24 Маусым, 2011

Теңіз жағасындағы той

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қарт Қаратау Қызылорданың Шиелі ау­данына келіп тоқтайды. Біздің ауыл Қа­ратаудың етегіне орналасқан еді. Жаз шы­ға қойшылармен бірге тауға кететін едік. Ала жаздай таза ауамен тыныстап, ағар­­ғанды қанып ішіп қайтатынбыз. Таудың Майшы дейтін жері бар. Көк майса қалың өсетін, шөбі шүйгін, малға жайлы жер болатын. Сол жерде жыл сайын қойшылардың тойы болады. Қой­шы жұрт жылына бір рет бас қосып, мәре-сәре болып, бір жасап қала­тын. Қойшылардың тойы кәдімгі мейрамнан кем өтпейтін. Жан-жақтан жиналған өнерпаздардың өнері тамашаланып, бәй­ге беріліп, көкпар тартылып, аста-төк дас­тарқан жайылып кереметке бө­ленетін. Бала кезге аз-кем саяхаттаумыздың себебі бар. Қойшылардың тойы болаты­нын жұрттың бәрі біледі. Ал балық­шылардың тойы дегенді естідіңіз бе? Бұрнағы күні Арал ауданының Көкарал су тоспасында балықшылардың тойы өтті. «Балық­шы­лық қасиетті өнер» атты семинар бары­сында балық шаруа­шылығы, өнімді арт­тыру, ба­лықшы өмі­рін жақсарту, теңізді толтыру секілді келелі мәселелер талқыланды. Алдын ала айтайық, бұған дейін ба­лық­­шылардың тойы өтпеген. Бұл тұң­ғыш рет ұйымдастырылып отыр. Тәуел­сіздік­тің жиырма жылдығына орайластыры­лып ұйымдастырылған шараға жиырма киіз үйі тігіліпті. Арал ауданындағы ба­лықшылардың барлығы осында жина­лып­ты. Жиынның тек той тойлау емес екені барған беттен-ақ көрінеді. Осыдан 90 жыл бұрын Ленин жарықтық Аралдың жұрты­на өз қолы­мен хат жазды. Аштыққа ұрын­ған ха­лық­қа балық жеткізіп беруді өті­ніпті. Оны таспаланған тарихтың өзі ай­тып отыр. Сонда аралдықтар бір күнде тонна­ла­ған балықты Ресей асырған екен. Балық­шылар тойында сол кезде пайда­ланылған құрал-жабдықтар қойы­лыпты. Бы­лай қара­саң, қарапайым ау, қаза, қармақпен бір күнде 16 тонна балық ұстау миға сыйым­сыз сияқты. Бірақ сенбеске лажың жоқ. Балықшының лашығына кірдік. Шөп­тің тамырларын топырақпен араластырып са­лын­ған бәкене бойлы лашықтың іші сап-салқын. Лашықтың айналасына ре­зеңке етік, балықшының басқа да бұйым­дары ілі­ніпті. Жаңа ғана теңізден келгендей әсер етеді. Қысқасы, балық­шылар тойын­да өт­кен тарих та, бүгінгі күн де бедерленіпті. Осы жиынға арнайы барған облыс әкімі Болатбек Қуандықов балықшы­лар­дың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Соны­мен бірге, бұл шараны алдағы уақытта облыстық шеңберде өткізіп, балықшылар мен балық шаруашылы­ғымен айналыса­тын компаниялардың келіссөз аймағына айналдыру керектігін баса айтты. Одан бөлек, Көкарал су тоспасына қатысты ойымен де бөлісті. Көкарал су тоспасын көтеріп, теңіз деңгейін жеті метрге дейін биіктетсе, Арал қаласына дейін су барып, алыс ауылдардың халқы аудан орталы­ғына қайық­пен қатынайтынын, балық ша­руа­шы­лығының дамитынын жеткізді. Арал­дық ағайындар әкімнің ұсынысын ерекше ілтипатпен қабыл алды. Балық­шылар қауымымен сөйлескені­мізде, олар да Көкарал су тоспасын биіктетуді айтқан. Бекет биіктесе, су кө­бейеді де, бір дең­гейлі теңіз қалып­тасады. Сонымен қатар, үлкен Аралға берекесіз кетіп жат­қан балықтар да осында қалады. Мереке барысында теңізге кеме түсті. Балық қорын сақтауға арналған 4 кеме мен 20 қайық керуен жасады. Теңізді айнала жүзіп, керемет көрініске бөледі жұрт­ты. Жиын барысында облыс бас­шы­сы мен аудан әкімінің балықшыларға сый-кәдесі жасалып, құрмет грамоталары табыс етілді. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы, Арал ауданы.