Халыққа ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің сапасы бүгінгі таңда ақпараттық қолдаумен тығыз байланысты. Халықтың хабардар болуы, мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін және қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету, қағазбастылықты азайту және бюрократизмнің алдын алу, әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу үдерісін жеделдету, әлеуметтік саланың дамуына мониторинг жүргізу мен болжауды жақсарту, әлеуметтік қатерлерді басқару тиімділігін оңтайландыру және арттыру – осының барлығы ақпараттық қолдаудың арқасында қол жеткізуге болатын мүмкіндіктер.
Әлеуметтік қорғау және еңбек саласында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану және оларды дамыту саланы реформалаумен қатар жүзеге асырылды.
Халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа үлгісін жасау кезеңінде (зейнетақы жүйесін реформалау, жеңілдіктерді монетизациялау және халықтың 20 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны енгізу) арнайы дерекқорларды құрып, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қоса алғанда, зейнетақылар мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу үдерісін автоматтандыру қажет болды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК аясында зейнетақы жинақтарын алушылар мен салымшылардың, мүгедектердің, оралмандардың орталықтандырылған дерекқорлары, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлемдерді тағайындаудың автоматтандырылған жүйесі құрылды. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың электрондық мұрағаты қалыптастырыла бастады.
Ақпараттық қолдаудағы келесі қадам атаулы әлеуметтік көмек, балалар жәрдемақысы, тұрғын үй көмегі және жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша көрсетілетін әлеуметтік төлемдердің басқа да түрлерін төлеу процесін ақпараттық қолдау жүйесін құру болды.
Осы мақсатта бағдарламалық кешен әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға берілді. Алайда бұл кешен жергілікті дерекқорларда ғана қолданылды. Әлеуметтік көмек алушылардың жергілікті дерекқорларының бытыраңқылығы, ведомстволық жүйелердің жекелігі мен тұйықтығы қажетті деректерді орталықтан жинақтауға бөгет болды.
Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамның табысының динамикасы туралы деректерді кедергісіз алмасу жағдайында төлемдерді тағайындауды жаңартып отыру үшін тоқсан сайын әр түрлі ұйымдардан қажетті деректерді қағаз күйінде жинақтау, оларды куәландыру және уәкілетті органға ұсыну қажет болды. Бұған қосымша уақыт керек.
Осыған орай министрлік әлеуметтік қорғау және еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ӘҚЕСБАЖ) құру туралы шешім қабылдады. Сол арқылы әлеуметтік қорғау және еңбек саласындағы барлық автоматты ақпараттық жүйелердің өзара байланыстыруы тиіс және олардың арасында жылдам ақпарат алмасу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс болды.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде ӘҚЕСБАЖ-дың мынадай ақпараттық кіші жүйелері енгізіліп, нақты уақыт режімінде қолданылып келеді:
«Еңбек нарығы» ААЖ – еңбек нарығы мен жұмыспен қамтудың жай-күйі туралы жалпыұлттық дерекқор. Оған жұмыс берушілер мен салалық министрліктерден жекелеген өңірлер мен жалпы республика бойынша бос жұмыс орындары туралы, бұл бос орындарға орналасу үшін қажетті білім мен біліктілік талаптары жөніндегі ақпарат шоғырланады. Дерекқорда біліктілікті арттыру мүмкіндіктері мен шарттары, жұмысқа орналасуға көмек алу туралы мәліметтер де қамтылған.
Бұл дерекқор Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын ақпараттық қолдауда және оның іске асырылуына мониторинг жүргізгенде маңызды құрал болмақ.
«Шетелдік жұмыс күші» ААЖ – республиканың кәсіпорындарына шетелдік қызметкерлерді тартатын жеке және заңды тұлғалар туралы, тартылатын қызметкерлердің білім деңгейі мен біліктілігі туралы, сондай-ақ жұмыс берушілерге рұқсат берудің ерекше шарттарының орындалуы туралы соңғы және нақты ақпаратты қамтитын дерекқор;
«Е-собес» ААЖ – жергілікті деңгейде алушылар құрылымына мониторинг жүргізуді, талдау мен бағалауды қоса алғанда, атаулы әлеуметтік көмек пен арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетумен байланысты іс-шараларды жоспарлау (болжау) және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың функцияларын автоматтандыруға мүмкіндік беретін дерекқор;
«Әлеуметтік көмек: АӘК, МБЖ» ААЖ әлеуметтік төлемдерді алушының әрқайсысын, оның отбасы құрамын, тұрғылықты жері мен жұмыс орнын, табысы мен отбасының қолындағы активтерді дербес есепке алуды қамтамасыз етеді.
Аталған жүйе Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың ақпараттық жүйесімен кіріктірілген, бұл әр түрлі ұйымдар мен мекемелерден қағаз жинап, тапсыру машақатын ЗТМО-ның ақпараттық жүйелерінен ақпарат алумен алмастыруға мүмкіндік берді.
Оператор қандай да бір адам туралы деректерді енгізсе болғаны, 2-3 минут шамасында жәрдемақының қандай түрін алу құқығы бар екенін анықтауға болады. Бұл ретте, ЗТМО-ның ақпараттық жүйелерімен байланыс арналары бойынша бірнеше секунд ішінде өтініш беруші ұсынған ақпараттың дұрыстығы анықталады;
«Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі» ААЖ нақты уақыт жағдайында еңбек жағдайларын, өндірістік жарақаттану динамикасын, еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау саласындағы заң бұзушылықтарды және оларды жоюды, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің заманауи стандарттарын енгізуді есепке алу мен мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған автоматтандырылған жүйені пайдалану мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысының анағұрлым ашық болуын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға мүмкіндік береді.
«Контакт-орталық» ақпараттық-анықтамалық орталығы. Ол арқылы азаматтар телефон арқылы, ұялы байланыс, SMS және электронды пошта, ресми сайт пен WEB, WАP порталдары арқылы әлеуметтік мәселелер бойынша ақпараттық қызметтерді тегін ала алады.
Халықты жұмыспен қамту, жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоса алғанда, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік көмек көрсету саласындағы мемлекеттік қызметтермен елімізде 6 млн.-нан астам адам немесе жалпы халық санының 40 пайызы қамтылды.
Әлеуметтік қорғау және еңбек саласындағы ақпараттық қолдауды дамытудың келесі кезеңінде қызметтерді Электрондық Үкімет порталы арқылы көрсету жоспарланған.
Салалық министрліктер үлгі дерекқорларын – жеке тұлғалардың дерекқорын, АХАЖ, денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін үнемі жаңартып отырады.
Бұл ақпараттық жүйелердің әлеуметтік қорғау және еңбек саласының дамуына тигізер әсері ұшан-теңіз. Пилоттық жобаларды енгізу кезеңінің өзінде әлеуметтік қызметкерлер ақпараттық технологияларды дамыту және таратудың қаншалықты маңызды екенін аңғарып отыр. Бұл ақпараттық технологиялардың дамып, жетілуіне ықпал етеді.
Мұндай жүйе мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажетті ақпараттар мен құжаттарды жинақтауға кететін уақытты қысқартуға; осыған байланысты шығындарды азайтуға, қызметтерді халықтың тұрғылықты жерінде көрсетуге, әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімділігін тұтастай арттыруға мол мүмкіндік береді.
Тамара ДҮЙСЕНОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.