БАСТАПҚЫ БЕТ. Жиналған кітабы жоқ үйді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Оны жаны жоқ денеге теңеген екен бір дуалы ауыз. Ал аузы-мұрны қымбат жиһазға толы, бірақ бір кітабы жоқ үйден қандай әсер алар едіңіз? Шіріген жұмыртқаның иісі мүңкіп, кекірік атқызатынын байқапты тағы бір тұлға. Ал төрт қабырғасына түгелімен кітаптар сықай жиналған шаңырақтан имандылық жылуы мен жан шуағы төгіліп, көңіл марқайып, рух асқақтап, сабырлылық салтанат құрумен бірге ішкі дүниең саф таза ауамен жаңғырып, бейкүнә әлемге ұшып кеткендей әсерге бөленетінін жасырмапты. Бұл түйсіктің жай бір әсіре сөзбен шыланбағанын аңғарасыз. Шынында да кітабы көп үй өзгеше сәнімен көз қызықтырмай ма? Жаныңды нұрға бөлемей ме? Әрбіріне көз тоқтатқан сайын мысыңды басып, қайсысын қаларыңды білмей сасқалақтап, сүйіністі күйгелектікке салынатыныңды сезесің.
Кітап әлемі – ой әлемі. Демек жеке кітапханасы бар үй ормандай ойымен бай әрі базарлы да назарлы, қызулы да қынулы, дәп бір білім теңізіндей көлкіп жатқан көк айдын. Желкенін керген қайығың білім жағалауына шыққанша беліңді талдырмас, лезде сырын алдырмас. Ең кереметі – тұмасынан тұнығына қанып білімнің, қол созым жердегі ләззатына күнде батарсың ілімнің... Әлқисса, жеке кітапхана жөніндегі әңгіменің бастапқы бетін ашайық...
КІТАП ҚАЛАЙ ЖИНАЛАДЫ? Жан тілеуі қандай әрекетке де барғызады. Ықыласты іске тосқауыл жоқ. Кітап жинауды хобби етіп алғандар бар. Жаңа кітап көрсе, дегбірі қалмайды. Қашан таңсығы қолына түскенше тамақ ішуін ұмытады. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов сөйткен. Он мыңнан астам кітап қоры бар жазу кабинетінде талай болғанбыз. Төрт қабырғасы сықап тұр. «Төлбасы» Жорж Сандтың екі томдық «Консуэло» кітабы болыпты. Ол кезде таңдаулы кітаптарға тек жазылым арқылы ғана қол жетеді. Халима жеңгей екеуі сағат 9-да ашылатын дүкен алдындағы кезекке таңғы 5-те тұратын көрінеді. Осы тәсілмен барлық классиктердің шығармаларын жинапты. Әзағаңның артында бай кітап мұрасы қалды. Әзірге сол күйінде иесіз, құлазып тұр. Түбі не болады? Балалары сақтай алса жақсы. Бір мәдени мекемеге, не жоғары оқу орнының иелігіне құнттап тапсырса рухани мұра сақталып, көптің ырыздығына айналар еді-ау. Мұндай мысалды көріп жүрміз. Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің жеке кітапханасы өзі басқаратын Президенттік мәдени орталықтың бір кең бөлмесіне жайғастырылған. Оқырман игілігіне айналған. Осындай үлгі көбейсе дейсің.
Сәбит Мұқанов та кітап жинауға аса сергек қараған. Мәскеуде, Ленинградта оқыған жылдары Алматыдағы үйіне әлденеше жәшік кітап жіберіп тұрған. Ел аралай қалғанда алдымен кітап дүкендеріне соғып, мауқын басады екен. Кітапханасының ажарын көне кітаптар, алаш арыстарының еңбектері ашып тұрғанынан хабардармыз.
Қазақтың Қадыр Мырза-Әлісі әр аптаның екі-үш күнінде кітап дүкендерін аралауды машық қылған. Мәскеуден шығатын «Книжное обозрение» газеті арқылы жаңа кітаптар тізімін жасап алып, қуып іздеп, қолына түсіретін болған. «Адамдардан алмағанымды кітаптан таптым», деп кітапты өмірлік рухани серігі етіп өткен Сағат Әшімбаев студент кезінен-ақ тірнектеп жинастыра бастаған. Соның нәтижесінде аса бай кітапхана қорын түзген. Сағаттың кітап жинау құпиясы да қызық. «Қара базарға» барып, қымбат болса да екі-үш данасын сатып алады екен.
Ақселеу Сейдімбек болса көркем шығармалардан гөрі тарихи, филологиялық кітаптарды басым жинаған. Ғылыми жұмыстарын жазғанда академиялық орындарға сирек барып-ақ қол созымдағы сөреден барлық керегін тауып отырғанын айтушы еді. Және бір ерекшелігі, оның кітаптары бос қаланып тұрмапты. Сапырыстырып қотара отырып, қажетіне жаратқан. Көзқанықтығы сондай, он мыңнан аса кітабының әрқайсысы қай жерде тұрғанын жазбай тани алыпты. Демек күнделікті ас-суындай қажеттілігіне кірігіп кеткен ғой.
Букинист дүкендерінен сөмке толтырып қайтуды әдетке айналдырған жазушылар не сан. Сондай жанкешті кітап жинаушының бірі Өтежан Нұрғалиев болған. Марқұм ала дорбасын ұстап, әйелін қолтықтап алып букинист дүкендерін аралаудан жалықпайды екен. Ақын-философ Әубәкір Нәлібаев та жеке кітапханасын осындай жерден толықтыра біліпті. Лермонтовтың 1932-1940 жылдары жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағын букинистен болмаса қайдан сатып алар еді?
Осы жерде бір пікірдің шеті қылтияды. Шетелдерде букинист дүкендерінің жүйесі қатты дамыған. Сондай-ақ кітапқұмарлар ұйымының жұмыстары жолға қойылған. Соған орай оқылым деңгейі жоғарылап отыр. Тіпті жеке кітапханалардың қорын үстемелеумен айналысатын көмек қызметтері де бар болып шықты. Осы тектес үрдісті өзімізде қалыптастырудың жолдарын іздестіріп көрсе қайтеді?
Кітапханасын кәдімгідей құмартып, сапалы жинағанның бірі – айтулы ақын Темірхан Медетбек. Жүрдім-бардым емес, талғаммен жинапты. Бүгінде соның игілігін өзімен қатар өзгелер де көруде. Мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Әр нәрсенің тиімді тетігі болады. Соның қыбын таба білгеннің ұпайы түгел. Айталық, кітап насихатының қайтарымына үміттенген абзал. Жаңа кітап оқырмандар назарына жедел іліксін деңіз. Жазушылармен кездесудің соңы кітаппен табысудың дәнекеріне айналып жатады. Авторлармен бетпе-бет жүздесу кітапқа деген құмарлық отын маздатады.
Студент, сен, кітап жинауды қолға алдың ба? Жас маман, өзіңдегі кітап қоры қордаланып келе ме? Баяғыда қырдағы қойшының үйінен көп кітап көретінбіз. Бүгін ше? Майдан өтінде кітабын жүрегіне қысып мерт болғандардың ардақты сезіміндей сергектік, кітапқа деген сүйіспеншілік сұйылып кеткен жоқ па? Ойласайықшы.
Мұхтар Мағауин жаңа пәтерге көше қалса, соның ең үлкен бөлмесін жеке кітапханасына сайлап алады екен. «Үйімді де осы кітаптарым үшін кеңейттім, әйтпесе, бәйбішеміз екеумізге бәрібір емес пе?» деп сыр ашыпты Қалтай Мұхамеджанов.
КІТАП ҚАЛАЙ ОҚЫЛАДЫ? Құранда да кітап оқуға міндеттейтін сүре бар. Оқу – бір парызың, имандылыққа келуіңнің кепілі іспетті. Оқымыстылар оқымаса ой тоқырайтынын айтқан. Оқымаған санада сапалық өзгерістер кемшін соғады екен. Ақпаған судың борсығаны секілді татымсыздықпен тұйықталады. Ендеше, кел, оқылық!
Кімдер қалай оқыған? Әрине, әрқалай. Дайын тәсіл жүктелмеген. Әркімнің парқына орай, қалауымен. Бала жастан кітапқа баулынса, есейгенде де сол үйірсектігінен ажырамас еді-ау. Өкінішке қарай, қолына кітап ұстамайтын ата-ана жас жеткіншегіне бос уағыз айтады. Қайдан нәтиже болсын.
Қазір кітап оқуға үндейтін тиімді шаралар ұйымдастырыла бастады. Соның бірі – «Бір ел – бір кітап» жобасы. Бұл жобаның идеясы АҚШ-тағы белгілі кітапханалық акцияның нәтижесінде пайда болған. Бізде Абайдың «Қара сөздерінен» басталды. Келесі жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» оқылды. Сөйтіп жалғасып жатыр. Бұған да шүкір. Бір жағы міндеттеліп, бір жағы ықылас-ынта ояттырып дегендей, кітап оқуға жаппай кіріскендейміз. Әйтсе де «шыбыртқысыз» оқығанға не жетуші еді?
Қайталап оқудың берері мол. «Үстелдік кітап» деген ұғым қалыптасқан. Соның үлгісі ретінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың үстелінде әрдайым Абай кітабы жататындығын айтсақ та жеткілікті. Талай жазушылардың да мұндай әуес, жүрек түкпірінен әсте ажыратпайтын ғадеттерін жіктесек, ұзаққа кетеміз. Шығарма жазамын деп отырып, «Абай жолының» жүз бетін оқып тастағанын аңғармайтын «аңғал» классиктеріміз де болған.
Сонымен, кім қалай оқыған? Бауыржан Момышұлы кітапты салыстыра оқыпты. Мәселен, Лермонтовтың, Гетенің, Абайдың өлеңдерін қатаң сараптан өткізіп,ой елегімен салыстыратын болған. Сөйтіп өзі үкімін шығарады екен. «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің тұсына – Абайдың аудармасын бестен жоғары бағалапты. Кітаптың шетіне өз ойларын ірікпей жазып қоятындар қаншама? Тіпті сала құлаш ескертпелерін де сыйғыза білген. Ал кітап бетіне еш сызат түсірмей, бүктемей, мәпелеп оқитандардың өз тәсілдері бар екен. Жеке дәптерге конспекті жасайды. Жазуды қиямет-қайымға теңейміз ғой, ал оқудың жауапкершілігін әсте төмендете алмайтынымыз тағы белгілі. Оған жазып та, оқи да білген классиктеріміз Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин және басқалардың өнегесі куә. Және де олар өз жеке кітапханаларын жинауға барлық ғұмырын құштарлықпен арнап, мәңгілікке мұраға қалдырып кетті.
Әлемде ең көп оқитын елдердің алдыңғы қатарындағы Жапонияда мемлекет тарапынан кітап дүкендеріне қамқорлық жасалуымен қатар (қосымша құн салығының төмендетілуімен, т.б.), жеке кітапханалардың қорлануына да мән беріліп отырады екен. Кейбір дүкендерде тұрақты тұтынушыларына кітап жеңіл бағамен сатылады. Кітабы көп және де оны өзі ғана оқымай, өзгелермен жиі бөлісіп отыратын кітапхана иелеріне ынталандыру сыйлықтары тапсырылып тұрады. Біздегі сияқты беті ашылмай, саусақ тимеген кітаптарды ол жақта табу қиын соғады екен. Үйлеріндегі ақжем болып, мұқабасының тоз-тозы шыққан кітаптарды мақтан етсе керек.
Жасыратын несі бар, қазір жас ұрпақ жеке кітапхана жинауға ықылассыз. Бір кітабы жоқ отауды көргенде, көңіл құлазиды.
БАҚ-тардағы кітап насихатының кемшіндігінен баспалардан жарық көріп жатқан өнімдер дер кезінде тұтынушыларға жете бермейді. Телеарналардағы, радиодағы жаңа кітаптың таныстырылымы туралы хабарлар мардымсыз, бола қалғанның өзінде сапалық жағынан көңілден шыға бермейді. Ал балалар кітаптары жөнінде сирек айтылады. Осының бәрі кітап оқылымының артуына, жеке кітапханалардың үнемі толықтырылып отыруына белгілі бір дәрежеде кедергі келтіреді.
Сөз реті келгенде айтайық, әзірге республикалық «Кітап жаршысы» газетінің жақсы талпынысы мен іргелі ізденісі құптарлық. Бірақ оны жаздыртып алатын белсенділердің аздығы қынжылтады.
... Қолда кітап болса, оқылмай қоймайды ғой.
КІТАП ҚАЛАЙ «ҰРЛАНАДЫ»? Иә, жақсы кітап қолды болып, кәдімгі мағынасында ұрланады екен. Сөйтіп иесіне қайтпай қалатындары да бар. Иесінің қаттылығынан көңілі ауған кітапты қалай да қыстырып кетіп, кейін оқып болған соң, ұрлығын өзі ашатындар көптеп кездеседі. Бұдан нені байқаймыз. Кітапқұмар жанның өзегін өртеп бара жатқан ынтызарлықты сеземіз. Сосын бұл қылығына кешіріммен қарайсыз.
Қызық болсын, мына бір күлкілі жайтты, белгілі жазушы Дулат Исабековтің айтқанынан келтіріп көрелік: «... Қазіргі адамдарға бір кітапты «осыны оқып шыға ғой» деп ұсынғанның өзінде, отырған жерінде қалдырып кетеді-ау. Біздің кезімізде қолға түспей жүрген өте құнды дүниеге (құнды кітап, әрине) көзіміз түссе, жымқырып кетпеудің өзі «күнә» болатын... Тағы да сол Асқар Сүлейменов екеуміз. Төлеген Тоқбергеновтің жеке кітапханасындағы екі кітапқа көңіліміз кетті. Сұрап алып оқығанға бермейтінін білеміз. Бірі – Уильям Фолкнердің «Особняк» деген романы, екіншісі – Генрих Белльдің «Где ты был, Адам» романы. Осы екі кітапты Төкеңнің үйінен алып шығу үшін қаншама тер төктік десеңші. Бірақ кейін оқып болған соң ұрлығымызды мойындап, иесіне қайтарғанбыз».
Сыншы, марқұм Сайлаубек Жұмабековтің жеке кітапханасының аса бай болғанын айта келіп, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы оның кітапқа деген ниеті мүлде басқаша екендігін үлгі етіп жүреді. Сайлаубек жүз аттың ішінен Құлагерді таныған Күреңбай сыншыдан бетер сезгір, иесі аялап ұстаған кітапқа қолқа салып алып кетуден тайынбайтын табанды екен.
... «Ұрлықтың» да осындай ұлы мінезі бар екен ғой!
КІТАП ҚАЛАЙ БӘСЕКЕЛЕСЕДІ? Не үшін бәсекелесуі тиіс? Әрине, өмір сүру үшін, оқыла беруі үшін, рухани жан азығына айналу үшін... Түсінікті. Кітаппен нендей керемет бәсекеге түсе алады екен, бәтір-ау?! Табылыпты. Ғаламтор деген дөкейің.
Компьютерлік жүйедегі ғаламторсыз үйді көзге елестете алмайсыз. Мүмкін ауылдық жерде сиректеу болар. Ал қаланың кейбір үйіндегілерін саусақ бүгіп санамалауға тура келеді. Сонымен, ғаламторың қанатын жайып, дүниенің төрт бұрышындағы жаңалық атаулыны алақаныңа салып қояды. Құп делік. Заман ағымына балайық. Дұрыс. Өркениет көшіне ілесуіміз керек қой.
Сол ғаламтордан әлем классиктерінен бастап, қалаған жазушылардың кітаптарын оқи беретін болдық. Кәдімгі жеке кітапханаңнан қалауыңды алып оқып отырған секілдісіз. Тіпті сөреден таппағаныңды табасың. Ыңғайлы. Тек экранға көз салудан тапжылмасаң, қажымасаң болды. Мемлекеттік ірі кітапханаларда да қажет десеңіз, осындай қызмет ұсынылады. Қазір сондай кітапхана қорларына түскен басылымдарды ғаламтор әдісіне бейімдеп ала қоятын өте күрделі технология іске қосылған. Демек Қазақстан баспаларынан шыққан туындылармен етене танысуға, оларды керегінше оқуға зор мүмкіндік туып тұр екен. Жараған!
Бірақ ғалымдар ғаламтордан оқыған кітаптан гөрі қолыңа ұстап, беттерін парақтап, сүйсінген жеріңді сипалап дегендей тұшынып, ырзаланып, оқиғаға өзің араласып жүргендей қызынып, тарауларын аударыстырып қарап, мазмұнына әлсін-әлі үңіліп, бейне-бір кітап досыңмен құшақтасып, мұң-зарыңды төккендей немесе қуаныш-шаттыққа кенелгендей болып балқығаның, жаныңды ләззаттандыратынын дәлелдеп айта бастады. Ең бастысы, ғаламторға қарағанда жадқа сақтау қабілеті әлгіндей кітап ұстап оқығанда өзгеше артады екен. Шіркін-ай, сонда көз қанып, ой ұшқырланып, көңіл айдынданып, зерде жебеленіп кететін болғаны ғой... Мұндай пікірді құптамасқа амалың жоқ. Соңғы бір дерек көздерінен байқағанымыздай, компьютерлендірілген АҚШ-тың өзі кітап оқи бастапты. Бұрыннан оқып келген ғой. Енді назарды осы тәсілге кеңінен салғанға ұқсайды. Кәдімгі қарапайым кітаптың жолы болғалы тұрғандай екен.
Парижге бір жолымыз түскенде, 1995 жылы ЮНЕСКО-да Әлемдік кітап мерекесін өткізу алғаш рет сөз болғанын, кейін бұл шараның ойдағыдай жүзеге асқанын естігенбіз. Сонда жеке кітапхананың негізін қаламай, мемлекеттік жүйені терең дамытудың мүмкіндіктері шектеулі болары көкейкесті мәселе ретінде қозғалыпты. Орынды көтерілген екен. Қалай десек те үй жағдайында кітап көріп, соған көз үйретпеген балдырғаннан келешекте керемет кітапқұмар адам шығады деп түйіндеу әбестік секілді. Қысқасы, ғаламтордан жерінбей отырып, қолыңнан да кітабыңды тастамау керек шығар. Қос тізгінді қатар ұстағанға не жетуші еді.
«Кітапхана туралы» заң 130 мемлекетте бар екен. Бізде ше? Әлі күнге қабылданбаған. Мұны қалай түсінеміз? Сөйте тұра оқырманы көп мемлекет атанғымыз келеді. Ештен кеш жақсы делік.
Бәсекелі заманда кітап мерейін асыратын жобаларға кең мүмкіндік ашқан дұрыс. Кітап насихатталсын! Кітап құрметтелсін. Кітапты оқымауға болмайтындай дәрежеге көтерілуіміз керек. Ықылас-ниет ояталық. Соның жолдары көп екен. Мысалы, Ақтөбе қаласында обыс әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан Мәдениет орталығының алдында көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш бой көтергенінен хабардармыз. Соны көргенде сол кітапты қайталап оқығысы келетінін жасырмаған еді бір қартымыз. Міне, насихат!
КІТАП ҚАЛАЙ МҰРАЛАНАДЫ? Көздің жауын алып тұрған жеке кітапханаға қараған сайын, ертеңгі күні не болар екен деп ойланып, көңілімізді аяз қарып өтетінін несіне жасырамыз. Осы мол байлықтың иесі – классик жазушының кітапханасының тағдыры не боларын кім білген шынында да? Беймәлім? Бір мысал. Энциклопедиялық білім иесі, даңғайыр ақын Қайнекей Жармағамбетовтің кітапханасынан сол кездің әдебиет тарландарынан бастап, жасөскін таланттардың сусындамағаны кемде-кем болыпты. Не іздесе сол табылыпты. Алаш арыстарының кітаптарын Мұқағали мен Кеңшілікке, тағы басқаларға тығып үлестіріп, жасырын қайтарып алып отырған ғой. Белгілі журналист Жақсылық Жүнісұлы Қайнекейдің жақын туысы болып келеді. Сол кітапхананың қызығын көргендердің бірі. Тамсанып айтады кітап жайлы. Лермонтовтың папирус қағазына жазылған кітабының данасы бар екен. Чили ақыны Пабло Неруданың өз қолтаңбасымен сыйланған кітабы сақталған. Ахаң, Жахаң, Мағжандардың арабша шығармаларын жатқа айтқанының куәсі болыпты. Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің: «Бір Аллаға сыйынып»,– деп басталатынын сол кітапханадан көріп, таң қалғаны әлі есінде екен... Сол кітапхана тағдыры аянышты болыпты. Ақын айықпас дертке ұшырап, Торғайына келіп, демі үзілерде өзі Алматыдан түгелімен алдыртқан кітапханасына жәудіреп қарай беріпті. Көзі жұмылған соң көп ұзамай қызыл кірпіштен өрілген аурухананың бір бөлмесіне жиналған кітапханасы өртке оранған... Қалған-құтқаны қазір ел игілігіне айналып келеді...
Иелері жоқ кітапханалар... Жанашырының көз майын тауысып, жиналып еді-ау! Қазір кімге мұра болып қалды екен? Бүгінгі күнге сол толық күйінде шашаусыз жеткендері де бар, өкінішке қарай шашылып қалғандары да кездеседі. Сырбай Мәуленовтің кітапханасын көргенбіз. Бүгін ше? Белгісіз? Ғафу Қайырбековтікін Бәдеш апамыз сол күйінде жаратып отыр. Балғабек Қыдырбекұлы мен Сапар Байжановтың бай мұрасы ұрпақтарының, одан қалды былайғы жұрттың игілігіне жарауда. Сафуан Шаймерденов пен Жұбан Молдағалиевтің, Қадыр Мырза-Әлі мен Өтежан Нұрғалиевтің, т.б. көрнекті тұлғалардың кітапханалары да сақталуымен ризашылық туғызады. Зейнолла Қабдоловтың Алматы мен Атырау арасына қапшықтап тасылып, қайыра түпкі қорына қосылған кітаптары да көңіл толтырады. Әлжаппар Әбішевтің кітапханасын күйеу баласы, мәдениет жанашыры Жұмаш Қасымхан жазушыға өз атынан сыйланған сол Д.Қонаевтың үйінде, сөрелеріне Әлекеңнің «бойы жетпеген» күйінде мәпелеп ұстап отыр екен. Міне, жанашырлық!
Қысылтаяңда жеке кітапхана күнкөріс өтеуіне де жарап кеткен. Өтпей, қынжылыс та тудырған. Оған айғақты Н.Гогольдің 1838 жылғы 1 (13) мамырда Римнен А.С.Данилевскийге жазған хатынан аңғаруға болады: «... Прокопович пишет, что он моей библиотеки не продал, потому что никто не хотел купить, но что он занял для меня деньги – 1500 руб., и просит их возвратить ему по возможности скорее» («Переписка Н.В. Гоголя» в двух томах. І том).
Кітап қорын сатпағанмен, Астанадағы «Отырар» кітапханасына ықыласпен өткізушілер қатары жиілеп келеді екен. Сапарғали Бегалин мұрасы түгелге жуық қабылданыпты. Ақселеу Сейдімбеков 1560 қазақ шежіресін аманаттап кетіпті. Тұрсынбек Кәкішев 1600 кітабын сыйласа керек. Міне, бұл өркениет еліне тән мәрт мінезді құбылыс. Өркен жая берсін өнеге.
Түрік әлемінің мақтанышы Қоңыр Мандокидің 25 мыңнан асатын кітап қоры түзілген жеке кітапханасын Астанаға алдырту жайы сөз болып еді, нәтижесінен әлі хабарсызбыз. Ал әдебиет сыншысы, жазушы Құлбек Ергөбектің киелі Түркістанда Тұрғыт Озал көшесінен «Түркі тілдес халықтар кітапханасын» ашып, оған жиырма мыңдай кітабын сыйға тартуы – нағыз зиялы азаматтың абыройын әрдайым асыра берерінің кепілі. Немесе көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев пен әдебиет зерттеушісі Мырзабай Кеңбейілдің өмірлік достығының жарқын дәнекеріндей болған кітап алмасып, жинаудағы тәжірибесін үлгі тұта білсек, ұтарымыз мол болар еді-ау! Асылы, жеке кітапханаға қатысты өркенді істердің молыға түскені қуантады.
... Жеке кітапхана рухани мұра көзіне айналып жатыр екен! Масаттандырып, марқайтады!
Қайсар ӘЛІМ.