22 Маусым, 2011

Кеңесте келелі мәселелер көтерілді

423 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Астанада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің VIII кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен еліміздегі жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Кеңес отырысында жастарды мемлекеттік қол­дау бағдарламаларының іске асырылу жолдары, әлеуметтік-экономикалық және қо­ғамдық-саяси үдерістерге қатысудағы жас­тардың рөлін арттыру мәселелері қаралды. Отырысты Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев кіріспе сөзбен ашты. Ол жастар мәсе­ле­ле­ріне арналған осындай кеңестің маңыз­ды­лығына, оның мемлекеттік шешімдерді қа­был­дау кезінде жастардың үнін есту және тыңдау үшін құрылғанына тоқталды. Содан кейін ол еліміздегі жастар саясатының мән-маңызын, оның дұрыс бағыт алуының нәти­же­сінде жастарды қолдау үшін көптеген бағ­дарламалардың іске асырылып жатқанын атап өтті. Осы жерде Қанат Бекмырзаұлы мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп отырғанын айта келіп, олардың мен елімнен не аламын  емес,  мен еліме не беремін деген оймен Отанымызға қызмет етулері керектігін ескертті. Мемлекеттік хатшының сөзінен кейін жастар ұйымдарының жетекшілері мен студенттер өздерін толғандырып жүрген мәселелерге, елімізде жастар саясатына байланысты істелініп жатқан жұмыстарға үн қосып, пікір алмасты. Мұнда ең алдымен Қостанай қала­лық мәслихатының хатшысы Гүлнар Оралова сөз алды. Ол өзінің еліміздегі ең жас мәсли­хат хатшысы екенін, бірақ соған қарамай, өзіне сайлау кезінде дауыс берген қаланың ба­тыс ауданындағы 2 000 тұрғынның үмітін ақтау үшін жұмыс істейтінін, қазір Қос­танай­да өзі сияқты жастарға қабілет-дарындарын көрсету үшін кең мүмкіндік жасалғанын, со­ның бірі «Ең үздік бизнес идея» атты конкурстың еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса деген пікірін білдірді. Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма­сы­ның бастығы Бақтияр Мәкен де қос­танайлық замандасы сияқты өз ұсыныстарын айтуды жөн көрді. Ол жыл сайын Алматыда жастарды жұмыспен және баспанамен қамту мәселесі көтерілетінін, осы орайда, мемлекеттік бағдарламалар бойынша оларды жұмыс­пен және жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын, соның бір дәлелі ретінде «Алатау» ауданында жаңадан сту­дент-жастарға арналып жатақханалардың са­лынатынын атап өтті. Осыған байланысты ол Алматыда жасалып жатқан жұмыстар басқа облыстарда да жүргізілсе деген ниетін білдірді. Келесі кезекте сөз сөйлеген «Apex Consult” консалтингтік компаниясының басқару­шы­сы Данат Жұмин Қазақстан жастарының елді индустриялық-инновациялық дамыту­да­ғы жастардың рөлі деген мәселеге тоқталып, қазір біздің жастарға робот сияқты өзге ел­дер­дің қолдан жасаған құралдары емес, ку­бик-рубик сияқты өзіміз жасаған заттар ке­рек­­тігін, өйткені, солар арқылы жас жеткіншектер ойларын жетілдіріп, ақылына ақыл қосып, болашақта шет­елдіктерден қалыспайтын құрал-жаб­дықтар жасауға мүмкіндік алатынын айтты. Осы сөзінің жерде қалмауы үшін ол «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына жас техниктерді қол­дау­ды, ал отырысқа қатысушыларға  ке­ңес­тің жанынан «Жас кәсіпқойлардың клубын» ашуды ұсынды. Одан әрі Қазақстан жастар Кон­гресінің атқарушы директоры Шах­мардан Байманов сөз алып, жастарды дене тәрбиесі мен спортқа баулу мәселесіне тоқталды. Онда ол қазір елімізде 16 мен 29 жас аралығындағы 4,5 млн. жастың тұратынын, біздің бола­шағымыз осы жастардың ден­сау­лы­ғымен байланысты екенін, сон­дықтан барлық жерде спорт алаңдарын тиімді пайдаланып, бұқаралық спортты дамыту үшін жүйелі түрде жұмыс жүр­гізу керектігін айта келіп, халықтың 30 пайызы спортпен айналысуы үшін спорт нысандары қолжетімді болса деген пікірін білдірді. Содан кейін Ұлттық ядролық ор­талықтың ядролық физика институты Астана қаласы бөлімшесінің бастығы Максим Здоровец мемлекет тарапынан жас ғалымдарды, олардың зерттеу жұ­мыс­тарын қолдау көбейсе десе, «На­зарбаев Университетінің» студенті Дина Асқарова өзі оқитын білім ор­дасының студенттері қазір университет қабырғасында көшбасшылыққа ұмты­лу, топта жұмыс істеу, сыни көзқарас білдіруге арналған зияткерлік көшбас­шылық модель бойынша білім алу үшін оқып жатқанын, осының бәрі бола­шақта сыбайлас жемқорлықпен күрес­ке, мемлекеттік тілге деген құрметке, елімізге жанашыр болуға, отансүй­гіштік сезімді қалыптастыруға септігін тигізетінін жеткізді. Сол сияқты «Қазақстанның жас депутаттары қауымдастығының» ат­қару­шы директоры Олег Тойкайлов пен Мәдениет министрлігінің Тілдер ко­митеті төрағасының орынбасары Анас­тасия Щегорцованың жастардың аза­мат­тық белсенділігін арттырып, мем­лекеттік қызметте кәсіби тұрғыдан өсуі үшін мемлекеттік тілді білудің маңыз­дылығы жөнінде айтқан ұсы­ныс-пі­кір­лері көптің көңілінен шықты. Мұнда А.Щегорцова өзге ұлттың өкілі болса да, оның жауапты қызметте істеп жүргені алдымен білімі мен білігінің арқасы болса, екіншіден, мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі екені күмәнсіз. Ол өз сөзінде тілді білмейтін барлық Қазақстан азаматтарын мем­лекет­тік тілді үйрену­ге шақырды. Отырыстың жұмысында одан әрі де жастарды толғандырып жүрген мәселе­лер көтеріліп, оның ішінде қазіргі қолданыстағы жастар саясаты туралы заңның кемшіліктері, студенттерді жатақханамен, жас отбасыларды бас­пана­мен қамтамасыз ету, оқу орын­дарына түсу үшін гранттарды көбейту, оқу бітірген түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету, жастардың ғылыммен айналысуына кең мүмкіндік беру, дене тәрбиесі және спортпен айналысуына жағдай жасау сияқты көкейкесті мәселелер көлденең тартылды. Отырысқа қатысушылар еліміздің жастарына арнаған үндеуін жолдады. Оны Оңтүстік Қазақстан облысы «Жас­тар орталығы» МКК бөлімінің бастығы Дамир Жүнісов оқыды. Отырысты Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев қорытындылады. Ол кездесуде айтыл­ған мәселелердің бәрі хаттамалана­ты­нын, одан кейін мем­лекеттік орган­дардың қарауына жі­бері­летінін, ал өзі Елбасы Н.Назар­баевқа кеңесте қара­лып, жастарды тол­ғандырып жүрген мәселелерді жеткізетінін айтты. Сөз соңында айтарымыз – биыл кеңестің жұмысы қазіргі заманға сай жетілдіріле бастады. Осы жылы оның www.zhaskenes.kz сайты ашылды. Бұл веб-порталда жастар өздерін толған­дырып жүрген мәселесімен бөлісе алады. Дастан КЕНЖАЛИН.