02 Шілде, 2011

Сенат сайлауы

1755 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Оған дайындық  барысы көңілдегідей Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссия­сының бас сарапшы-өкілі, саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Жексембековамен әңгіме – Венера Абыханқызы, үстіміз­дегі жылдың 19 тамызына Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы бекітілді. Алдағы сай­лаудың ерекшеліктері қандай болмақ? – Ең алдымен, бұл сайлаудың 3 сәуірде өткен президенттік сайлау мен келесі жылы өткізіліп алдағы бес жылға басты сайлауларды нәти­же­лей­тін  Мәжі­ліс және мәслихат сайлау­лары­ның ара­сын­да өткелі тұрғанын атап өткен жөн. Сол себептен осы жолғы сайлауда сайланған жоғары палатаның депу­тат­тары алдағы уақытта көппартиялық не­гізбен сайланған Мәжіліс депутат­тары­мен жұмыс жасайтын болады. Сенат депутаттары сайлауы бары­сының ерекшеліктері мен өткізілуіне тоқталатын болсақ, сайлау азамат­тар­дың жанама дауыс беру құқығы ар­қылы жүр­гізіледі. Яғни, ұсынылған кан­дидаттарға сайлаушы ретінде тек қана әр өлкенің мәслихат депут­ат­тары дауыс береді. Бір қарағанда, бұл сайлауға ел тұр­ғын­дары ешқандай дауыс бермейтіндей және ықпал ете алмайтындай көрі­неді. Бірақ бұл ой тек сырттай қара­ғанда ғана. Өйт­кені, Се­­нат депутатын сай­лай­тын мәсли­хат де­пу­таттары кезінде өз­дерін сай­лаған өз өл­ке­лерінің азамат­та­рының көзқарасын есепке алып, солар­дың мүдделерін көз­деуге міндетті. – Кандидат­тар­ға қан­дай талаптар қойы­ла­ды және олар­дың реті қандай? – Сайлау заңына сәйкес Сенат де­пу­татына кандидаттарды мәслихат де­путат­тары ұсынады, сонымен қатар, азаматтар­дың өзін-өзі ұсынуына да құқығы бар. Азамат Парламент Сенаты депу­тат­тығына үміткер болуы үшін ҚР Конс­титуциясы мен «ҚР Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңында көрсетілген барлық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл – 30 жасқа толған, жоғары білімді, Қазақстанда соңғы 10 жылда тұ­рақ­ты тұрған, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар, өзінің аймағында, облы­сын­да не­месе Астана мен Алматы қала­ла­рын­да соңғы 3 жылда тұрақты тұ­рып келе жа­тқан еліміз­дің әр азаматы өзін-өзі ұсы­ну құқығымен Парламент Сенатына өз кандидатурасын ұсына алады деген сөз. Сонымен қоса, өзін-өзі ұсынған кан­дидат барлық облыстық мәслихат де­путаттары мен республикалық маңы­зы бар қалалар депутаттары жалпы саны­ның 10 пайыздан кем емес қолдауын алуы керек. Сонымен қатар, әр канди­дат­тың мәслихат депутаттарының жал­пы санының 25 пайыздан көп емес қол­дауын өз жағына шығаруына құқығы бар. – Дәл осы уақытқа дейін қанша кандидат ұсынылды? – 28 маусымға дейінгі ақпарат бо­йынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына 83 кандидат ұсынылды. Олардың 80-і – ер адам, ал 3-уі – әйел адам. 41 кандидат – «Нұр Отан» ХДП-дан, ал «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ҚӘДП, Қазақстанның «Патриоттар партиясы­нан» және «Руханият» партия­ларынан бір-бір адамнан ұсынылды. 19 адам өзінің қай партиядан екенін жария­ла­маған, ал қалған 19-ы ешқан­дай партиядан еместігін мәлімдеді. Сөз ретінде айта кетейін, 2005 жылғы Парламент Сенаты депутат­тары сайлауына кандидаттардың ұсы­нылуы алғашқы он күнде 30 адам болса, ал 2008 жылы 27 адам болған. Ал осы жылғы ұсынылған канди­дат­тар­дың 15-ін мәслихат депутат­тары ұсы­нып отыр, қалған 68-і өз-өздерін ұсыну құ­қығын пайдаланған. Бұлардың ішіндегі 8 кандидат – Парламент Се­наты­ның депу­таттары. – Сіздің ойыңызша, кандидат­тар­дың осындай белсенділік танытуы немен байланысты? – Ең алдымен, бұл саяси мәдениет пен азаматтардың бел­сенділігінің жо­ғарылауымен байла­ныс­ты деп ойлай­мын. Ұсынылған кан­ди­даттардың көп­шілігінің өзін-өзі ұсынуы жәйдан-жәй емес қой. Сонымен қатар, еліміздің заң шы­ғарушы органының жоғары палата­сына өз кандидаттарын ұсынуда еліміздегі саяси партиялардың да белсенділігі айтар­лық­тай дәрежеде жоғары деңгейге көтерілді. Саяси бірігулердің мүмкіншіліктері дамып, іске асуда. Сондай-ақ сайлау нау­қа­нына олардың белсенділікпен қа­тысуы әрбір кандидатқа, әрбір саяси пар­тияға қайталанбас тәжірибе бола­ты­ны айдан анық. Өкінішке қарай, әзір­ге канди­даттарын ұсынуда барлық саяси партиялар бірдей атсалыса алмай отыр. Қазіргі таңда алдыңғы қатарда тек «Нұр Отан» ХДП тұр. Және тек осы партия сайлауға жоғары қарқында да­йын­далуда. Мұның себептері де жоқ емес. Менің ойымша, олардың ең негізгісі, көптеген партиялар мәслихат де­пут­аттары сай­лауы кезінде белгілі нәти­же көрсете ал­май, өздерінің канди­дат­тарын Сенат депутат­тары қатарына ұсыну үшін белгілі дәрежеде өздерін қолдайтын база қалып­тас­тыра алмады. Дәл бүгінде ондай қол­дауды қалып­тас­тыра алмаса да, әрбір кандидат өздерін-өзі сайлау құқығын алға тарта отырып, жеңіске жетуге мүдделі. Ал «Нұр Отан» партиясы мәслихат де­путаттарының соңғы сайлауларында жақ­сы нәтижеге жетіп, өздерінің депу­тат­тық корпустарына қолдау көрсететін нақты негізгі базаны қалап алды. Бұл партияға өз кандидаттарын ұсынуды ұйымдасқан түрде жүзеге асыруға мүм­кіндік берді. Әйтсе де, осы жолғы ұсынылған кандидаттардың арасында өз партия­ларын көрсетпегендері де бар. ҚР Конституциясы оларға осындай құқық береді. Сондықтан, ұсынылған кандидаттар арасында саяси партиялардың өкілдері статистика көрсетіп отырған­нан анағұрлым көбірек деп ойлаймын. – Ұсынылған кандидаттарды тіркеу қай мерзімде жүргізіледі? Қазір ұсы­ныл­ғандар ішінен тіркелгендері қанша? – Кандидаттарды облыстардағы, Алматы және Астана қалаларындағы аумақтық сайлау комиссиялары тіркейді. Және күнтізбелік жоспарға сәйкес, тіркеу 29 шілдеге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу енді ғана басталды.  Дәл бүгінге дейін Сенат депутаттығына 7 кандидат тіркелді. – Сайлау науқанының қазіргі кезе­ңінде туындаған өзекті мәселе­лер  мен талас туғызатын жәйттер бар ма? Сон­дай-ақ, әр сайлауда қай­таланатын кемшіліктер мен құқық бұзушылық­тар көрініс берді ме? – Сайлау өткізу тәжірибесі әр­қашан біздің алдымызға жаңа  мәсе­ле­лер  қояды. Қазірдің өзінде сайлау заң­намасымен реттелмеген жағдайлар туын­дап отыр. Мы­салы, Сенат депу­тат­тығына өзін-өзі ұсын­ған канди­дат­ты мәслихаттардың бірінің тағы ұсынуы. Біз бұл жағдайда өзін-өзі ұсыну ту­ра­лы өтінішті кері қайтару қажет деп есеп­темейміз. Тек үміткер мәс­лихат­тар ұсын­ған кезде көзделген құжат­тарды берсе жеткілікті. Басқа сайлау рәсімдері өзін-өзі ұсынған кандидаттар үшін де, мәсли­хат­тар ұсынған кандидаттар үшін де бірдей. Сондай-ақ, кандидат тіркелгенге дейін мәслихат депутатының осы үміт­керді қолдап қойған қолын кері қайтарып алу процедурасы да заң­намамен реттелмеген. Ал мұндай фактілер қазірдің өзінде бар. Бұл жағдайда мәслихат депутаты кан­дидатты қолдап қойған қолын кері қай­тарып алу туралы шешімі жөнінде үміт­кер­ге, сондай-ақ тиісті сайлау комис­сия­сы­на жазбаша хабарлауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясы осы жолды ұсынып отыр. Парламент Сенаты депутаттығына кан­дидат тіркеуден өткеннен кейін, мәс­лихат депутатының оны  қолдап қойған қолы тек сот арқылы ғана кері қайтарып алынады. Бұл Сайлау туралы заңда айтыл­ған. Әрине, мәслихат депутат­тары­ның өз таңдауын жасауда мұқият болғандары дұрыс. Жалпы алғанда, сайлау науқаны қа­лыпты әрі іскерлік жағдайда өтіп жатыр. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тура­лы аумақтық сайлау комис­сия­ларына сайлау процесіне қатысушылардан келіп түскен арыз-шағымдар жоқ. – Сайлау науқанының қазіргі кезе­ңінде аумақтық сайлау комис­сиялары  мен Орталық сайлау ко­мис­сиясының алдында қандай негізгі міндеттер тұр? – Алдағы кезеңде сайлау органдары алдында тұрған негізгі міндеттер мыналар: - сайлау заңнамасының орын­далуын бақылау; - сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын іс жүзінде орындау; - сайлау науқанына тиісті ақпарат­тық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету. Ағымдағы жоспарға келетін болсақ, облыстық, Алматы және Астана қа­ла­лық сайлау комиссияларының қа­зіргі басты міндеттері: • ұсынылған кандидаттардың Конс­титуция мен сайлау туралы Конс­ти­туциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігін тексеру; • кандидаттарға қол қою парақтарын уақтылы беру; • қолдап қойылған қолдарды тексеру; • кандидаттарды, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу. – Парламент Сенатының болашақ депутатында қандай қасиеттер молы­нан болуы керек деп ойлайсыз? – Біздің елімізде Парламенттің құ­ры­лымы, сонымен қатар, оның пала­таларын қалыптастыру тәртібі жалпы­әлем­дік тәжі­рибеге сай. Депутаттық кор­пустың жоға­ры кәсіби деңгейі қа­был­данатын заңдар­дың сапасын қамта­масыз етеді. Сондай-ақ еліміздің жо­ғары заң шығарушы ор­ганында өңірлік мүдделердің тиімді білдірілуін де қамтамасыз етеді. Дегенмен, айта кетейін, Сенат де­путаты жұмысының ерекшелігі сонда, ол тек белгілі бір өңірдің атынан өкіл­дік етіп қана қоймай, бұл мүдделерді жалпы мемлекеттік мүдделермен және міндеттермен үйлестіре білуі тиіс. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА.