06 Шілде, 2011

Қалтқысыз көңіл, жақсарған өмір

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміз егемендік алғалы тәуел­сіздік тұғыры бекіп, экономикалық жағдайымыз жыл сайын жақсарып, тұрмысымыз түзеліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендік­тің елең-алаңында: «Алдымен эконо­мика, содан кейін барып саясат», деген сарабдал саясаты мен ұлағатты ұста­ны­мы өз жемісін беріп отырға­нын барша қазақстандық айқын сезінуде. Соның нәтижесінде ел эконо­ми­касы әлемдік қаржы дағдарысы жағ­да­йын­да да ілгерілеудің ілкімді қа­дамдарын жасауда. Елбасы халық­тың аз қам­тылған тобын әлеуметтік қорғауға айрықша көңіл бөліп жүр. Сондай-ақ, зейнетақы мен шәкірта­қыны, бюджеттік мекеме қызметкер­лерінің ең­бекақысын тұрақты өсіруді жүйелі жүргізуде. Бұл халықтың ер­теңгі күн­ге деген сенімін нығай­тып, тұрмысы түзелуіне, денсаулығы мық­ты ұрпақ өсіруіне алғышарт жасауда. Бұрынғы ТМД елдері арасында бірде-бір мем­лекеттің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты мұндай әлеуметтік жағдай жасай алмай отырғаны шын­дық. Мұны біз ұстаздар қауымы да айқын сезінудеміз. Елбасы биылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында «Үсті­міздегі жылы біз зей­нет­ақылар мен стипендиялар көле­мін, бюджеттік сала қызмет­керлерінің еңбекақыларын 30 пайызға өсіреміз» деген болатын. Сөзі мен ісінде алшақ­тық болмайтын Елбасы уәдесінде тұрды. Біз әлемдік қаржы дағдары­сы­нан толық шығып болмаған жағдайда осындай әлеумет­тік қолдау жасап отырған Елбасының тегеурінді іс-әрекетіне ризамыз. Бұ­рынғы жыл­дары оларды 25 пайызға ғана ұл­ғайтып келген Үкіметтің мұн­дай қадамға баруы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның небір әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді өзіндік ой-тұжы­рыммен шешетінінің дәлелі болса керек. Мыңдаған адамдар мен отбасы­лары осы қалтқысыз қамқор­лық­тың игілігін көруде. Еліміздің ертеңі бүгінгі мектеп қабырғасында білім алып, тәрбие­леніп жатқан балалар екені белгілі. Ал, білім негізі бастауыш сыныптарда қалана­ты­ны да шындық. Сондықтан да мұға­лімге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мен өзім ұстаздар отба­сында өскен­діктен, мұғалімдік маман­дықты таңда­дым. Оған қазір ешқан­дай өкінбеймін. Он төрт жылдан бері бастауыш сы­ныптарды оқытамын, жоғары санатты мұға­ліммін. Қазіргі алып жүрген еңбек­ақымыз да салыс­тыра қарағанда, жерге қарайтындай емес, шүкіршілік бола­тын. Енді оған шілдеден бастап 30 пайыз қосылды. Бұл Елбасының ұстаз­дар­дың, дәрігер­лер­дің, басқа да бюджеттік сала қызмет­керлерінің еңбегін бағалау деп білемін. Бізге алаңсыз жұ­мыс істеуге барлық жағдай жасалуда. Біздің облыста бұдан басқа да ынталандыру шаралары жүзеге асы­ры­лып келеді. Жыл сайын 500 мұға­лімге 100 мың теңге көлемінде облыс әкі­мінің ақшалай сыйлығы беріледі. Биыл шәкірттерім үшінші сыныпты аяқтады. Енді осы облыс әкімінің сыйлығы үшін байқауға қатысуға дайындалып жа­тыр­мын. Осындай әлемдік қаржы дағдарысы етектен тарт­қан күрделі кезеңде де еңбек­ақымызды 30 пайыз өсіруге дем берген Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына алғыстан басқа ай­тарымыз жоқ. Мұның өзі бізден өзіміз еңбек етіп жатқан салада ізденіспен жұмыс істеуді талап етеді, білімді де саналы шәкірт тәрбиелеуге міндеттейді. Бұл бір ғана менің пікірім емес, мыңдаған әріптестерімнің ақжарылқап тілегі екені сөзсіз. Жанаргүл МАҒЗЫМОВА, № 40 қазақ орта мектебінің мұғалімі. Ақтөбе.