Белгілі жазушы, сыншы, сазгер Тұрсынжан Шапайдың «Сәуле-ғұмыр» атты ән кешінде қаймағы бұзылмаған халықтық шығармалар өрнек төкті.
Тұла бойды түгел жайлар тұма әннің құдіретіне еріксіз бас иіп, айшықты пернесіне сиқырланып кетесіз. Хан Тәңірінің етегінде сыңғырлаған кәусар бұлақ сарқылмапты. Мұқағалидың жыр-өзені мұқым қазақтың кеудесін жыр жауһарға толтырса, бүгін міне, Тәңір таудың тағы бір перзенті ерке Есілдің бетіне аққу сазын қондырып, арқа-жарқа күй кештірді. Тұрсынжан Шапай есімді қазақты оқырман бұрын «Ой түбінде жатқан сөз», «Шын жүрек – бір жүрек», «Қазақтың жаны» әдеби-сын кітаптары арқылы ардақ тұтып келсе, Абайдың қара сөздері ізімен бүгінгі қазақ жанының жарасын жазатын белгілі жазушыңыздың ән өнеріндегі қолтаңбасы да әдебиетке қосқан сол дүниелерден еш кем соқпастай көрінді. (Сазгер деген атауды композиторлар қауымы өздеріне онша абырой әперетін ұғым деп есептемейді. Бірақ мәселе шығармашылық адамын сазгер не композитор деп атауда емес қой. Сонда да қазақтың сазгер деген сөзі жанға әлдеқайда жақын тұрады – авт.)
Сазгердің ел арасына тараған әндерінің саны 60-70-тен асып жығылған соң, оны музыкаға кездейсоқ келген деп ешкім айта алмайды. Бір адам болады жасаған еңбегін ешкімге міндетсінбейтін, басқаға мұны айтуға артықсынатын, сөзі аз да, ісі көп. Енді біреу болады, тарыдай нәрсесін таудай етіп көрсетуге құмар. Қаламгер Т.Шапайды жұрт неге сонша жапырыла құрметтейді десеңіз, ол тау-тау еңбек жазған нағыз бейнеткеш, сана-сандыққа маржан сөз бен кәусар сазды қатар салған жанның өзі. Жазушының бәрі бірдей ән жаза бермейді, сол сияқты сазгерлер де шетінен қаламгер болып кетпейді. Екі өнердің тізгінін тең ұстаған жандар некен-саяқ. Соның бірі – елорданың төрінде алғаш рет өнер кешін өткізіп отырған осы азамат екенін жұрт жадына мықтап түйіп алды.
Кештің өн бойында бір композитордың ғана шығармасы орындала берсе, залдағы көрерменнің кейде ұйқысы келіп кетеді. Себебі, әуен, мақам қайталанып, бір әннің түрлі үлгісін тыңдағандай әсер көкейде қалып қояды. Кешегі ән кешіне келсек, уақыттың зуылдап қалай өте шыққанын байқамай қалдық. Өйткені, сазгер Тұрсынжан Шапайдың әндері ескі сарында қалып қоймай, өңделуі, орындалуы заман талабымен бірге өсе түскенін аңғардық. «Сәуле-ғұмыр» әнінің тұсауы түу Мәскеуде кесіліпті. Мұны музыкалық қуаты жағынан «ән полотносы» деуге лайық шығарма дерсіз. Ең бастысы, әрине, әнінің бәрі тыңдаушысын үйіріп, жас та, жасамыс та жанына жақын қабылдап жатса, сазгердің бақыты деген сол емес пе? «Дариға дәурен», «Арман», «Бала ғашық», «Ай сәулем», «Угай-арман», «Ой, жаным», «Қайран, Қарасазым-ай», «Шолпаным», «Ақ көбелек», т.т. әндерінің қай-қайсысы болсын халықтан жоғары бағасын алып қойған сондай тұма туындылар.
Енді оның әндерін жұрт неге соншама сүйсіне тыңдайды дегенді біздің де білгіміз келетіні даусыз ғой. Асылы, тамыры үзілмеген тал сияқты нәрсе бұл да. Батыстың, басқаның балдырына балағы былғанбаған сазгердің шығармаларын халықтың үздіге тыңдау себебі, әндерінің бастауы халықтық, ұлттық тамырда жатыр. Оларды Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Саят Медеуов, «Қоңыр» тобы сияқты өнердің танымал өкілдері орындаса, одан сайын қазақтың жанымен біте қайнасып кетпей ме? Әр әннің қалықтағаны көл бетіне аққу ұшып қонғандай сүйкімді әсерге бөлейді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.