, араласа бас­та­ғанда: «Өй, сенің жазған шығармаларыңа қарап, жасы келген жасамыс, алпамсадай кісі деп жүрсек, өзің кіп-кішкентай ғана біреу екенсің, жасың болса – тағы кіші боп шықтың, бір жаққа жұмсауға керек жігіт екенсің», деп ит көйлегін бұрынырақ тоз­дыр­ғанын көлденең тартатын. Проза мен сценарийді қатар алып жүрмін деп ойлаймын. Киносценарий жазбас бұрын жү­рек­жарды дүниелерім алдымен проза күйінде жа­зыла­-ды... Уақыт сарабынан өткесін сол жазған­дарым­ның бірнеше эпизоды киноға, сценарийге айналады... Өзін­ше қызық процесс бұл мен үшін. Жазған про­заның бәрі киноға жарай бермейді. Әл­гінде айтып кеттім ғой – синематограф, қалай де­генмен, басқа жанр. Басқа өнер ғой... Кейбір за­ман­­дастарым әлі де проза мен пьесаларын киноға дайын тұрған дүние деп адасады... Киноға өте жақын проза Әкім аға Таразидың прозасы, досым Смағұл Елубаевтың про­за­сы... Кезінде оның «Ақ боз үйінен» жақсы кино түсіріп еді Дәмір Манабай деген әріптес. 90-шы жылдардағы аласа­пы­ран кезінде түсірілген еді. Оны айтасыз, романның өзі Смағұл шығармашылы­ғының ең шоқтығы биік туындысы. Әттеген-ай, мемлекеттік сыйлыққа әбден-ақ лайықты еді. Ал «Әдебиет – бәйбіше, кино – көңілдес» деген жас кездегі қызулықпен айтылған, досыма айта салған желікпе қалжың еді ғой... Ол сөздің қанат жайып кетерін мен бейбақ қайдан білейін... Сен де қай-қайдағыны есіңде сақтайды екенсің. Есіме түссе, осы кезде ұяттан қызарып кетемін. – Сіздің дипломдық жұмысыңыз «Шоқ пен Шер» киносценарийі одақтық «Искусство кино» журналында жарияланып, нағыз фурор жаса­ған­сыз. Оған дейін ол беделді журналға қазақ сценарийшісінің дүниесі жарияланбаған еді. Мен «Шоқ пен Шер» туралы баспасөзде алғаш пікір білдіргенмін. «Лениншіл жасқа» рецензия жазғанмын. Сонда сценарийді алды­мен «Қыр­ғыз­фильмге» сатқаныңызды естіп, қарным ашып қалғаны есте... Бұл қалай болып еді? – «Қазақфильмге» жыл басында (1969 жылы) жіберген сценарийім із-түзсіз жоғалды... Хабар-ошар жоқ... Алуын алған, бірақ аса бір құлшыныс танытпапты, ал маған не бар, не жоқ деген хабар да келген жоқ олардан. Баласынды-ау, сірә. Содан бір күні көктем аяғы біздің курсқа кездесуге көзіл­дірік киген бір қырғыз келді... Аты-жөні Қадырқұл Өмірқұлов... Маневич, профессоры­мыз­ды айтам, ас­пан­датып кеп мақтады оны. Бұл жігіт те біздің ұс­таз­дың шәкірті боп шықты. Әңгіме соңында Өмірқұлов «Қырғызфильмде» бас редактор екенін айтты біздерге... Бір бұйым­таймен келгенін де жасырған жоқ. Киностудияға бірнеше сценарий ала кеткендей ойы бар екенін де айтты. Маневичтің көзі жайнап кетті. Сен­дердің, қазақ пен қырғыздың менталитеттерің бір емес пе? Екі ел де атқұмар... Міне, Нарымбетов­тың дипломдық сценарийін оқып көр. Тамаша сценарий! – деп мақтауымды жеткізді... Сол күні кешке Өмірқұлов біздің курстан бірнеше сценарий алып, Бішкекке ұшып кеткен. Төрт-бес күннен соң маған, институтқа, жеделхат келді... «Сенсіз сценарийді талқылағанымызға кешірім өтінем... Әйтсе де сценарий бірауыздан қабыл­данды... Құттық­тай­мын. «Қырғызфильм» сценарий коллегиясының бас редакторы Өмірқұлов» деген... Бір айға жетпей Мәскеуге Өмірқұлов тағы келді. Госкиноға келген екен басқа да тірліктермен... Сол жолы маған студиямен келісім-шартқа қол қойғызып кетті де, енді бір оншақты күнде гонорарды пошта арқылы жіберіпті! Экспресс-қимыл дегеніңіз осы шығар... Тіпті жұмысқа шақырыпты... Өзіне орынбасар­лыққа. Мен, бірақ, ол қызметтен бас тарттым. Режиссер ретінде СССР халық әртісі, Англияға біз­дің Шәкен ағамен Шекспирдің юбилейіне барып, сол жақтың сахнасында Шәкен аға – Отеллоны, ол кісі – Король Лирді ойнап марапатқа ие болған  Мұратбек Рысқұлов жөнінде деректі фильм түсіріп жүргем... Бір күні Бішкекке танауы делдиіп осы Қанымбек ағам жетіп келді!... Қолында – «Шоқ пен Шер» жарияланған «Искусство кино» жур­налы. ВГИК-те жүргенде ол біздерді баласынып менсінбейтін... Танауын көтеріп Кончаловскийдің жаны­нан қалмайтын... Сол Қанымбек ағам келді де амандасар-амандаспастан бірден: «Кеттік!» деді. «Қайда?». «Алматыға! Камал Смайылов шақы­рып жатыр! Жылдам жетсін деп жатыр!» Сол күні таксиге отырып, Алматыға жеттік! «Метаморфоза» деген осы шығар... Күні кеше менің сценарийім де, өзім де «Қазақфильмге» онша керегім ша­ма­лы сияқты еді, бір сәтте бағам өсті де кетті! Сөйтсем – «Искусство кино» журналындағы ме­нің сценарийімді көре сала Камал ағамыз кол­ле­гияның шаңын қағыпты! «Бұл не сұмдық! Мен неге білмеймін! Нарымбетов қайда? Сценарийді ол неге бізге емес, «Қырғызфильмге» береді?.. Ол жі­гітті Мәскеуде сандалып жүргенде ВГИК-ке түс деп Шәкен екеуміз кеңес бергенбіз. Қалай­да та­бың­дар!» деп планеркада әжептәуір шу шыға­рып­ты... Кейін оны Асқар ағам айтып берді. Сол кезде ол кісі де жаңа келген екен жұмыс істеуге. Кол­ле­гияға... Мен асықпай Камал ағаға жәй­мен бар­лы­ғын баяндап бердім. Хабар-ошарсыз ол сценарий «Қа­зақфильмде» сегіз айдай жатып қал­ғанын айт­тым... «Қырғызфильм» бас редакторы Мәскеуге келіп, сатып алып кеткенін де айтқанда Камал ағам сабасына түсіп, телефонмен киносту­дияның бас финансисі Роза Цырульник деген апайды шақырып алып, сосын «Қырғызфильммен» де хабарласып, бас-аяғы бір аптаның ішінде қыр­ғыздардан қайта сатып алып, жедел түрде фильм­ді өндіріске жіберді... Менде еш кінә жоқ! «Шоқ пен Шер» хикаясы осылай басталған... – «Шоқ пен Шер» фильмі туралы да, режиссер Қанымбек Қасымбековтің өзі туралы да арнайы екі рет қалам тартқанмын. Фильм Қа­зақ­стан комсомолы сыйлығын алғанда тағы жаздым. 1974 жылы ғой деймін. Лента табы­сы­ның басты арқауы режиссура десек те, сцена­рий­дің жақсылығының да рөлі бар ғой. Сый­лыққа қоса ұсынылмағаныңызға ренжіген боларсыз? – Әлбетте! Шыны керек қой. Бір әйел бір әйел­ге айтыпты дейді: «Баланы мен көтерейін, толға­тып, босанатын сен бола ғой» деп... Әсіресе, мар­құм әкем қатты ренжіді; «Әй, балам-ай! Тайды өсі­ріп, тұлпар қылған – сен, соған мініп, бас жүл­дені алған – бөгде біреу!... Бұл не қылға­ның?» деді. Сонда... Өкінгеннен не пайда?... Өт­кен іс қой... Асқар ағам да қатты күйінді: «Барып тұрған басмачество!» деген. – Ана жылы Андрей Кончаловскийден сұхбат алғанмын. Мәскеуде. Николина Горада. Сонда Андрон режиссер мамандығына қатысты мы­нан­дай бір оқыс теңеу айтып еді. «Бір әйелге көңі­лің кетеді, аңсарың ауады, өліп-талып қол жеткізіп, оңаша кездесуге көндіресің. Бөлмеде екеуден екеу қалған кезде, енді шарапты қолға алып, рөмкелерге құя бергеніңде есік ашылады да біреу кіріп келеді. Кіріп келеді де жаныңдағы әйелді орнынан тұрғызып, қолына көтеріп алған күйі көрші бөлмеге кіріп кетеді... Сол адам – режиссер», деген еді. Сөзбе-сөз келтіріп тұрмын демеймін. Бірақ мағынасы осындай. Сіз киноре­жиссураға осындай оймен келген жоқсыз ба? – Құдай сақтасын! Ызадан... Кіжінгеннен... Біріншіден, «Шоқ пен Шердің» оқиғасы өмірден алын­­ған болатын... Созақ жақта болған... Голощекиннің көр­сет­кен қасіреті, біздің елге алпысыншы жылдарда Хрущев көкем кезінде, жұмсақтау болса да, тағы бір қайталанғаны есіңде ме?.. Қазақстандағы жылқы­лар­­ды тағы да тәркілеген заң шықты ғой. «Маленков берген байталды Хрущев келіп қайта алды» есіңде ме? Міне – сол кезең Шер деген баланың көзімен берілген еді менің журналда жарияланған сценарийімде... Сол сценарийді кеңестік цензура кинопроцессте жұлқылап-жұлқылап, ұмытпасам, он бір нұсқа жаз­дым... Шетелден бас жүлде алып, өзімізде қанша ма­рапатталса да сол фильмге көңілім толмай қал­ды. Төменгі сынып оқушы­лары­на арналған тым «кәмпит-фильм» болып шық­ты... Ал менің діттеген мақсатым – драма еді... Баланың көзімен үлкендерге арналған драма еді. Елдің басынан өткен, қазақтың – «Ат – ер қанаты» деп жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ұлттың трагедиясы еді. Бұл – бір деңіз... Режиссураға келуімнің тағы бір себебі... Басқа режиссерлерге де арнап, бірнеше сценарий жазғам кезінде... Содан жүрегім шайлығып қалды... Көзіңе елес­тетші бір сәт... Мен таңғы сегізде баламды бала­бақшаға алып барам... Кешкі алтыларда сол баламды балабақ­ша­дан алып қайтуға барсам, тәрбиеші әйел қолымен жетектеп бір... шашы бөлек, қасы бөлек... зұлыс баланы қасыма алып келеді: «Мінеки – балаңыз!» дейді... Олай қараймын, бұлай қа­рай­мын әлгі балаға, – басқа... бөтен бала! Тәрбие­ші бетбақ­тыр­майды: «Басымды ауыртпаңыз, ба­ла­ңыз – осы!» дейді. «Нарымбетов деген бала осы» деп ашуға басады сонсоң жер тепкілей... Мен осылай бірнеше рет амалсыз кинодан бөгде-бөтен баланы жетектеп кеткем, кезінде! Режиссура­ға кел­ген басты себеп – осы десеңіз де болады! Ал Кончаловский киноға солай келсе, солай келдім десе – мен сенем... – Содан сіз қайтадан Мәскеуге тарттыңыз. Бұл жолы режиссер мамандығын алуға. Өмі­ріңіздің осы белесі жайында да айтып берсеңіз. Кино­ре­жиссураның жалына қырық жасқа толғанда барып қол арттыңыз ғой, солай емес пе? Фильм­дері­ңіздегі жылы юмор ВГИК-тегі ұстазыңыз, комедия мэтрі Георгий Данелия­ның әсері ме десем, ал­ғаш­қы әңгімелеріңіз де, «Шоқ пен Шер» де, «Қылау» да әдемі юморға толы. Дегенмен, Данелия шебер­ха­насының әсері қалай болды? – Оған да екі себеп: біріншіден, мен түсірген тұңғыш толықметраж­ды «Балалық шағымның Дон Кихо­ты» деген фильмім. М.Бегалиннің «Орал от құшағында», Б.Ман­сұров­тың «Құла­гер», В.Пұсырманов пен А.Ашраповтың «Ақ аруана» фильм­дері­нің соңын ала сол кездегі Кеңес өкіметінің ұстаған саясатына қарсы деген желеумен полкада жатып қал­ды да сол кездегі кино­бастығымыз «Сен, Сатыбалды, жақсы сценарист-жазушысың, бірақ режиссерлық білі­м­ің жоқ» деген кесім-үкім айтты да мен кинокамерадан аластатылдым... Басында айтып өттім ғой – менің өмірім ылғи да кездейсоқ оқиғаларға бай болатын сол кезде... Сол жы­л­дары біраз уақыт қол үзіп кеткен прозама қайта оралып, екі-үш үлкен хикаят жазып, баспаға әзірлеп жүргенде... бір күні мәскеулік бір газет СССР Госкиносы жанында екі жылдық жоғарғы кинорежиссерлер дайындай­тын курсқа қабылдау жариялапты... Нартәуекел­мен қолұстасып кеттім сол жаққа. Қолтығымда әлгі «полкада жатқан» «Дон Кихоттың» төрт бөлі­мі. Бағыма қарай сол фрагменттер Георгий Дане­лияға ұнаған болуы керек – дұрыстап емтихан да тапсыртқан жоқ, көзбе-көз отырып он минуттей сөйлескен соң үн-түнсіз сыртқа шығып кеткен... «Охо, ұнаған жоқпын-ау!» деп көзім жәудіреп мен қалдым он бес адам комиссияның алдында. Бора­тып сұрақ жаудырды-ай кеп олар... Өйтіп-бүйтіп жауап берген болдым. Тұнжырап, өзімді өзім сүй­ретіп тысқа шақсам – сыртта Георгий Николаевич жайбарақат темекі тарты-ы-ып тұр екен. Маған темекі ұсынды... Оттығымен тұтатып беріп жатып, жәй ғана жымиып: «Толқып тұрсың ба?» деді. Мен басымды изедім ғой деймін... «Мен сені шеберханама алам, толқымай-ақ қой...» деп арқамнан қақты да ішке қайта кіріп кетті. Сілейіп мен қал­дым... Сенерім-сенбесімді білмей... Міне осылай, Мәскеуден тағы да бір-ақ шықтым. «Жығылған күреске тоймайды» дегенің осы болса керек! Содан бала-шағаны Алматыға тастап, тағы да екі жыл оқыдым. «Жамандық болмай – жақсылық жоқ» дей ме? Ұстазым – Данелия өз алдына, екі жыл Анд­рей Тарковский, Евгений Евстигнеев деген ки­но­дағы көкелеріміздің дәрісін тыңдадым. Сөйтіп, тарылған тыныс қайта ашыл­ды!... Әсеріміз сол – екі жылдай Данелиядан бастап әлгі кісілердің ащы да тәтті шыбықтарының арасынан «аман өттік» қой!.. – Жалпы, кино өнерінде кімдерді ұстаз тұт­тыңыз? Кімдерден үйрендіңіз? Режиссурада елік­теуге ұрынбаған адам кемде-кем шығар. Еліктеудің өзі де үйренудің бір жолы болар, тегі? Қалай дейсіз? – Ұстазым – сол Георгий Данелия ғой... Әлі күн­ге дейін хабарласып тұрамыз. Мәскеуде өт­кен тұ­саукесерлер кешіме қалайда келеді. Барған са­йын үйіне соғам. Құшақ жая қарсы алады. Мәс­кеу­лік ТV немесе киножурналдарға қалайда пікірін айтып жүреді... Сосын өнерде, әдебиетте алғашқы шығарма­ла­ры­нда ұстаз тұтатын кісілеріне «еліктемедім» дей­тіндердің жаны шықсын!... Қанша күшенсек те елік­теп кеткенімізді ешқайсымыз да байқап үлгер­мей қаламыз. Өздеріміз қазір пір тұтып жүрген ақбас аға­лар­дың алғашқы фильмдерінен шұ­қып тұрып көрсетуге бола­ды... Бірақ, ол кімге керек? Неге керек?... Бастысы – Абай ата­мыз айтқандай: «үйрен де жирен» емес пе?... – Кинорежиссураны профессия деп те, ремесло деп те жатады. Бұл мамандықтың өзін­­дік қиындығы неде деп ой­лайсыз? Қиямет-қайым қиын нәрсе ғой. Шәкен аға­ның өзі ал­­ғашқы фильмдерінде «театраль­­щинаға» ұрын­бай тұра алмады, тек «Атамекеннен» бастап қана нағыз кинорежиссураға қол жеткізді. Осы ойға келісесіз бе? – Голливуд режиссерлері­нің 90 пайызы – ремесленниктер ... Оны өздері де біледі. Ол тіптен де жаман қасиет емес! Ремесленник дегеніміз «шеберлік» деген ұғымды білдіреді. Ал бізде, шыны керек, сол ремесло – шеберлік жағы жетіспей жатады! Голли­вудтың кез келген боевигі сізді креслода тапжылт­пай екі сағат бойы тұтқында ұстайды: қорқытады, күлдіреді, үрейге буып селкілдетеді!... Ал профессионал дегеніміз – сол ремесленник дегеннің егізінің сыңары! Біз бұл жерде «художник» деген ұғымды ұмы­тып бара жатырмыз... Сол Голливудтағы режис­сер­лердің он пайызы ғана «художник» деген қа­сиет­ті тәждің иелері. Олар – Оливер Стоун, Ридли Скотт, Милош Форман, Коппола, т.т. Россияда – А.Тарковский, Г.Данелия, А.Герман... армян С.Па­рад­жанов, грузин О.Иоселиани, т.т. Ал «театральщина» деген, сөз басында айттым ғой, бізде ғана емес, бүкіл Еуропада, Америкада, Жапонияда да бар, экрандарында өріп жүр... Тіпті киноданышпан Акира Куросаваның кейбір лента­ларында атойлап тұр...  Шәкен ағамыздың «Ата­ме­кен», Мәжит ағаның «Тұлпардың ізі», кезінде кеңес цензурасы талап тастаған Абдолла Қарсақ­баев ағамыздың «Балалық шаққа саяхат» фильмдері – таза синематограф тілінде түсірілген шедеврлер. – Қазақ кинорежиссурасының өзіндік сипа­ты, артықшылықтары, кемшіліктері туралы не айтар едіңіз? – Іздесең – кемшілік жетерлік... Әсіресе, жанр жағы жүдеу... Шәкен ағадан соң ешкім музы­калы фильмдер, комедия, балалар мен жас­өс­­пі­рімдерге арналған фильмдер түсірмей, жоға­лып ке­тіп еді, құдайға шүкір, қазір «Қазақ­фильмде» сол кемшіндерді жоюға ұмтылыс бар... Биылғы тү­сірілген, түсіріліп жатқан фильмдер – соның ай­ғағы... Бір сөзбен айтқанда – қазақ киносы автопортретін әлі жасап біткен жоқ. Ең бастысы – үлкен процесс жүріп жатыр. – ВГИК-ті бітіріп келгеннен кейінгі өнер жолыңыз онша төселген тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. «Созақтан шыққан Гамлет» сәтсіз лента саналды. Оразбек Сәрсенбаевтың әңгі­месі негізінде «Долана» фильмінің сценарийін жаз­ды­ңыз, солғын фильм болып шықты. Сол тұс­тағы ізденістеріңіз, қынжылыстарыңыз жа­йын­да білгім келеді. – Әлі де тегіс емес... Ал «Созақтан шыққан Гам­лет» фильмін біреулер «сәтсіз» десе деген шығар... Ол – сол кісінің жеке проблемасы. Осы был­тыр Мәскеуден сол фильм және «Омпа» фильмдерінің дискілерін сатып алып қайттым... Екеуін де шетел – Россия, Германия, Италия – теледидарлары жиі көрсетіп тұрады... Өкінішке орай, ол дискілер бізде әлі шыққан да жоқ. Мақ­та­н­ып отыр деп қалма, ақиқатын айтып отыр­мын... Олар шығарған арнаулы плакаттар мына ал­дың­дағы кітаптың ішінде... Қайталап айтам, шетелде менің көзі тірі миллионер нағашыларым жоқ – өзің білесің, мен таза қазақпын... «Созақтан шық­қан Гамлет» – «шестидесятник» ағаларымыз­дың драмасы... Ол кісілерде ерік болған жоқ, таңдау болған жоқ... Тамырсыз, «қаңбақ-ұрпақ» дер едім. «Мой адрес – Советский Союз» деген әнді ұран етіп, партия мен комсомол қайда бар десе балағын түріп ап, көзсіз, ойсыз шапқылап кететін драма­сын ирония араластырып көрсетуге тырысқан драма болатын. Ал «Долананы» түсірген басқа біреу... Мана айттым ғой өзіңе. Балабақша жөнінде өзім айт­қан, өзімді режиссураға баруға мәжбүр еткен көп себептердің бірі – сол... – Көзбе-көз отырғанда ашық мақ­тау да ыңғайсыз. Дегенмен, өз басым сіздің «Көзімнің қарасы» фильмі­ңізді («Жизнеописание юного аккордеониста») қазақ кино өнеріндегі шын мәнін­дегі жауһар туынды, яғни шедевр деп санаймын. Әнеу күні әңгімелескенімізде ол фильм балалық шағыма суреткер көзімен қа­рауым деп едіңіз. Шығарма­ның авто­биогра­фия­лық желілері қандай? – «Көзімнің қарасы» менің «Ассалау­мағалейкум, Атлантида» деген хикаямның желісі бойынша түсірілді. Әке-ше­шем­нің өмірінен алынған бес-алты эпизод – сол фильмге ұстын-тіреу болды... Сол мен ту­ған Түркістан түбіндегі Ащысай кенді кентінде түсірдім... Ең қызығы – түсіру тобын алып, Ащысай, Кентауға барғанда сол жерде сона-ау Жапониядан осы жерде мәңгілікке қалған жа­пон-тұтқындардың бейітін іздеп, туған-туыстары келген екен... Соларды ертіп сол кездегі «Қазақ-Жапон» достығы қоғамы­ның төрағасы Әнуар аға Әлімжанов та жүрді!... Жапондардың керемет бір қасиеті – сонау алыстан ат сабылтып кеп, туыс­тары­ның бейітін түзеп, бір жарым айдың ішінде Кентаудың үлкен бағының ішінде тамаша мемориал орнатып кетті! Фильмнің финалында осы ме­мо­риалды түсіріп алдым... Фильм үшін бұл үлкен ол­жа болды. Сценарийде де, хикаятта да бұл көрініс жоқ. Ал сценарий ұзақ жазылды... Өзіңді өзің эк­ран тіліне аудару оңай шаруа емес қой... Әлгі фи­налды маған Жаратқан Алла өзі сый­­ла­ды. Бар ақи­қат – осы... Түсірілуі де өте қиын бол­ды... Ма­ған көмектесуге барған жеңгең Ізтөле­ге... ол әрі соавтор еді... сол әке-шешем жат­қан то­пырақ бұйыр­ды... Қаржы-финанс жағы да қи­на­ды... Әке-шеше­ме арнаған фильм... өмірім­дегі ең қиын, қатал фильм... Сын-фильм болды... – «Көзімнің қарасын» шедевр дегенде оның Ж.Садуль атындағы жүлдеге ие болғанын, Нарымбетовтің атын Париждегі баспалдаққа ал­тын әріптермен жаздырғанын ғана айтпақ емес­пін, ол фильмдегі стиль тазалығы, монтаж мінсіздігі, әуенмен әрленуінің ғажаптығы шынында да қайран қалдырады. «Көзімнің қарасымен» қанша елде болдыңыз? – Жиырмадан астам елде... Әлі де «Қыз­жы­ла­ған» фильмі екеуі барлық халықаралық фести­валь­дердің «үздік фильмдер» тізіміне ілігіп, ретроспекция секциясында Токио, Италия, Германия, т.б. көп елдерде жүріп жатыр. Бұл енді конкурстан тыс... – Прозаңыз бен сценарийлеріңіздің арасын­да­ғы ауысуларды байқап қойып жатамыз. «Асса­лау­мағалейкум, Атлантида» деген повесі­ңізде жас баланың әкесі мен шешесінің арасына жатып алып, ұйықтаған кезінде көтеріп басқа жаққа апар­са да ояна салысымен ата-анасының қойнына кіріп кететін тұсы бар еді, сол сцена «Көзімнің қа­расында» да кездеседі. «Айқай» деген повесі­ңіз­дегі мамасын мектепке дейін еметін бала да сол фильмде жүр. Мұндай реминисценциялар саналы түрде жасала ма, әлде шығарма табиғатынан өзінен өзі шығып жата ма? – Әлбетте, саналы түрде. Мен, жалпы, өзім көрген, өзім­нің басымнан өткен оқиға­лар­ды, өзім білетін, жақсы білетін адамдар жөнінде жазам. Түсірем. – Сахнада да, экранда да сәтті қойылатын шығарма ілуде бір кездеседі. Сондай дү­ниенің бірі – Роза Мұ­қанова­ның «Мәңгілік бала бейне» пьесасы. Сіздің осы шығарма негізінде қой­ған «Қызжыла­ған» фильмі­ңіз бірнеше ха­лық­ара­лық фес­тиваль­дерден жүлделі орал­ды. Фильм табы­сының сыры неде деп ойлай­сыз? Батыс көрерменіне Семей полигонының сұмдығын көркем түрде алғаш рет та­ныт­қандығы ғана емес қой? – Сөз жоқ... Оның үстіне, Роза Мұқанова керемет реалист жазушы ғой... Кейіпкерлері ой­дан шығарылмаған. На­ным­ды және де сондай траге­дияны ба­сынан кешірген елдің өжет­тігі, өмірге