05 Шілде, 2011

«Ақ жол» мен «Атамекен»: Түпкі мақсаттары бір

822 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сенбі күні Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында «Ақ жол» демократиялық партиясының VІІІ съезі болды. Оның жұмысына бұл жолғы қызығушылық басқа уақыттардағыдан ерекше болды десек, артық айт­қан­дық емес. Өйткені, осыдан бір күн ғана бұрын «Ақ жолдың» көшбасшысы Әлихан Байменов мемлекеттік қыз­метке ауысып, Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы қызметіне та­ғайын­далған болатын. Енді партияның жаңа басшысы кім болар екен деген әуестік біраз адамдардың, соның ішінде БАҚ өкілдерінің де назарын өзіне аударған еді. «Ақ жол» демократиялық партиясы – сындарлы оппозициялық бағыттағы партия. Ол елімізде жүр­гі­зіліп жатқан қоғамдық-саяси және экономикалық ре­формаларды сын тезіне алып отырса да, оның жетістіктері туралы да дұрыс баға бере білген саяси күш. Оның саяси кредосы: «Соқыр ғана жетістікті, енжар ғана проблемаларды көрмейді» деген ұран болды. Ұзақ жылдардан бері «Ақ жол» ДП лидері болған Әлихан Байменов өзінің бір сөзінде партия мүшелеріне: «Біз Қазақстанның мүддесін ұмытпай, билікті соған сәйкес қолдайтын жерді және сынайтын жерді айыра білуіміз керек», деген еді. Ал өзінің жеке басының ұстанымы туралы айтқанда ол: «Мен үшін ең басты құндылық тәуелсіздік және қазақ мүддесі. Менімен мемлекеттік қызметте де, қоғамдық-саяси жұмыста да бірге бол­ғандар менің әрдайым осы идея мен құндылықты басшылыққа алатынымды біледі. Байлық пен мансап, шен мен шекпен мені қызықтырған емес», деген еді өзінің сұхбаттарының бірінде. Съезде сөйлеген сөзінде Әлихан Байменов бүгінгі күні Қазақстанның алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Экономиканы жаңғырту және бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену – біздің айнымас бағдарымыз. Біздің республикамыз әлемнің жаңа тарихында өзінің лайықты орнын алды деп айта аламыз. Алайда, осыны түсіне отырып біздің халқымыз өзінің ұлттық мүддесін, басым­дықтарын әрқашанда қаперден шығармағаны жөн. Президент Н.Назар­баев­тың дұрыс саясаты мен хал­қымыздың шыдамдылы­ғының арқасында біз тұрақты дамуды қамтамасыз ете алдық. Ақжолдықтар Тәуел­сіздіктің 20 жылында еліміздің биік табыстарға жеткенін біледі. Сонымен бірге, біздің партия да жаңа белестерге жетіп отыр, ол қазір өзін қалыптасқан демократиялық күш деп айта алады. Осынау жылдарда «Ақ жол» елімізді тұрақты даму жолына бастайтын идеяларды ғана ұсынып келді. Біз «урапатриот» болған жоқпыз, керісінше, қазақ­стандық­тардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау көруіне көңіл бөлдік. Бүгінгі күні партияның алдында өзінің қатарын халықтың әлеуметтік белсенді тобынан мүше тарту арқылы толықтыру міндеті тұр, деді ол. Одан әрі төраға экономикалық белсенді адамдар кәсіпкерлер тобы екенін айта келіп, олардың атына бір­қатар жақсы лебіздер білдірді. Олар өздерінің мүддесін қорғауды үйренді, түрлі одақтар мен ассоциациялар төңірегіне топтасуды да білікті жүргізетін болды. Қазір олар, біртіндеп, қоғамдық-кәсіби дең­гейден асып, енді өздерінің мүддесін саяси партия арқылы өкілетті органда қорғай алатын дәрежеге жетті, деді Ә.Байменов. Сон­дай-ақ ол бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлердің мүддесін қорғап келген «Атамекен» ҰЭП төрағасы Азат Перуа­шевтің осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Ақ жол» ДП қатарына өткісі келетінін және оны қабылдай отырып, төрағалыққа ұсынатынын айтты. Сонымен, «Ақ жол» ҚДП-ның жаңа төрағасы бо­лып Азат Перуашев бірауыздан сайланды, ал Әлихан Байменовті съезд партия төрағалығынан құрметпен босатты. Азат Перуашев – саяси партияда бұрын да лидер болған тәжірибелі саясаткер. Оның «Азаматтық пар­тиясы» өзі типтес «Аграрлық партия» бәрі «Нұр Отан» ХДП-мен біріккен уақыттан бері Азат Перуашев партия саяси бюросының мүшесі болатын. Маусымның 1-інде ол «Нұр Отан» ХДП қатарынан және оның саяси бюросы құрамынан өз еркімен шықты. Енді ол сын­дарлы оппозициялық бағыт ұстанатын партияны басқарғалы отыр. «Ақ жол» ДП-ның съезінде сөйлеген алғашқы сөзінде А.Перуашев алдағы болатын парламенттік сайлауда партия дауыс берушілердің 20 пайыздық үлесін алуға ұмтылатынын мәлімдеді. Біз осы нәтижені бетке алып жұмыс істейтін боламыз. «Ақ жол» партиясының халық арасындағы танымалдығы мен ұстанған жо­лының айқындығына қарағанда, бұл еңсеруге әбден болатын меже, деді ол. «Ақ жолдың» болашағы туралы айтқанда, жаңа төраға оның ұстанған бағытынан айнымайтынын, яғни сындарлы оппозициялық күш болып қала беретінін жеткізді. Бізде пікір алуандығы болуы аса маңызды. Парламентке өтетін болсақ, біз оның жұмысына өзіміздің тың пікірлерімізбен, сын­дарлы ұсыныстарымызбен жан кіргізер едік, деді ол. Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы кейбіреулерге жеке өздерінің саяси шамшылдығын қанағаттандыруды көздеу үшін қолданатын ұйым емес, тек шындықты айта алатын партия болатынын және сол арқылы басқалардан ерекшеленетін саяси күш екенін атап өтті. Съезден соң «Ақ жол» демократиялық партиясы­ның жаңа төрағасы журналистердің көптеген сұрақ­тарына жауап берді. Алдымен ол өзін төрағалыққа сайлаған партия делегаттарына ризашылығын білдірді. Менің бұл шешімге келуіме себеп болған «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасындағы жұмысым болды, деп бастады ол өзінің журналистерге жасаған мәлім­демесін. Мен кәсіпкерлердің мүддесін заң шығару органының мүшесі болмасаң қорғау өте қиын екеніне көзім әбден жетті. Қазір депутаттар заңды әзірлейтін органдармен ғана санасып, мүдделі жақтардың ұсынысы мен пікірлерін есепке алмайды. Осының салдарынан қабылданған көптеген заңдар кәсіпкерлікті қолдауды емес, оның қолын байлауға соғып жатады. Сондықтан да жақтастарыммен ақылдаса отырып, «Ақ жол» партиясына өтуді, сосын Парламенттегі депу­таттық орындар үшін күресуді мұрат тұтып отырмын. Сайып келгендегі біздің мақсат – еліміздегі кәсіп­керлікті дамыту және оны бәсекелестікке қабілетті деңгейге жеткізу. Ұлттық экономикалық палатаның төрағасы қыз­метінен енді кететін шығарсыз деген сұраққа Азат Перуашев бұлтара жауап берді. Әрине, деді ол, саяси және экономикалық екі құрылымды қатар басқару оңай емес, мен көп станокта қатар істей беретін жұмысшы емеспін ғой. Бұл мәселе үстіміздегі жылы болатын палатаның конгресінде шешіледі. Осылай деген ол оған дейін екі жұмысты қатар атқаратынын айтты. Журналистердің «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы «Ақ жол» демократиялық партиясымен бірігуі мүмкін бе деген сұрағына Азат Перуашев мұн­дайдың мүмкін еместігін көлденең тартты. «Атамекен» эко­номикалық құрылым ретінде өзінің тетіктері арқылы кә­сіпкерлердің мүддесін жақтаумен айналы­сады. Ал «Ақ жол» партия ретінде Парламентте кәсіп­керлікті қол­дауды саяси жолмен атқаратын болады, деді ол. Ал кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының жаңа төрағасы Азат Перуашев журналистермен бас­пасөз мәслихатын өткізіп, өзінің саяси партияда ұста­натын бағдарын, «Ақ жолдың» жақын болашақтағы стратегиясы мен тактикасы қандай болмағын айтып берді. Ол бұрынғыша сындарлы оппозициялық бағыт ұстанатынын атап көрсете келіп, қоғамда барлық ха­лыққа естілетін үні бар баламалы пікірлердің болуы қажеттігін жария етті. Жақсыбай САМРАТ.