Астана күні қарсаңында елорданың жарқын келбеті бұрынғысынан да сымбатты болып, арайлана түсті. Қаланың көгінде тек әсем әуендер тербеліп, шаттықтың шалқымасы шертіледі. Мұңайып, қабағы түскен адамды мүлдем кездестірмейсіз. Бәрінің көңіл аспаны күлімсіреумен өзінше бір таң-тамаша дүние. Өйткені, мереке аясында елордалықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын көптеген іс-шаралар бар. Солардың бірі 3-5 шілде аралығында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында болған түркі әуендерінің «Астана – Арқау» фестивалі еді.
Осымен төрт жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Астана – Арқау» фестивалі Астанадағы түркі өркениеті халықтары өкілдерінің басқосуымен ерекшеленеді. Оның үстіне жаһандану үрдісіне байланысты соңғы уақыттарда түркі әуендерінің әлемдік сахнада аз орындалып бара жатқаны ескеріліп, мұндай ортақ мұрасы бар елдердің әндері бірге шырқалып жатқаны сондай бір жарасым тапқандай көрінеді.
Тарихпен жалғасқан ортақ түрік мәдениетіндегі әр түрлі стиль мен мазмұн, орындаушылардың шеберлігі,
ХХ ғасырдағы исламдық өркениеттің тербелу ырғағы, осылардың бәрі ұлтаралық мәдениет сабақтастығының бір көрінісі болып қала бермек. Фестиваль барысында аты әлемге мәшһүр әншілер орындаған түркі халықтарының әуендері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Батыс пен Шығыс тыңдармандарын таңғалдыратын және жоғары бағаланатын діни әндер, шаңқобызға арналған үздік өнер композициясы, көмекеймен ән айту, эпикалық және аспаптық композициялар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір, түркілердің лирикалық әндері, алуан стильдегі және мазмұндағы әуендер орындалды. Түрлі ұлт өкілдерінің түркі мәдениетіне лайықталған ұлттық әуендерін тыңдағанда, көрермендердің бәрі рухани тұрғыдан ерекше жігерленгені анық. Бүгінгі таңда адамзаттың классикалық мұрасы ретінде мойындалған ұлттық эпос жанрындағы әуендер тыңдаушыларды рухани ләззаттандыратыны да сондықтан.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.