Қазір Еуропа елдерінде футбол чемпионаттары бастала қойған жоқ. Есесіне Қазақстанның премьер-лигасындағы ойындар қыза түсуде.
Соңғы күндері командалардың көбі ауыс-түйістер жасап, қатарларын біршама күшейтіп алуға барын салып жатыр. «Астана» командасына «Ертістен» қорғаушы Максим Жалмағамбетов, Анатолий Дорош, осы кезге дейін Израильдің «Маккаби П-Т» клубында ойнаған серб Небойша Маринкович келді. Осылардың ішінде Дорошқа тоқталар болсақ, ол – Молдова құрамасының 28 жастағы форварды. Осы кезге дейін бұл футболшы премьер-лигада 15 ойын өткізіп, 4 голдың авторы атанды. Сол сияқты Қазақстан Кубогы үшін болған матчтарда тағы 3 доп соқты. Ал «Астанадан» «Шахтерге» Александр Киров, Дмитрий Шомко, Иван Шевченко мен Ұлан Қонысбаев ауысты. Киров осы кезге дейін еліміздегі 8 команданың жейдесін ауыстырып үлгеріпті. 26 жастағы ойыншы биылғы маусымда астаналықтар қатарында 8 рет алаңға шықса, 12 рет Қазақстан құрамасында ойнаған. Ал соңғы үшеуі қарағандылық командаға жалдық негізде берілді.
«Ақтөбенің» қатарын Қызылордадан қақпашы Арслан Сатыбалдин мен серб Владимир Джилас толықтырды. Джилас Сербияның «Ягодина» клубында ойнаған. Командадан Алан Боно, Данияр Мұқанов, Сергей Бойченко, испан Хуан Безарес кетуге шешім қабылдады. Биылғы чемпионатта жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Талдықорғанның «Жетісу» командасы да қатарын мықты ойыншылармен толықтыруды мақсат етуде. Жақында «Жетісуға» сербиялық жартылай қорғаушы Марко Джалович келді. Ал словениялық Дарко Кременович клуб ауыстыруға мәжбүр болды. «Шахтерге» «Астанадан» ауысқан төрт ойыншымен бірге «Светкависта» (Болгария) клубының шабуылшысы Василь Калоянов келді. Ал командадан «Востокқа» жалдық негізде Вячеслав Эрбес ауысса, Данияр Жанкин, Жандасыл Рымхан, Марғұлан Еріков сияқты ойыншылар біржолата кетті.
Павлодарлық команданың басшылары қорғаушы Максим Жалмағамбетовтің «Астана» клубына ауысып кетуіне байланысты қорғаныс шебінде орын алған олқылықты словен футболшысы Марко Балажичпен толтыруға шешім қабылдады. Бойы 194 см. келетін бұл қорғаушы жаттықтырушылар назарына қысқы сұрыптау кезінде іліккен екен. Бірақ жеме-жемге келгенде, олар легионерлер үшін қалған жалғыз вакансияны молдован Анатолий Дорошқа пайдаланғанды жөн көріпті. Сөйте тұра, команданың бас жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов содан бері словен жігітін ұдайы бақылауында ұстап отырыпты. Енді мүмкіндік туған бойда оны қатарға шақырған. Команда тағы «Ордабасыдағы» Ұлықбек Бакаевпен және «Тобылдағы» Алексей Данаевпен келісім-шарт жасасты. Ал «Ордабасының» сапы «Тарланның» екі ойыншысы Бекзат Бейсенов және Мардан Төлебекпен толықты.
Былтырғы ел чемпионы «Тобылға» ресейлік бас бапкер Сергей Петренкомен бірге Молдованың «Рапид» клубынан Максим Француз, Дмитрий Богдан («Қайсар») мен Бауыржан Жолшиев («Атырау») келді. Сол сияқты «Атыраудың» бұрынғы ойыншысы Владимир Яковлев, Данило Белич («Астана»), Иван Манче («Маккаби П-Т», Израиль) мен Милош Адамович («Шериф», Молдова) «Тараз» үшін ойнауға келісім берді. «Атыраудың қатары да бірнеше ойыншымен толыққанын атап өтуге болады. «Таразда» өнер көрсеткен Бауыржан Байтана, Владимир Сидельников («Восток»), Данияр Мұқанов («Ақтөбе»), Санат Шалекенов («Ақжайық»), Олег Сабировпен бірге Кувейттің «Әл-Сальмия» клубынан голланд Сильвио Комвалиус ауысты. Алматының «Қайраты» да қатарын күшейтуге ұмтылу үстінде. Ағылшын бапкері Джон Грегори командаға өзімен бірге бразилиялық Жозе Тадеу Мартинс, израильдік Йосси Шекель мен «Ертістен» Алексей Шакинді алып келді.
Ал Тимур Байжанов «Қайсардың» қанасына шақ келді. Таяуда ғана Павлодардың «Ертісінен» Сыр бойындағы бас қала командасына ауысып келген Тимур Байжанов есімді жас футболшы алғашқы ойынынан жаттықтырушылардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шықты. Ол өзінің бұрынғы командасымен ойынның алғашқы минуттарында гол соғып, қызылордалықтардың жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Тимур Байжанов – Павлодар футболының түлегі. Бұған дейін бірінші лигадағы «Қазақмыс» командасында ойнаған. Ал «Қайсар» сапына «Ертістің» қосалқы құрамында ойнап жүрген жерінен алынған. «Қайсарға» Байжановпен бірге Азиз Анарметов («Тараз»), қақпашы Жасур Нарзикулов («Машъял», Өзбекстан) Игорь Малыш («Закарпатье») және бас бапкерлікке Владимир Линчевский алынды. «Восток» клубына бұған дейін Киевтің «Динамо», Днепропетровскінің «Днепр» және Кривой Рогтың «Кривбасс» командаларының намысын қорғаған белгілі қақпашы Вячеслав Керзоненко келді. Ол Өскеменнің командасына қақпашылар жаттықтырушысы болып орналасты. Оны өз жаттықтырушылық штабына украиналық маман Александр Голоколосов шақырған көрінеді. Ойыншылардан командаға Александр Згура («Прикарпатье», Украина) Антон Молтусинов («Астана-64») пен Вячеслав Эрбес («Шахтер») қосылды.
Дастан КЕНЖАЛИН.