29 Маусым, 2011

Өнер ұжымы жеткен жетістік аз емес

573 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Семейдегі Әміре Қашау­баев атындағы мемлекеттік филармонияда   бү­гінде жеті бірдей шығарма­шы­лық ұжы­мы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Филармония бас­шысы Оразғали Сейіт­қазы «Бибігүл» халық аспап­тары оркестрінің әрі көркем­дік жетекшісі, әрі бас дирижері. Семейден шыққан саңлақ әнші Бибігүл Төлегенованың құр­метіне орай ұйымдас­ты­рыл­ған бұл оркестрдің жұмыс жасай бастағанына оншақты жыл­дың жүзі болды. Бибігүл Ахметқызы Семейге келген әр сапарында осы оркестр сүйемелдеуімен шыр­қата ән салғанды ұнататын­дығы бай­қа­лады. Мәдениет қайраткері Ра­қым­ғали Мыржықбаев жетекшілік ететін камералық оркестр де семейліктер мақта­ны­шы. «Славянка» орыс ха­лық аспаптары  және «Кербез» фольклорлық ансамбльдері, эс­традалық «Мұнар», «Асыл мұ­ра» мен «Алтын адам» эт­но­графиялық топтары да бү­гін­де қалың көрерменге ке­ңі­нен танымал. Филармонияда мұ­ның сыртында бабаларға ар­нал­ған үш концерттік бригада және «Шәкәрімнің музы­ка­­лық мұрасы», «Абайды тың­да, таңырқа», «Пушкин және Абай музыка әлемінде», «Клас­­сика­лық музыка құдіреті», «Музы­ка аспаптарының тари­хы» атты дәріс-концерттер өткізе­тін топтар да жұмыс істейді. Ауыл­дағы көрерменге мәдени қыз­мет көрсететін «Асыл мұра» этно-эстрада­лық тобы туралы қайталап айтсақ та ар­тық емес. Мәсе­лен, соңғы екі жыл­­да филармония өнерпаз­дары ауылдық жерлерде 250-ге жуық ойын-сауық қойған көрі­не­ді. Мұның сыр­тын­да осы жыл­дар ішінде филармония ән­ші­лері облыстан тыс еліміздің басқа қалаларында да жетпістен астам концерт қойған екен. Филармония өнерпаздары ай­мақ­тық, республикалық, тіпті халықаралық түрлі байқауларда топ жарып, бәйге төрінен көрі­ніп келе жатқанын да айтпасқа болмайды. Соның бірі әнші Гүлмира Темірбекова екі бірдей республикалық, ал домбырашы Аманжол Самықов «Алтын дом­быра» деген атпен Атырау қала­сында өткен рес­публикалық кон­курстың лауреа­ты атанды. Ал биылғы жылы Астана қаласында өткен дәстүр­лі әншілердің Әміре Қашаубаев атындағы республи­калық кон­курсында дарынды ән­ші Гүлда­на Ноғайбаева жүл­делі екінші орынды иеленді. Осы орайда өткен тарихқа да көз сала кетсек, артықтық етпес. Айталық, әнші Әміре атындағы өнер ұжымының ел тәуелсіз­дігі­нің бір жылдығына орай Мәс­кеудегі Чайковский атындағы концерт залында ел атынан өнер көрсетуі ұмытыл­майтын оқиғаға айналды  десе де болады. Ал «Бибігүл» халық аспап­тары оркестрі өнер сапары­мен Астана мен Алматыда ұдайы болып тұрады. Міне, соңғы үш жылдан бері танымал өнер ұжымына белгілі қобызшы, дирижер, Оразғали Сейітқазы басшы­лық жасап келеді. Тек соңғы екі жылда ғана өнер ұжы­мына отызға жуық талапты өнерпаздар қабылданыпты. Қалалық, облыстық әкімдік, облыстық мәдениет басқар­масы тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтан кенде емеспіз дейді ол. Соның ай­ғағындай, «Бибігүл» халық аспаптары оркестрі құра­мындағы 50 өнерпазға жаңа­дан киім тіккізілген.  Сондай-ақ ұжымға 25 орындық автобус  берілген.  Солай дей тұрғанмен, байырғы өнер ордасына өз алдына жеке ғимарат болса еш артықтығы болмас еді. Ондай күн де алыс емес шығар деген директор сөзіне қосылмасқа болмайды. Өйткені, бұлар ондай құрметке әбден лайық деп білеміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Суретте:  Әнші Бибігүл Тө­ле­генова «Бибігүл» ха­лық ас­паптары оркестрімен бірге.