Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына қазақстандықтардан өздерінің қуаныштары мен проблемаларын бөлісіп, мемлекеттік мерекелермен құттықтап, Ұлт көшбасшысының Қазақстанды гүлдендіруге, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған аса үздік қызметін атап өткен көптеген хаттар күн сайын келіп жатады.
Сондай хаттың бірі Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы мен интеллигенция өкілдерінен келді.
«Біз, көпұлтты Қазақстан халқының туысқан отбасында көптен өмір сүріп келе жатқан ұйғырлар, әлі күнге дейін 2002 жылы, Сіз – біздің Президентіміз, Ұлт көшбасшысы өзіңіз келіп күрделі жөндеуден кейін ұйғыр театрын ашқан жарқын күнді қуанышпен еске аламыз.
Бұл әлемдегі ШҰАА-дан тыс жердегі жалғыз кәсіби ұйғыр театры. Ол – біздің мақтанышымыз, біздің өнер ордамыз. Онда біздің мәдениетіміздің, тіліміз бен рухани байлығымыздың жаңа деңгейге көтеріліп, сақталуы үшін қолдарынан келгенін жасаған ұйғыр халқының талантты ұлдары жұмыс істеді. Олар бізге Отанды сүюді, адамдарды құрметтеуді, үлкенді сыйлап, өз салт-дәстүрімізді сақтауды өсиет етіп қалдырды.
Театрды ұйғыр халқының көрнекті ұлы және КСРО халық әртісі Құддыс Қожамьяровтың ұсынуымен тағайындалған Мұрат Ахмадиев 25 жылға жуық уақыт басқарды. Бұл біздің театрдың өркендеген жылдары болды: репертуар байыды, келешегі бар мамандар оралды, ұжым халықаралық деңгейде танылды. 2005 жылы театрдың 70 жылдығы қарсаңында Сіз өз Жарлығыңызбен театрға Қ.Қожамьяровтың есімін бердіңіз. Осы үшін Сізге шексіз ризамыз», деп жазады Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының төрағасы А.Шардинов, профессор, республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі А.Қадыров, жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр секциясының төрағасы А.Аширов, «Уйғур авази» республикалық газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ю.Азаматов, Қазақстан ұйғырлары қауымдастығының төрағасы Т.Маметова, Республикалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Мақсұтов, ұйғыр тілін оқытатын мектеп қауымдастығының төрағасы, №153 мектеп-гимназияның директоры, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Ш.Умаров және т.б.
Сонымен қатар, бұл үндеу хатта театр басшылығының кадр жөніндегі шешіміне қолдау білдірілген.
«Ұйғыр театрының директоры қызметіне жақында осы ұжымда 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Саутжан Сонуров тағайындалды. Осы жылдар ішінде ол көптеген рөлдерде ойнады, көптеген қойылымдарды қоюға атсалысты, театр тобына жетекшілік жасады. Ол театрды жақсы біледі және оны кез келген деңгейге лайықты алып шыға алады. Театр қызметкерлері (102 адам) жаңа басшыға өз қолдауларын білдірді. Ұйғыр интеллигенциясы, ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының активі бұл шешімді толық қолдайды», делінген хатта.
Үндеу хаттың авторлары Мемлекет басшысын елорда күнімен құттықтаған.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді әрбір қазақстандық көздің қарашығындай сақтай біліп, нығайтуы қажеттігін әрдайым айтып келесіз. Сіздің Қазақстанда ғана емес, Еуразияда, ислам мен түркі әлемінде келісім мен тұрақтылықты нығайту ісіндегі көпқырлы қызметіңізді күллі әлем біледі.
Бізге және біздің мәдениетімізге үнемі көрсетіп келе жатқан қамқорлығыңыз үшін өзіміздің шынайы әрі зор ризашылығымызды білдіре отырып, әсем Астанамыз – елорда күні қарсаңында, Сіздің орасан зор қызметіңізге табыс, сәттілік және Қазақстан халқының бақыты жолында ұзақ ғұмыр тілейміз!», делінген хатта.