01 Шілде, 2011

«Жапон қуыршақтары» - Алматыда

587 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі және Қазақ­стандағы Жапония елшілігінің ұйымдас­тыруымен Алма­ты­да «Жапон қуыршақ­тары» атты жылжыма­лы көрмесі өтуде. Күншығыс елі – Жапонияда қуыршақ жасау өнері өте жоғары дамыған. Сондықтан болар, Жа­по­нияны кейде «Қуыршақтар пат­шалығы» деп те атайды. Дәстүрлі жапон қуыршағы «нингё» деп аталады. Бұл сөзді жапон тілінде жаз­ған­да, «адам» және «түр» сөз­де­рі­нің мағы­на­сын беретін иероглифтер қолда­нылады. Жапон қуы­р­шақ­та­ры әр түрлі, олар­дың кейбіреу­лері бүлдір­шін­дерді, енді бірі император сарайының нө­керлерін, жауын­герлер мен батырларды, ертегі кейіпкерлерін бейнелейді. Қазба жұмыстарынан табыл­ған ең алғашқы қуыршақтар Дзёмон дәуіріне (б.з.д. 10000 - 3000 жж.) жатады. Қуыр­шақ­тар  негізінен тіл-көзден қорғайтын тұмарлар ретінде, наным-сенімге қатысты рәсімдерде пайдала­ныл­ған. VIII ғасырда алғашқы қол­мен басқарылатын аяцуринин­гё ойын­шықтары пайда болыпты. Міне, нақ осылар Бунраку дәстүрлі жапон қуыршақтары театрының шығу тегі саналады. Қуыршақтардың көп бөлігі сыйлық ретінде немесе 3 наурыз­да атап өтілетін Хина Мацури сияқ­ты қыз балалар мерекесі үшін жасалынады. Бұл ғажайып мереке де көне дәуірлерден бастау алады екен. Бүгінде әрбір жапон отбасында өздерінің бүлдір­шін қыздарына бақыт тілеп, қастерлеп жинаған көптеген Хина қуыршақтары бар. Сонымен қа­тар, көрмеге (Жапонияда 5 мамырда атап өтіледі) ұл балалар мейрамына арналған қуыршақтар – Гогацу Нинге тобы да ұсынылған. Ұл балалары бар жапон отбасылары сауыт-саймандар мен жауынгерлер киімдері кигізілген кішкене мүсіншелер жиынтығын қойып, ұлдары­ның қайратты да, денсаулы­ғының мықты болып өсулерін тілейді. Қуыршақтарға деген мұндай сүйіспеншілік қуыр­шақ­тардың жапондықтар үшін өнер туындысы екендігін көр­сетеді. Көрмеге 70-тен астам қуыр­шақ ұсынылған. Олардың ішінде Жапония театр өнерінің ең озық дәстүрлі қуыршақтарын – әйгілі Но, Бунраку және Кабуки театр­ларының белгілі сахна қуыр­шақтарын, сондай-ақ дәс­түрлі Кокэси және қазіргі заман шеберлері дайындаған қуыршақтар­ды тамашалауға болады. Біз мемлекеттік музейдің көрмелер және экспозицияларды ұйымдастыру тобының жетекшісі Қанат Шомановтан осы көрме жайлы өз әсерін бөлісуді өтін­генбіз. – Біздің музейімізде жылына 30-ға жуық көрме өткізіледі. Ал мына «Жапон қуыршақтары» көр­месі айрықша мазмұндылы­ғымен, тақырыптық танымдылығымен, көркемдік әлемімен ерекше бау­райды, – деп ол ағынан жарылды. Онысы рас, «Жапон қуыршақ­тары» көрмесінің әлемінен алуан түрлі аңыздарды, ертегілердің ға­жайып кейіпкерлерін, сиқырлы да «сыны бұзылмаған» көркем қуыр­шақтарды, ұлттық айшықтағы жа­ңа бейнелерді де көруге болады. Ақсүйектер тегін бейнелейтін қуыршақтардың («Исёги, Синно-кадзари») костюмдері Хэйан дәуіріндегі (800-1200жж.) киімдерді көрсетеді. «Алтын ұл бала» («Кинтаро») – жапон ертегілері­нің қаһарманы, Геркулестей алып күш иесі. Кинтаро - ұл балаға тән зор денсаулық символы. Алпысбай ШЫМЫРБАЙҰЛЫ. Алматы.