02 Шілде, 2011

Дәуірлік тұлға

570 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

«Адам құдайды танып, оған қызмет ету үшін жаралған». Қасиетті Құранда баяндалған осы тағылымнан: «Адам туған халқын тану арқылы ұлттың өмі­рін­дегі өзінің орнын табу үшін жара­тылған», деген ғибратты сауап алуға болар еді. Ал сол орнын тапқандар та­мы­рын тереңнен алатын қабырғалы қазақта аз ба, көп пе?! Әріден қозғасақ, шүкір, бар­шылық: өзі үшін де, өзі өн­ген елі үшін де сарқылмас өмір аңса­ған Қорқыт, желмаясымен желіп жүріп Алты Алашқа жерұйық іздеген Асан Қай­­ғы, Арқа үшін алысқан, Еділ үшін ша­бысқан, қол ас­тын­да бүкіл қазақ та­бысқан тегеурінді Тәуке, айбынды Абы­­лай, құбыла көшкен байтақтың ор­да­сындай, темір жұмсап оқ атқан қор­ғасындай Бөгенбай, Қабанбай, Наурыз­бай мен Қарасай, халқын еміреніп сү­йіп өткен, зар заманның өртіне кү­йіп өт­кен Әлихан мен Ахмет... Бәрі азат­тықты аңсады. «Мәңгілік ел» еді арманы! Ғасырлар тоғысында сол арман орын­далды. Орындалып тұрып ойландырды. Қазақтың қатпар-қатпар тарихы қайта тол­ғатты. Тебіреніп жеткен тәуелсіздік «те­мір таяқ инедей, темір етік түймедей» болғанша арпалысатын қайшылықтар мен қиындықтарды ала келді. Халықтан қай­рат, ұлттан ұлағат, ұлынан қуат күт­ті. Тол­ғауы тоқсан заманға атажұрты­ның қа­ны мен жанынан жаралған, ай­шы­лық алысты көре алған, жетім ға­сыр­дың жо­ғалтқанын бүгінінен таба­тын, ақыл-пара­сатына көз де, көңіл де қанатын тұлға керек деді. Ықылым заманнан білегіне сүйенген, білегі тал­ған­да тілегіне сүйен­ген ел жол ай­ры­ғын­да тұрды. Күйреген қоғамнан күн­шуақ кезеңге күйзелмей өту үшін тәуел­сіздікті танып-түсініп алу қажет еді. Азат­тықты тұғырлы да ғұмыр­лы ету міндеті өткір тұрды. Ал оған сол кездегі қоғам, ескімен есептесіп, жаңа­мен есендесіп үл­гер­меген, өтпелі кезең­нің өткел­сіз күн­дерін аласапыранда өт­ке­ріп жат­қан жа­да­ғай қоғам саяси да, эко­номи­калық тұрғы­да да дайын емес еді. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтың жаңа тарихына осындай сауалы көп, жауабы жоқ аса күрделі тұста енді. «Тәуел­сіз­дік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес еке­нін, азаттық алумен іс бітпейтінін, оны сақ­тап қалу үшін заманға сай ама­лың болуы керек екенін» айта келді. Арада бел­гілі уақыт өткенде сол бір қауырт шақты еске ала отырып: «Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылған, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді қа­бы­лдауға тура келген, тірі қалу стра­те­гиясын күн-түн іздеткен кезең», деп сипаттаған еді. Шындығын айтайық, бүгінде ескен желдей, аққан селдей өте шыққан, ақи­қа­тында әрқайсысы бір ғасырға теңелген осы сындарлы жылдардың бас кезінде біздер, көзі ашық, көкірегі ояу делінетін талайлар тәуелсіздікті Елбасындай терең әрі жан-жақты сезіне алған жоқ­пыз. Андыз­да­ған ойлар мен алқынған ұсыныс-та­лап­тар ат үстінде аласұрды. Өртке тиген дауылдай өрекпіген саяси пікірсайыстар бұқаралық және топтық эмоциялық сипатта болды. Дыз етпе, ұшқары тұжы­рым­дар бір-бірін тобық­тан қағып түсіріп жатты. Сол айғай-сүрең күндерде құрыл­ған партиялар мен қозғалыстар саяси дә­йектелмеген қызу­қан­ды ұрандармен әуес­тенді. Ұлт­тық са­ры­ндағылар: «Тәуел­сіздік алдық. Енді не тұрыс!» деп сауырға қамшы басты. Дәуір­дің жоғалтқанын бір күн­де, ғасырдың жо­ғалтқанын бір түнде тап деп, есіктен төр­ге, ылдидан өрге шапты. Әсіресе, қау­сап қалған режімге кек­тенгендер мен шаңы­рағы ортасына түскен одақтың жоғын жоқтаушы­лар­дың дауысы өктем шықты. Кім елден ерек солақай содырланса, ұлт туралы көбірек дабыл қақса, сол «көсемге» ай­нал­ды. Өзі­нен сөзі бұрын «шапшаң кө­сем» болу­ға асыққандар көбейді. Қыза келе, өршіл­де­не келе «тәуелсіздіктің ав­торы» атануға талас басталды. Бүгін­де күлкі тудыратын, сол тұста әлде­кім­дер құлақ қойып, әлдекімдер қол соқ­қан осындай даңғаза қайраткер­ліктен елдің басы айналды. Сеңдей соғылысқан сол солқылдақ кезең «Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайтынын» қайта-қайта ескерткен, «Алда тұрған сын белестерден білекке – білек, тілекке – тілек қоса білсек қана абыройлы өте ала­тынымызды» санаға сіңіріп баққан Ел­ба­сының ұлт алдындағы, туған елі за­ры­ғып жеткен тәуелсіздіктің алдын­да­ғы жауапкершілігін күшейте түсті. Сол жауапкершілікпен: «Мен халық­тың қа­ны мен жанынан жаралған перзентпін, сондықтан да қиын кезеңде мойныма түскен ауыр жүкті мойымай көтеруге міндеттімін», деп ширықты. «Өз елім­нің жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын», деп рухтанды. «Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек», деп қа­лың жұртты дәстүрлі құндылықтарына бастады. «ХХІ ғасыр қазақтың жұлды­зы жанатын ғасыры болады», деп өркенді, өрелі шағына құлшындырды. Нұрсұлтан Әбішұлының қоғамдағы қашаған ойлар сағымдай сапырылған сол қиын-қыстау күндердегі қайрат­кер­лік бейнесі ұлы Абайдың: «Мыңмен жал­ғыз күрестім кінә қойма», деген тол­қымалы шағын көз алдыңа әкеледі. Данышпан ақын ұлттың уысынан шы­ғып кеткен саяқ заманды түзей алмаса да, адамның бойындағы мінді мәңгілік күзей алатын тәлімін қалдырды. Қазақ­тың жаңа мыңжылдықтағы тұлғасы қай жағынан да жоқ заманды ой-өрісі тоқ за­манға, етек-жеңі кең ғасырға, өскен, озған дүниемен тең ғасырға айнал­дыр­ғанша күні аптаға, аптасы айға, айы жыл­­ға бергісіз болған шығар. Ол ішкі бей-берекет өрекпулермен, сыртқы ас­та­р­лы, ай аунатқандай айлалы, сан қыр­лы саяси сарындармен бір мезгілде арпа­лыс­ты ғой. Сол жолдағы күрес оған қан­шалықты рухани салмақ салды екен? Алаштың тағы бір тұңғиық ақыны Мағ­жан: «Сұм дүние абақты ғой сана­лыға», дейді. Дер кезінде ұғылмаған ақыл­­дың азабын данышпандар ғана сезеді. Рухы елімен, ар-ұжданы туған жерімен бірге болғандығымен дарала­на­ды. Ата­жұртымен дәл солай астас­қан­да, ха­лық­тың көкейіне қанады, керегін табады, жү­рекпен тыңдайды, ақылмен шыңдайды. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақ та енді үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсетуі керек», деп жүріп, «Бү­гінгі қазақ қауымына аса қажет нәрсе – өзі­міз­дің намысшылдық дәстүрімізді дамы­ту», деп ширықтыра жүріп, «Мем­ле­кетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақ­тікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында», деп кемелдендіре жүріп, «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қыз­мет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүрек­ті, сауатты да салауатты азаматтар қа­жет», деп талпындыра жүріп, бүгінгі тол­қынды жаңа отаншылдық рухта шың­да­ды, ұлттық дәстүрге құрметпен қарай­тын, қазіргі ұшқыр заманды әлемдік биіктен танитын деңгейге көтерді. Бұл ұлы рухани жеңіс еді. Туған елінің ізгілігін бойына сіңірген, шын мәніндегі ұлт перзентінің тарихи жеңі­сі болатын. Біз сондықтан Елбасын таңдадық. Біз сондықтан да әрдайым Тұңғыш Президентімізді қолдаймыз. * * * Ресейдегі Ұлттық стратегия инсти­тутының халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов: «Назарбаев – соңғы үміттің саясаткері», дейді. Қазақтың сұрапыл зұлмат­тары аз болмаған ХХ ғасырдағы соңғы үміті – тәуелсіздік еді. Сол нәзік үмітті ақтау парызы маңдайына жазылған Пре­­зидент ұлт сенімінен шықты. Өзен­нің соңы не шөл, не көл дегізген қиын-қыстауда сол тұстағы әбігерлі заман­дас­тарының да, қазақтың күні туар сәтті рухымен сезген ата-бабаларының да алғысына бөленді. Ұлтына тарих берген мүмкіндікті тарихи даналықпен мүлт жібермеді. Қия­да­ғыны көрді, қияндағыны таныды, қиюы қашқан кезеңнің қисынын тапты. Үндінің ғаламға мәшһүр мемлекет қайраткері Джавахарлал Неру қызы Индира Гандиге түрмеде отырып жаз­ған, «Взгляд на всемирную историю» деген атпен дүние жүзіне тарап кеткен хат­тары­ның бірінде: «Алған бетіңнің дұрыс­тығына өзіңді сендіру үшін айлар керек. Белгілі бір топқа таңдаған бағытының теріс екенін түсіндіру үшін жылдар қажет. Халықты түзу жолға бастау үшін, сеніміне күмәнсіз ие болу үшін ғасырлар да аздық етеді», дейді. Қазақстан қайрат­керіне мұндай қастер­лі де киелі сенімге қол жеткізу үшін ширек ғасырдан да кем уақыт жеткілікті болды. Ұлт сенімін ұлан-ғайыр жетістіктерімен көркейтті. 2010 жылы тәуелсіздігіміздің 19 жылдығын тойладық. Ғасыр үшін елеусіз, дәуір үшін қас-қағым мерзімнің та­быстарын Президент ұлттық мақта­ныш­пен паш етті. «Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаң­ғырттық. Төркүл дүниені ат тұяғымен дүбір­леткен даңқты бабалардың «мәңгілік ел» мұратын қайта рухтандырдық. Алаштың айбыны асып, күн сөнген­ше азат болды. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Жиырма жылға жетер-жетпес уа­қыт­та жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық. Біз тәуелсіздігімізбен бірге тілімізді тү­зет­тік, дінімізді өркендеттік, тамы­ры­мызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Ұлттық жаңғыруды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық, ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық. Болмысы бөлек қазақстандық үлгіні қа­лыптастыру үшін біз өз жолымызбен жүрдік». Бұл ел ұзақ аңсаған, тәуелсіздік күн­дері тағатсыз күткен игілік еді. Осы­лайша алғаш рет ұлттық мемле­кет­тің негізі қаланды. Қазақстан Респуб­ли­касында мемлекет құраушы ұлттың тарихи орны айқындалды. Елбасының ерік-жігерімен тарихты тәуелсіздік ұс­та­нымдары тұрғысынан қайта қарау қолға алынып, халықтың көне дәуір­лер­ден бүгінге дейінгі елдік, ерлік дас­таны ақиқат тілімен, ұлттық намыспен жазылды. Бағзы дәстүрлі құндылықтар бүгінгі өркениетпен үндесті. Біз осы ұлттық өрлеу жолын қала­дық. «Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйеді», деп елін көкке көтерген, «Халқына жаны шын­дап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге шығатын жол іздейді», деп уақытынан оздырған, «Ұлттық сипатқа айналған дәстүріміз бен дүниетаны­мы­мызға сырттан келіп түзету жасағысы келгендерге жол бере алмайты­ны­мыз­ды ашық айтамыз», деп атажұртының ар-ожданын қадірлеген тұлғаны, Нұр­сұл­тан Әбішұлын, қазақтың жаңа зы­мы­ран ғасырындағы тұлғасын қолдадық. * * * Түркиядағы Ататүрік орталығының директоры Садық Турал: «Қысқа ғана мерзім өткеніне қарамастан, Қазақстан биік белестерді бағындырып үлгерді. Осыған орай мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бірнеше тұр­ғы­да Түркияның негізін қалаған Мұс­та­фа Кемал Ататүрікке ұқсатамын. Оны ақы­лы мен жүрегі үндескен ... ұлы көсем деуге болады», деп жоғары бағалайды. Осылай ағынан жарылған, ақиқатын айтқан бауырымызға ризашылығы­мыз­ды білдіреміз. Ататүрік те, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы да әлем таныған біртуар тұл­ға­лар. Тек екеуінің заманы мен мүм­кіндігі әр­түр­лі. Ататүрікке кемінде сегіз ғасырлық им­периялық және мемлекеттік тарихи тә­жі­рибесі бар, еуропа­лық, оның ішінде, адамзат тұтас қабыл­да­ған грек өрке­ние­тін сі­ңір­­ген, қалалар мәде­ниеті қа­лыптас­қан ел мұра болып қал­ды. Түрік халқы өзінің бү­кіл өсу, өну та­рихында ұлттық тамы­рынан үзіл­ген жоқ, 1441 жы­лы Варна маңын­да­ғы шай­қаста Еуро­па­ның біріккен армия­сын тал­қандаған соң Қырым хан­дығын, Ал­банияны, бүкіл Болгарияны, Эгей теңі­з­і­нің аралдары мен Алжирді, өз­ге де көп­теген елдерді уы­сын­да ұста­ған Түрік мемлекетінде ұлт­тық рух күш­ті бо­ла­­тын. Мұстафа Кемал Батыс­та «кемализм» деп аталып кеткен қағидаларды ұсын­ғанда осы айбынды рухты негізге алды. ХІV ғасырдың соңында аз ғана топпен бөлініп шыққан хандықтан тамыр­ла­натын қазақ ұлысы сол тұста Түр­кия­да қалыптасқан мемлекеттік билік пен мемлекеттік өркениет туралы ойлай алған жоқ. Ұзақ жылғы өзара тартыс, сыртқы шапқыншылықтан қажыған ел Ресей пат­шалығының қоластына өзі барды, үш ға­сырдан астам уақыт азат­тығынан ай­рыл­ды. Шартты түрде ғана республика атал­­ған, Кеңес Одағының құрамында бол­ған 70 жылда ұлттық келбетінен айы­ру­­ға бағытталған идео­ло­гиялық қатаң режім­нің қысымын бас­тан өткерді. Эко­но­мика­лық жағы­нан да ұтқан жоқ. Кеңес кезінде Қазақ­стан барлық өндірістік-ша­руа­шы­лық көрсеткіштері бойынша 20-сыншы орыннан көтеріле алмады. 1992 жылы, тәуелсіздікке екі жыл толар шақта, инфляция шарықтау шегіне жетіп, 3601 пайыз­ды құрады. Баға барлық тауарға төрт есе өсіп, ауыл шаруа­шы­лы­ғы өні­мін өндіру үш есеге кеміді. Өнер­кәсіп толық тоқы­рауға ұшырады. Сол құлды­рау жылдары Ресейдің де, Батыс­тың да сарапшылары «Қазақ­станы­­ның күйреуіне көп қалған жоқ», деп дауры­ғысып жатты. Президент дәл осы 1992 жылы «Қа­зақстанның егемен мемлекет ретінде қа­лып­тасуы мен дамуының страта­гия­сын» қабылдады. Онда мына қағидалар таңда­лып алынды. Саяси тұрғыдан: бірінші – формальді-құқықтық тәуелсіз­діктен нақ­ты тәуелсіздікке ауысу; екінші – мемлекеттілікті нығайту; үшінші – жүйелі және көлемді экономикалық реформалар; төртін­ші – сыртқы экономи­калық әріп­тес­­терді таңдаудағы прагматизм және тұтастай прагматикалық сырт­қы саясат. Идеологиялық бағытта: ұлт­ара­­лық келісім; ішкі ұлттық бірлік; қа­зақ­стандық қоғамды жаңғырту мұрат етілді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол күрмеуі қиын жылдардың өзінде әлемдік нарық­қа батыл ену туралы кесіп айтқан бола­тын, «Біз қатаң бәсекеге әзір тұрып, оны өз мүддемізге пайдалана білуіміз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиіс те, өйткені, олар біздің жаһандық экономикаға кірігуімізге жәрдемдеседі әрі сол арқылы біздің қо­лай­лы экономикалық-географиялық жағ­дайымызға және қолымыздағы ресурс­тары­мызға сүйенеді», деген еді. Президент 2007 жылы жарық көр­ген «Қазақстан жолы» еңбегінде ата­лып өтілген мемлекеттік саяси-идеоло­гия­лық, стратегиялық ұстанымдар ту­ра­лы айта келіп, оның бәрі сонау 1992-93 жыл­дары болғанын, сол кезде жа­рия­ланған бағыттардың әлі күнге өзгер­мегенін мәлімдейді. «Ал енді осының төрелігін өздеріңіз айтып көріңіздер», деп елдің қазылығына салады. Төрелігін айтсақ, Қазақстан Нұр­сұлтан Әбішұлы даналықпен даралаған ұлттық-мемлекеттік таңдаулар арқылы сан ұлтты елді саңлақ елге айнал­дыр­ды. Қазақ халқын әлем таныды. Осы жетістіктердің авторы – Ел­ба­сы, қозғаушы күші – әлемдік дең­гей­дегі көрегендік, энциклопедиялық білім мен қайраткерлік табандылық, ға­лам­дық ауқымда ойлау қабілеті, ұлтты ардақтау мен оған жан-тәнімен қызмет етудің ұлағатты өнегесі. Біз осындай ұдайы өрлеу жолын таңдадық. Ғаламдық даму деңгейіне ба­тыл құлаш ұрған және оның барлық ал­ғышарттарын жасай алған жасампаз­дықты қуаттадық. Бұрын-соңды болып көрмеген, боларына сеніп көрмеген игіліктерге кенелткен ақыл-парасатты қа­дір­ледік. ХХІ сұңғыла ғасырды қазақ­тың алтын ғасыры еткен ұлылықты ардақ­тадық. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбіш­ұлын – сенген елін ырза еткен, төңірегіне мырза еткен тұлғаны таңдадық. * * * Ағылшынның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчиль: «Болашақтың им­периясы – интеллектілік импе­риясы», деген. Интеллектілік дегеніміз – саясат, эко­номика және руханият салаларында жаңа серпінді идеялар табу қабілеті. Көш­­басшылық дегеніміз де осы. Соған орай интеллектілік бәсекеге қабілет­ті­лік жаңа ғасырдың әлемдік ұранына айнал­ған. Италия ғалымы К.Баймон­те­нің па­йым­дауынша, бұл қабілет қазіргі аралас-құраласы көбейген заманда ұлттық өркениетті ғаламдық озық өр­кен­ді идеялармен байыта білумен өл­шенеді. Осы ой зерделене, сараптала келіп, интегрализм және интегратор ұғым­дарын қалып­тастырды. Интегра­тор­д­ың негізгі мұра­ты, Аристотель атап көрсеткендей, мемлекетті әйтеуір ұстап тұру емес, оны бақытты өмірдің қайнарына айналдыру. Ресейлік саясат­тану­шы, ғылым докторы Степан Сулакшин осы интеграторлық қабілетті Нұр­сұл­тан Әбішұлының іс-қызметі арқылы саралай отырып, Қа­зақ­стан Президентін болашаққа үндес­ті­рілген саясаттың саңлағы дейді. Ал осы елдің тағы бір са­рапшысы, академик Ана­толий Спи­цын Елбасының интегратор ретіндегі қа­білетін бір мемлекеттің аясына сый­майтын, әлемдік кеңдіктегі дарынды­лық­қа балайды, оған қазақ қайрат­кері­нің жаһандық жарасымдылық пен еу­ра­зиялық идеяларын дәйек етеді. Бұл ауқымды бастамалар, ең алдымен, Қа­зақ­стан үшін қажет екендігін, Нұр­сұл­тан Назарбаев секілді алғыр саясаткер барлық тараптан, алыстан да, жақын­нан да, бірінші кезекте, өз еліне тиімді жол­дарды іздейтінін, жаһанмен араласа даму арқылы еуропалық деңгейді көз­дей­тінін, бұған оның интеллектілік қабілеті жететінін жан-жақты дәлелдейді. ХХ ғасырдың басында «хартленд» идея­сымен белгілі болған, ағылшын-саксон­дық геосаясат бағытының негізін қалаған Х.Маккиндер қазақ дала­сын «Жер жүрегінің ортаазиялық түйі­ні» деген екен. Осындай географиялық және сая­си артықшылыққа ие мемле­кет­тің бас­шысы барлық мүмкіндіктер бола тұра әлемге құлаш ұрмай қала алмас еді. Мұнымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі атап көрсеткендей, «демократия сырт­қы және ішкі саясатта ортақ ұста­ным­дар жасауға шақырып жатқанда», «ешбір ел бүгінде өз ішінде бір саясат, оның сыртында басқа саясат ұстана ал­майтын кезде», «экономикада бірыңғай әлемдік экономикалық кеңіс­тікке құлшы­ныс күшейгенде» «өз шеңберінде шектелген экономикамен тұйыққа тірелесің». Бұл – ұлттық өркендеу мұраттарын шырқау шыңына жеткізген Прези­денттің біз әлі түгел түсініп үлгер­ме­ген, әлемнің біріге даму мақсатын көксе­ген озық ой­лы өкілдері бізден бұрын жоғары баға­ла­ған жаңа мазмұндағы, тамыры терең идея­сы. Батыстың белгілі ғаламтану­шы­сы С.Хантингтон айтқандай, жаһан­дану түбінде бәрі бір адамзаттық біркелкі өр­ке­ниет құруға әкелетін болса, Жапония­ның Өндіріс университетінің профес­соры К.Ито қайта-қайта дәлелдеп жүр­геніндей, әлемдік жүйе жеке құнды­лық­тан әмбебап құндылыққа ұмтылып жатса, ғаламға талпынбау заулаған уақыт­тың, бір сәтке де кеш қалуды кешірмейтін тағатсыз уақыттың, әр күні әлемдік мәнге ие ғылыми-техникалық ғаламат жаңалықтарға толы уақыттың алдында күнәға батумен бірдей болар еді. Қазақстан қазірдің өзінде Нұрсұл­тан Әбішұлының төрткүл дүниені тү­гел қанаттандырып отырған әлемдік үйле­сім­ділік идеялары арқылы интегратор мемлекетке айналды. Орталық Азияда көшбасшы атанды, Еуропамен үзеңгі қағыстыра бастады. Бұл республика Пре­зидентінің ғаламда, ондағы алдың­ғы қатарлы елдерде оң нәтижесін беріп отырған, дамушы мемлекеттер үшін ауа­дай қажет ұлттық сәйкестік үрдісін сәтті бастап кеткендігінің айғағы. Жаңа астана арқылы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қазақ ұлтының бүкіл рухани әлемін жаңғыртты. Халық тарихи биігіне көте­рілді. Ұлттық серпіліспен бірге ұлт­тық сана оянды. «Ұлттың беделін қайта­рып алдық», деді Президент. «Жаңа астанамен – жаңа ғасырға!», деп қайраттанды ел. Астана әлем төріне айналды. Төрт­күл дүние осы жерде, қазақтың қара- шаңырағында Елбасының төңірегінде табысты. Астана Саммиті ғаламды барша адамзатқа жағымды жарасым­ды­лық­та дамуға шақырды. Өз ішінде сүт­тей ұйыған халық шартарапты ізгілік шапағатымен шырайландырды. Нұрсұлтан Әбішұлы елді дәстүрлі рухани және шаруашылық мәдениеті­нен еу­ро­палық озық өркениетке эволю­ция­лық жолмен, барлық мүмкіндік­тер­ді жасап бере отырып, осылай ұдайы құлшын­дыр­ма­са, жаһанмен өзара тиімді ашық-жарқын байланыс орнатпаса, шетелдер қайрат­кер­л­ері «қазақстандық ғажайып» атап кеткен жойқын табыс­тар­ға жете алмас едік. Осы «қазақ­стан­дық ғажайып­тың» авторы, та­лай­ларға уақыттан тым оза шапқан асы­ғыс па­йымдар болып кө­рінген идеяларды бүгінгі толағай нәти­же­лермен қысқа мерзімде дәйектеп үл­гер­ген Президент ұлтты заманға сай рухтандырудың орасан зор стратегиялық мәні бар екенін тереңнен ойлаған еді. Бұл бағыттағы қадамдар бір сәтке де толастамауын да қарастырды. Философ О.Шпенглер айт­қан­дай, ұлттың рухын көтеру белгілі бір уақыт ағымына ғана тиесілі емес, ол – шексіз орындала беретін парыз. Ал ұлттық рух өтіп кеткен тарихтағы ерліктерді күні-түні дәріптеу­мен асқақ­тамайды, оған жаңа мазмұн мен мұрат тауып беру қажет. Біз қазаққа ғаламға олжа салдырған, бүгінгі қиялдағыны күні ертең алдыр­ған жаһандық деңгейдегі қайраткер ұсы­нып отырған сол мұраттарды қадір­ледік. Адам­­затпен үндесе өркендеу жолын құр­меттедік. Әлем «жақсыда жаттық жоқ» деп жағалай құшақ жаятын, барлық жағы­нан толысқан ұлы ұлтқа айналу мақсатын ардақтадық. Сондықтан да, осындай шың­­ға бастауға бірден-бір қабілетті тұлға Нұрсұлтан Әбішұлын таңдадық. * * * Соңғы жылдары түрлі батыл тү­йін­дерімен белгілі болып жүрген философ әрі саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма әлем­ге Еуропа мен АҚШ үлгі етіп ұсы­нып отырған демократияға балама іздеумен келеді. Ол экономикалық жа­ғы­нан табысты бола бастаған жарты­лай автори­тарлы азиялық жүйеге пейіл береді. Ал демократия дегеніміз, Фукуямадан бұ­рын өмір сүр­ген әлеумет­танушы Рудольф Итс айт­қандай, белгілі бір елге қо­лайлы саясат. Сол саясатты гректің бағ­зы­дағы ғұлама­лары халықты және құдай­ды риза ету жолындағы басқару өнері деген. Қазақстанда, тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған республикада осы өнер­ді, сыны көп, сыры мол өнерді, мем­ле­кеттің тағдыры тәуелді өнерді Нұрсұл­тан Әбішұлындай шебер меңгерген қай­раткер жоқ. Керісінше, саясатты қара базарға шығарып жүргендер баршылық. Асылында қоғамды өзгертемін деушілер сол қоғамды құрайтын халықтың мүддесіне сай өзі де өзгеруі керек. Бүгінгі түрлі ниеттегі «саясатшылар» ұлттың түпкі мұратын емес, бір күндік тұтынушылық қанағатын көбірек күйт­тейді. Барды қылдай бөліп беру, жоқты қас-қағымда тауып беру. Әлде білместіктен, бәлкім біле тұра, сұрапыл демократия селдетіп қоя берсе дейді. Саясаттанушы Ю.Солозобов осы әсіре демократтардың елге ұранын «Әрбір от­басыға бір-бір коттеджден және «Мерседестен» немесе бір кеспе сорпадан деген тақырыптағы популистік қиқулар», дейді. Тауып айтқан. Егер біз сол қызба саясат­шылардың гөй-гөйі­мен ұлттық қорды жан басына таратып берсек, әлемді әлсірете жаздаған дағда­рыс­та тұралайтын едік. Олар ұсын­ған­дай, сыпыра сайлаудың со­ңы­нан кетсек, түрлі жолдармен түрлі билікке жеткен, «бас-басына би болған өң­кей қиқым» елдің құтын қашырар еді. Күректі танымайтын адамның ыр­зы­ғын күрекпен тауып жүрген халық­тың жүрегін тануы неғайбыл. Өмір сүр­мей жатып өмір туралы ақыл айтуға бол­май­ды. Нұрсұлтан Әбішұлы күрек­пен есей­ді, білекпен шыңдалды, маң­дай тердің құнын, қарапайым жұрттың мұраты мен мұңын ұғып ержетті. Оған жағалай елдің қарабайыр өмірі де, ті­лек-талабы да, қа­на­ғаты мен шапағаты да, алыс-жақын ар­маны да мәлім. Ұлты­ның рухынан жа­рал­­ды, ұлт тағылымынан нәрленген ақыл-парасат болып халқына қайта та­рал­ды. Сон­дықтан да, ел әркез Президентті, күш­ті президенттік билікті таң­дады. Ал Президент халықты өркен­де­ту жолында әсіре ұраншылықты емес, тарихи сарапталған, қазіргі заман талаптары­мен көмкерілген, бүгінгі саясат ертеңгі ұстанымдардан адасып қалмайтын, жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнбейтін сара жолды қалады. Батыс­тың технологиялық және демокра­тия­лық үлгілері қазақстан­дық дәстүр­лер­мен суарылған идеология­ны тудырды. Саяси салмағы айқын, қазақстандық демократияның мазмұны іспетті бұл идео­логияны жалаң ұлттық немесе таза ба­тыстық өлшемдермен таразылауға бол­майтыны анық. Ал бізде мұның екеуі де әредікте қара танытып жатады. Нұр­сұлтан Әбішұлы мұндай бағытта­ғы­лар­ды жиырма жыл бойы сабырмен ақи­қатқа шақырып келеді. Алғашқыларға ұлт­тық мәселелерді шешуде әмбебап тә­сіл бол­май­тынын түсіндіре отырып: «Біз дәс­түр­лікті ту еткен қоғамнан қа­зір­гі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әртүрлі мәдениет­тер­дің өзара қақтығы­сына жол бермей, ұлттық дәс­түр­лер мен модерниза­ция­лық қағидалар­дың үйлесім табуын қамтамасыз етудің маңызы зор», деп түпқазық бағытты айқындап та берді. Ал Қазақстанның ба­тыс­тық үлгілерді сол күйінде қабылдай алмайтынын, керісінше, дамыған әлемге қазақстандық мүдде арқылы ену маңыз­ды екенін бүгінде дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Президент өркенді дүниеге кіріге жүріп, ғаламға өзімізді құрметтей­тіні­мізді, мүдделеріміз бен идеалдары­мыз­ды қадірлейтінімізді, саяси-экономи­калық қатынастарда мұны жете ескеретінімізді ұқтырумен келеді, солай жасалып та отыр. Отаныңа құрмет – сол отанға жақсылық сыйлаған тұлғаға құрмет. Елді өрге оздырған адамды қадірлеу арқылы өзіңді қадірлейсің, өйткені, ол халықты көркейте жүріп, сол халықтың бір бөлшегі саған да қызмет етеді. Нұрсұлтан Әбішұлының жүрек жы­луын әр қазақстандық сезеді. Кемең­герлігіне қарапайымдылығы, қиядан шалар қалың ойына орнын тауып айтар әдемі әзілі жарасқан, үлкенге ізеті, кішіге ілтифаты дайын тұлға халқымен баяғыда астасып кеткен. «Рухқа да, тіріге де бар жанымен беріліп қызмет көрсететін мұндай халық: ер мінезді, ақ көңілді, қолы ашық халық дүние жүзінен табыла қояр ма екен?! – дейді Елбасы. Туған халқын, ұлан-ғайыр қазақ даласының иесі – қалың елін бүкіл бітім-болмысымен құлай сүйген, сол бай­тақтың киесіне айналған Нұрсұл­тан Әбішұлындай қайраткер де туа бермес. Елін қайрап асыл еткен, жігерін жасын еткен сол заңғардың қадірін білу – ұлттық парыз. Біз халық пен Президенттің қауырт та жарқын жылдарда орныққан өзара сенімін қастерледік. Дархан елдің Ұлт Көшбасшысына арналған ерекше құрметін қадірледік. Сондықтан да, мәңгілік елдің дәуірлік тұлғасын – Нұрсұлтан Әбішұлын қолдадық. Алдан СМАЙЫЛ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.