Өткен жексенбіде Астана күні мерекесінің мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында «Астана-Бәйтерек» монументі жанында Қазақстан суретшілерінің республикалық симпозиумы өз жұмысын бастады.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық шежіресінде еліміздің экономикасы, білімі мен ғылымы, өнері мен мәдениеті ғарышты қарқынмен дамыды. Жаңа астананың бүгінгі баламасыз сәні мен сәулетіне Суретшілер одағы шығармашылық ұжымының қосқан үлесі мол. Қаладағы «Қазақ Елі», «Жер Ана» ескерткіш-монументтері, «Арай» этносаябағындағы мүсіндік жобалар, Абай, Бөгенбай, Жәнібек пен Керей, Сәкен Сейфуллин ескерткіштері қала бойынша ландшафтық декоративтік пішіндер, Ақорда, Салтанат сарайы, Мәжіліс, Үкімет үйі, әкімшілік ғимараттары интерьерлері қазақстандық суретшілердің кескіндеме туындыларымен безендірілсе, «Думан» ойын-сауық орталығының, «Джунгли» аттракционының, көркем-декоративті жұмыстары толығымен Астана қаласы суретшілерінің қолынан шыққан. Ал мұндай ауқымды шаралардың іс жүзіне асуы суретшілерге деген мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен сенім екендігі сөзсіз.
Бейнелеу өнері бойынша әлемде симпозиумдар мен түрлі форумдар ұдайы ұйымдастырылып отырады. Осы жылдың өзінде 330-дан аса маңызды симпозиумдар, конференциялар, көрмелер мен форумдар өткізу ісі жоспарланған. Сол шаралардың бірегейі – Қазақстан суретшілерінің республикалық симпозиумы. Оны өткізудегі басты мақсат – бейнелеу өнерін насихаттау, қала тұрғындары мен қонақтарын республикамыздың барлық облыстарынан келген суретшілер шығармашылығымен таныстыру, суретшілер арасында тәжірибе алмастыру.
Еліміздің 14 облысынан келген 22 қылқалам шеберлері қатысқан симпозиумда Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім: «Адам өмірге келгенде әсемдікке құштар болады ғой. Бірақ, өсе келе сол әсемдікке құштар қасиетті өз бойында сақтай алады ма? Көп жағдайда сақтай алмай қаламыз. Сол бір жақсы дағдыны бойында ұстап қалатын адамдардың тобын суреткерлер құрайды. Сондықтан да біз сіздерге бас иеміз», – десе, Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков: «Астана қаласының әкімшілігі, Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отырған осынау шараның маңызы өте зор. Қолға алынып отырған жаңа бастаманың аяғы керемет шараларға ұласады деп ойлаймын. Мұндай ізгі бастамалар мәдениеттің дамуына ықпал ететін бірден-бір сара жол», – деді.
Суретшілер одағының шығармашылық ұжымы халықаралық, республикалық деңгейдегі көрмелерге, байқауларға, сондай-ақ симпозиумдарға қатысып, ел мәдениетін шет елдерге танытып, абыроймен еңбек етуде. Бұл ретте, Астана қаласы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Қоңыр Мұхамедиев 2007 жылы Астанада әлемнің 12 мемлекетінен шақырылған халықаралық танымал суретшілер симпозиумы өткендігін айта келе: «Бүгін Тәуелсіз Қазақстанның барлық облыстарынан шақырылған бейнелеу өнерінің белгілі қайраткерлерінің басын қосып, шалғайдағы суретшілеріміздің өнерімен Астана жұртшылығын, қала қонақтарын таныстырып, дүбірлі мерекеміздің тамаша бір бөлігі ретінде ұйымдастырып отырмыз», – деп атап көрсетті. Симпозиумға қатысушы әріптестерінің жұмыстарына шығармашылық табыс, мерекелік көңіл-күй тіледі.
Симпозиумға қатысушы суретшілердің бір тобы «Бәйтерек» монументі жанындағы сулы-жасыл аймақта шеберлік мектебін өткізсе, екінші топ Есіл өзені жағасындағы «Астана көріністері» атты пленарлық жұмыстарға қатысты. 4-ші шілде күні аталған екі топ орын ауыстырды. 5-ші шілдеде қылқалам шеберлері «Тәуелсіздік жылдарындағы бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты шеберлік мектебін ұйымдастырса, Астана күні мерекесі аталатын 6-шы шілдеде симпозиумның салтанатты жабылу рәсімі өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, шеберлік сыныбы конкурсы аясында суретшілерге ақшалай сыйлықтар тапсырылатын болады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.