28 Маусым, 2011

Қауіпсіз ғаламтор – қауіпсіз қоғам

1003 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы қаласында «Қазақстан Интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі «Терроризм, нашақорлық, порнография, зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Интернет – бүгінде ақпарат­тың қайнаған көзі болып табы­ла­ды. Алайда, интернет ағымында тек пайдалы әрі жағымды ақпарат қана кездеседі деп қателесуге болмайды, өйткені, бүгінгі таңда осы ақпарат көзі арқылы діни және ұлтаралық дүрдараздықты қоздыру, экстремизм, терроризм, нашақорлық пен зорлық-зомбы­лықты, порнографияны насихат­тай­тын заңсыз қолданушылар да көптеп табылуда. Дөңгелек үс­телді өткізгендегі мақсат, қазақ­стан­дық тұтынушыларға, оның ішінде, әсіресе, балалар мен жас­өспірімдерге қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыруды қамтамасыз ету және заңсыз ақпарат тарату көздеріне жол бермеу қағидасын қалыптастыру болып отыр. Аталған басқосуға қоғамдық бірлестіктердің басшылары, та­ны­мал интернет-ресурстардың өкіл­дері, байланыс операторлары және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары мен мемлекеттік ор­гандардың өкілдері қатысып, өз ой­ларын ортаға салды. Осы жыл­дың маусым айында қазақстан­дық 15 байланыс операторлары мен хостинг-провайдерлері «Қауіп­сіз ин­тернет туралы» декларацияға қол қойған еді. Соған сәйкес Қа­зақ­стан Республикасы заңдарын ақпа­ратты-коммуникациялық технологиялар бағытындағы қарым-қаты­наста нәтижелі пайдалану көздел­ген. Қол қоюшы тараптар­дың ай­туынша, заңға қайшы келетін ақ­параттық-насихат көздері­нің қыс­қар­тылуы нақты мәлімет пен пай­далы қызмет ұсынатын сапалы ре­сурстардың дамуына ықпал етеді. Нақты мәліметке сүйенсек, Ішкі істер министрлігінің Қыл­мыстық полиция комитеті келтірген ақпарат бойынша, 2010 жылы ақпараттық технология саласында 1800 құқық бұзушылық орын алған. Соның ішінде, екі жүзге жуық қылмыстық іс қозғалып, контрафактылық өнім өндіруге қатысты 81 оқиға, арнайы техни­калық құралдарды заңсыз пайда­ланған 6 оқиға, басқа біреудің есебінен интернетті пайдаланған 21 оқиға тіркеліп, порнографияны таратумен айналысқаны үшін 61 қылмыстық іс, зорлық-зомбы­лық­ты насихаттағаны үшін 4 қыл­мыстық іс қозғалған. Қоғамда ғаламтор арқылы қыл­мыстың етек алмауы үшін бас­тамашылар интернет және телефон байланысы арқылы толас­сыз жұмыс істейтін «қызу байланыс желісін» іске қосуды көздеп отыр. Осы орайда www.safekaznet.kz сай­тын қолданысқа енгізбек. Ұйым­дастырушылар осы тақы­рыпты тереңірек қозғайтын дөң­ге­лек үстел өткізу шарасын дәс­түрге айналдырып, аталмыш сайт (www.safekaznet.kz) келешекте мем­лекет, бизнес және қоғам өкілдері­нің «қауіпті ақпарат ұсынушы­лар» тарапынан арандатуға ұшы­ра­май, тиісінше қоғамдық қарым-қатынастың нәтижелі тәсілдерін талқылау алаңына айналады деп сенім артып отыр. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.